Саясат • 29 Қазан, 2022

Реформалардың негізгі мақсаты – адам құқықтарын қорғауды нығайту - М.Әшімбаев

147 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Өзбекстанның Самарқанд қаласында өтіп жатқан ТМД Парламентаралық Ассамблеясының 54-ші пленарлық отырысына қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Реформалардың негізгі мақсаты – адам құқықтарын қорғауды нығайту - М.Әшімбаев

Сенат Спикері іс-шараларды жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін өзбек тарапы мен ТМД ПАА-ға алғыс айтты.

Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев Парламентаралық Ассамблея алаңында саяси диалогты нығайтуға, сауда-экономикалық қатынастарды дамытуға және елдеріміз арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды арттыруға қатысты өзекті мәселелер қаралатынын атап өтті.

«Бүгінгі әлемдік сын-қатерлерге бірлесіп қарсы тұру мәселесі табысты талқыланып жатыр. Оның бәрі сындарлы, сенімді және елдеріміздің ұлттық мүдделерін құрметтей отырып қаралады. Парламентаралық Ассамблея ТМД кеңістігінде жан-жақты ынтымақтастық пен диалогты нығайтудың маңызды факторы. Алдағы уақытта Ассамблеяны одан әрі дамыту – біздің ортақ міндетіміз», деді Сенат Төрағасы.

Сенат Спикері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстанда жүргізіліп жатқан қоғамдық-саяси өзгерістерге де тоқталып өтті.

«Келесі аптада Қазақстан Парламентінің Сенаты жаңартылған Конституцияны іске асыруға арналған конституциялық заңдар топтамасын қарайды. Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалардың негізгі мақсаты – адам құқықтарын қорғауды нығайту және билік тармақтары, орталық пен өңірлер арасында өкілеттіктер мен жауапкершіліктің теңгерімін қамтамасыз ету. Іске асырылып жатқан барлық реформа біздің елімізде азаматтарымыздың сұраныстары мен мүдделерін ескеретін жаңа саяси модель қалыптастыруды көздейді», деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат Төрағасы саяси және экономикалық реформаларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету Қазақстан Парламенті Сенатының қазіргі кезеңдегі негізгі басымдығы екенін атап өтті. ТМД ПАА-ның пленарлық отырысына қатысушылар Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларға айрықша тоқталып, біздің елдің серпінді дамуы бүкіл өңірдің одан әрі өркендеуі үшін зор маңызға ие екенін тілге тиек етті.

Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев ТМД ПАА алаңында мүше елдердің Парламенттері Палаталарының басшыларымен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.

Өзбекстан Парламенті Сенатының Төрайымы Танзила Нарбаевамен кездесуде Мәулен Әшімбаев өзбек векторы Қазақстан Республикасының сыртқы саясаттағы негізгі басымдықтарының бірі болып қала беретінін айтты. Сондай-ақ тараптар екі елдің парламентаралық ынтымақтастығын нығайту мәселелерін талқылады.

Қырғызстан Жогорку Кенешінің Төрағасы Нұрланбек Шәкиевпен әңгімелесу барысында экономикалық, мәдени-гуманитарлық және басқа да салалардағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері сөз болып, оған депутаттардың қатысу мүмкіндігі қаралды. Келесі жылы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына төрағалық Қазақстаннан Қырғызстанға өтеді. Осыған байланысты Мәулен Әшімбаев бауырлас елдің басшылығына аталған халықаралық ұйымға табысты және жемісті төрағалық етуге тілектестігін жеткізді.

Мәулен Әшімбаев пен Тәжікстанның Оли Маджлисі намояндагон Маджлисінің Төрағасы Махмадтоир Зокирзода арасындағы кездесуде Қазақстан мен Тәжікстан парламентшілерінің ынтымақтастығын одан әрі арттыру перспективалары әңгімеге арқау болды. Қазақстан Парламенті Сенатының Спикері әріптестерін нақтылық пен практикалық мазмұнға баса мән бере отырып, өзара іс-қимылды күшейту бағытында бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.

Аталған кездесулерде келесі жылы Орталық Азия елдерінің бірінші Парламентаралық форумын өткізу мәселесі де талқыланды. Бұл бастаманы жүзеге асыру туралы уағдаластыққа биыл Қырғызстанның Чолпон-ата қаласында өткен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесуінде қол жеткізілді. Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, форумды өткізу Орталық Азия елдерінің елеулі саяси, экономикалық және мәдени әлеуетін іске асыруға ықпал етеді.

Ресей Федералды Жиналысы Федерация Кеңесінің Төрайымы Валентина Матвиенкомен кездесуде парламентшілердің өңіраралық және гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту жөніндегі өзара іс-әрекеттері қозғалды.