Аймақтар • 28 Қазан, 2022

Екібастұздағы қоныс той

483 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Республика күніне орай Екібастұзда көпбалалы және толық емес отбасылар қуанышқа кенелді. Жаңадан салынған тұрғын үйден 108 отбасыға пәтер кілттері табыс етіліп, қоныс тойы тойланды.

Екібастұздағы қоныс той

Кеншілер қаласында «Нұрлы жер» тұрғын үй-коммуналдық даму бағдарламасы және 2025 жылға дейінгі қаланың кешенді даму жос­пары аясында баспана құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Соның бір айғағы – ұлттық мерекеге орай игілікке берілген тұрғын үй. Биыл 21-шағын ауданда 180 пәтерлі екі тұрғын үй тапсырылып, 144 пәтерлі екі үйдің құрылысы жалғасуда. 108 отбасыға бұйырған жаңа пәтерлердің кілтін облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов өзі табыс етті. Қуанышқа кенелгендер қатарында көпбалалы аналар, жетімдер, әлеуметтік жағынан аз қамтылғандар бар.

«Екібастұздың кешенді даму бағдарламасы, оның ішінде тұрғын үй құрылысы жалғасын табады. Кейінгі үш жылда Екібастұзда 16 көпқабатты үй салынды, тіпті бүтін бір шағын аудан бой көтерді», деп атап өтті аймақ басшысы.

Баспаналы болғандардың бірі – көпбалалы ана Айдана Мұха­ме­диянова. Төрт баланы жалғыз асырап отырған оған облыс әкімі тұрмыстық техника сатып алуға сертификат табыс етті. «Тарихи ме­­рекеде бұл біз үшін айтулы күн болды. Президент пен облыс басшылығының қолдауымен жүз­­деген отбасы баспаналы болды. Қуа­нышымызды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес», дейді көп­ба­лалы ана.

Айтпақшы, Екібастұзда Респуб­ли­ка күніне орай жылдар бойы іс­темеген балабақша да іске қосылды. 15 жыл бойы қаңырап бос тұрған ғимарат 2 мен 5 жас аралығындағы балаларға лайықталған. Ғимарат іші толығымен жаңартылып, заманауи құрал-жабдықтармен, жиһазбен қамтылған. Жаңарту жұмыстарына жалпы сомасы 719,5 млн теңге жұмсалыпты. Екі қабатты ғимаратта 12 жатын бөлме, медициналық және азық-түлік блоктары, кір жуу бөлмесі, музыкалық зал, психолог және логопед кабинеттері, жылытылатын бассейн бар.

Қалалық білім беру бөлімінің мә­лі­метіне сүйенсек, бүгінде ша­һар­да 1 мен 3 жас аралығындағы 2 мың бала балабақша кезегінде тұр. 3 пен 6 жас аралығындағы балалар толықтай мектепалды біліммен қамтылған.

 

Павлодар облысы,

Екібастұз қаласы