27 Мамыр, 2014

Сайыс – үнқатысудың тиімді үлгісі

416 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Қазақстан қоғамында елдің заңнамасын жетілдіруді жеткі­лік­ті білетін азаматтар баршылық. Мұндай жайт Мәжіліс Төр­ағасының орынбасары Дариға Назарбаева мен Zakon.kz ақ­параттық порталы бастамашы болған «Мен Қазақстан заңна­масында нені өзгертер едім, неге және ол елімізге не береді?» деген конкурс қорытындысы бойынша белгілі болды. Аталған шараға қатысуға ниет білдіруші­лерден ұсыныстар үс­тіміздегі жылдың 11 наурызы­нан қабылдана бастаған-ды. Содан бері келіп түскен мыңнан астам жұмысты конкурсты ұйым­дас­тырушылар жан-жақты сараптаудан өткізген. Сондай саралаудың нәтижесінде бірқатар үміткер бір­неше өтінім түсіргені де мәлім бол­ды. Сайыс талаптарының қа­таң­дығына қарамастан, тіпті, кей­бір өтінім берушілер оны 11-ге де­йін жеткізіпті. Бұл – конкурсқа қатысушылардың аса белсенділігін көрсететін жайт. Осы орайда ерекше айта кетерлік бір мәселе, жұмыс өткізгендердің 90 пайызы заңгерлер екен. Ал 8 па­­йызы экономистер болса, қал­ға­ны инженерлер, дәрігерлер, педагог­тар, тағы басқа да мамандық ие­лері көрінеді. Елдің әл-ауқатын заң­намалық тұрғыдан жақсартуға ар­налған сайысқа қатысушылар не­гі­зінен әлеуметтік-экономикалық даму, білім беру, денсаулық сақтау, ең­бек, отбасы институтын нығайту та­қырыптарына өз еңбектерін жі­бе­­ріпті. Сонымен қатар, жемқор­лық­­пен күрес, кәсіпкерлікті қол­дау, мемлекеттік қызмет туралы заң­наманы жетілдіру және конс­ти­ту­циялық құқық мәселелері де назардан тыс қалмаған. Жеңімпаздарды марапат­тау рәсімінде сөз алған палата Төрағасының орынбасары кон­курстың ең басты мақсаты аза­маттық заң шығарушылық бас­тамаларды дамыту, осы сала­да­ғы қоғам өкілдерінің жеткен жетістіктерін ынталандыру еке­нін баса айтты. «Біз сайысты елі­міздің барлық тұрғынының құқықтық санасы мен құқықтық мә­дениетінің қалыптасуына ықпал етеді және оның республика заңгер­лер қоғамдастығының кәсібилігін әрі қарай арттыру үшін ынталандыру болып табылады деп есептейміз», деді Дариға Нұрсұлтанқызы. Сондықтан да конкурс азаматтар мен заң шығарушылар арасындағы үнқатысудың тиімді формасына, сондай-ақ, еліміздегі заң шығармашылық жұмыстың кеңінен таралуының прогрессивті мүмкіндіктеріне айналуы тиіс. Күрделі экономикалық жайттар, жаһандық қаржы рыноктарындағы тұрақсыздықтар заң шығарушылар үшін де жаңа қауіптер туғызып отыр. Кешегі қабылданған заңдар бүгіндері шапшаң ескіріп жатады. Әрине, осындай жағдайда бізге жаңа көзқарастар, қадамдар мен ұсыныстар қажет. Ал оларды тек билік пен тұрғындар арасындағы өзара ықпалдастық режімінде шешуге болады. Қазіргі жағдайда Парламентте біздің ғылыми заңгер­лік қауымдастық «Нұр Отан» партиясы фракциясының қолдауына ие, дей келіп, Д.Назарбаева 107 депутаттың 83-і нұротандықтар еке­нін, қабылданып жатқан заңдар «Нұр Отан» партиясының ұстанымымен үндесіп жатқанын атап өтті. Zakon.kz қазақстандық порталын күніне 200 мыңнан аса адам тамашалайды екен. Аталған порталдың ықпалы ма, сайысқа деген қызығушылық жоғары бо­лыпты. Алдында 100 жұмыс ке­ліп түседі деп күтілсе, оның са­ны 1000-нан асып кеткен. Өз жұмыстарын жібергендердің арасында 10 ғылым докторы және 30-ға тарта ғылым кандидаты бар көрінеді. Енді аталған са­йыс арқылы танылғандарға өз білімдерін елінің жарқын болашағы үшін пайдала­нуына мүмкіндік туғызылмақ. Конкурстық жұмыстарда айтылған тың идеялар партия фракциясында және тұрақты комитеттерде талқыға түсетін болады. Сонымен, сайыста «Заңдарды мемлекет­тік тілге аудару сапасының маңызды мәсе­ле­лерін» сөз еткен Гүлжазира Ильясова бас жүл­де­гер атанып, 1,5 млн. теңгені қан­жы­­ғасына байлады. Екінші орынды «Қазақстандықтар үшін әлеуметтік-құқықтық қолайлы жағдайлар жасау: жеңілдік пен квоталар туралы» конкурсы бойынша Олеся Абраменко иеленіп, 1 млн. теңгені олжаласа, «Энерготиімділік, жер құнарын және экологияны жақсартуды арт­тырудың қарапайым тәсілі» конкурсы бойынша Александр Сизов үшінші орын биігінен көрінді. Ол 700 мың теңге алды. Үздік жұмыс­тар аталымдары бойынша өзге де сыйлықтар иелерін тапты. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».