Үкімет • 27 Қазан, 2022

Рақымшылықтың жауапкершілігі бар

226 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Депутаттар жиын барысында екі заң жобасын қабылдады. Атап айтқанда, Парламент депутаттары бастамашылдық жасаған «Рақымшылық жасау туралы» құжат талқыланды.

Рақымшылықтың жауапкершілігі бар

Құжатта қазақстандықтарды қыл­­мыстық теріс қылықтары мен ауыр­лығы аз және орташа қылмыстары үшін жазадан босатуды көздейтін нормалар жазылған. Мұндай қылмыстар үшін жазасын өтегендерден соттылығы алынады. Ауыр және аса ауыр қылмыс жаса­ған­дарға: ауыр қылмыстар үшін – сот таға­йындаған мерзім төрттен үшке, ал аса ауыр қылмыстар үшін жартысына қысқарады. Бұдан басқа, заңда босатылатын адамдарды қайта әлеуметтендіру, яғни жұмысқа орналастыру, медициналық көмек көрсету және құжаттарды ресімдеу шаралары қарастырылған. Бұл ретте азап­таумен айналысқандар, террорис­тер, экстремистер, рецидивистер және тәр­тіпсіздіктерді ұйымдастырушылар рақым­шылыққа жатпайтынын атап өткен жөн.

«Ұсынып отырған заң жобасы – қаңтар оқиғасы кезінде жасалған қылмыстар бойынша жауапқа тартылатын адамдарға мемлекет пен қоғам тарапынан гуманизм мен мейірімділік актісі. Тергеу органдары қаңтар оқиғасы кезінде қылмыстық құқық бұзушылық жасаған 1 600-дей адамды анықтап, жауапқа тартқан. Соның ішінде 1 112 адамға сот үкімі шығарылды. Басқаларының істері тергеу сатысында. Рақымшылық сотта да, тергеуде де қолданылады.

Енді Заң жобасының негізгі ере­желеріне тоқталып өтейін. Жасалған қыл­мыстардың нақты уақыт аралығы және рақымшылыққа іліккен азаматтар тобы белгіленді. Заң жобасы теріс қылық, ауырлығы төмен және орташа қылмыс жасағандарды жазадан толық босатуды көздейді. Ал жазасын өтеп шыққандардан соттылық алынады. Алайда бұл шараны қылмыс жасағандарды ақтау немесе кінәсіз деп тану ретінде түсінуге болмайды. Бұл шара – қаңтар оқиғасына қаты­сушыларды жазадан босату туралы Президенттің шешімі», деді заң жобасы жөнінде баяндама жасаған сенатор Ләззат Сүлеймен.

Бұдан бөлек, ауыр және аса ауыр қыл­мыстарды жасағандарға жаза мер­зім­дерін қысқарту көзделген. Мәселен, ауыр қылмыстар үшін сот тағайындаған мерзімнің төрттен үш бөлігі, ал аса ауыр қылмыстар үшін мерзімінің жартысы қысқарады. Егер сотталған тұлғаның жаза­ны өтеу мерзімі бір жылдан аз болса, онда ол толықтай жазаны өтеуден боса­тылады.

«Жалпы рақымшылық мың жарымнан астам адамды қамтиды. Негізінен олар – заңсыз үгіт-насихатқа еріп, ұрлық, бүлік, өртеу жасағандар. Бұл тұлға­ларға жазаның неғұрлым жеңіл түрі қарас­тырылған. Яғни гуманизм қағидасы қылмыс жасаған адамдарға осыған дейін де қолданылды. Сонымен қатар заң жобасында босатылатын адамдарды әлеуметтендіру көзделеді. Бұл бағытта уәкілетті органдардың бұрын өткізілген рақымшылықтар барысында жинақтаған тәжірибесі бар. Соған сәйкес тиісті жұмыс атқарылады», деді Л.Сүлеймен.

Заң жобасының өз ерекшеліктері де бар. Бұрын болған рақымшылық кезінде айыпталушы міндетті түрде келтірілген шығынды өтеуге тиіс еді. Бұл жолы келтірілген залал өтелген соң ғана рақымшылық жасалады деген талап қойылмайды. Бірақ мүлік иесі материалдық шығынды сот арқылы азаматтық-құқықтық тәртіпте өндіріп алуға құқылы. Бұған дейінгі қалыптасқан тәжірибе бойынша бас бостандығынан айыру мекемесінде жазасын өтеп жатқан адамға рақымшылық жасау үшін міндетті түрде оның жүріс-тұрысы ескерілетін. Жазаны өтеу тәртiбiн қасақана бұзушы сотталған адамдарға рақымшылық қолданылмайтын. Ұсынылған заң жобасында ондай талаптар жоқ.

«Қабылданған заң Мемлекет басшы­сының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында берген тапсырмасын орын­дау мақсатымен әзірленді. Заң «Қасі­ретті қаңтар» оқиғасы кезінде тәртіп­сіз­діктермен байланысты қылмыстық құқық бұзушылықтарға барған азаматтарды қылмыстық жауаптылықтан босатуды және олардың жаза мерзімдерін қысқартуды көздейді. Сонымен қатар заңда рақымшылық жасауды қолдану шарттары, тәртібі және ол қаңдай адам­дарға қолданылмайтыны туралы нақты нормалар белгіленген. Бұл заңды тәртіп бұзуға жол берген адамдарға қатысты қоғам мен мемлекет тарапынан жасалған гуманистік қадам деп қабылдаймыз. Бұдан былай осындай қайғылы оқиғалар елімізде ешқашан қайталанбайды деп сенеміз», деді заң жобасы жөнінде пікір білдірген Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Сенат депутаттары «Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттері талаптарының сақталуына мемлекеттік бақылауды (қадағалауды) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемле­кет­тердің көрсетілген саладағы заңна­масын үйлестіру мақ­са­тында жүзеге асыру қағидаттары мен тә­­сіл­дері туралы келісімді ратификация­лау туралы» заңды қабылдады. Құжат мүше мемлекеттердің аталған саладағы заң­на­масын үйлестіруді қамтамасыз етеді.

Отырыс барысында сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады. Амангелді Толамисов Жетісу облысында тиісті инфрақұрылымды жаңарту мәселесін көтеріп, өңірде қысқы спорт түрлерін дамытуға қатысты проблемаларға назар аударды.

Сенатор Бекболат Орынбеков еліміздің Премьер-Министріне жол­даған депутаттық сауалында ветеринарлар мәселелері мен олардың қандай жағдайда жұмыс істеп жатқандығы туралы айтты. Ол бұл маман иелерінің мәртебесі әлі анықталмағанына, әр ветеринарға жүктеме бекітілмегеніне және материалдық-техникалық базаның ескіргеніне баса мән берді.

Ал Премьер-Министрдің атына жолдаған депутаттық сауалында Андрей Лукин тиімсіз және нәтижесіз тексерулер жүр­гізілетінін ескеріп, мем­лекеттік аудит комитетінің жұмы­сын сынға алды. Сондай-ақ депутат тәуекелдерді басқару жүйесінің кри­терийлерін және мем­лекеттік аудит нысандарын іріктеу тәртібін қайта қарауды ұсынды.