Министр жарысқа қатысушыларды құттықтап, түркі мемлекеттері ұйымдарының елдері арасындағы ынтымақтастық жаңа деңгейге көтерілетініне сенім білдіріп, министрлік әрқашан ұлттық спортты дамытуды қолдайтынын атап өтті.
«Спорт пен мәдениет - адамдарды біріктіретін ортақ алаң. Қазақ күресі - түркі халықтарына жақын спорт түрі. Turan Barysy турнирі болашақта спорт әуесқойларын қызықтыратын үлкен жоба болатынына сенімдімін», деді Дәурен Абаев.
Спортшылар жеті салмақ дәрежесінде өнер көрсетті: 55-ке дейін, 60-қа дейін, 66-ға дейін, 74-ке дейін, 82-ге дейін, 90-ға дейін және 90 кг-нан астам.
Жеребе бойынша бірінші топта кілемде Венгрия, Әзербайжан және Өзбекстан балуандары, екінші топта – Қырғызстан, Түркия және Қазақстан балуандары кездесті.
Турнир ұлттық спорт түрін дамыту және қолдау мақсатында өткізіледі. Сонымен қатар Turan Barysy міндеті - жастарды спортқа тарту және ұлттық дәстүрлерді сақтау.