![Қазақ балуандары – «Turan barysy» жеңімпазы](/media/2022/10/30/turan-barysy4.jpg)
Дүбірлі сында балуандар екі топқа бөлініп, айналмалы жүйеде күресті. Екі топтан іріктелген Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Қазақстан құрама командалары жүлделі орындарға таласты. Дүбірлі доданың ашылу салтанатында Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Түркістан төріндегі жарыстың маңызына тоқталды. Ұлттық спортты дамытуға министрлік тарапынан қолдау әрдайым жалғаса беретінін жеткізді. Ал Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды балуандарға сәттілік тіледі. «Қазақ күресі» – ұлттық спорт түрлерінің ішінде өзіндік орны бар ерекше спорттың түрі. Қазіргі уақытта әлемнің 40-тан аса мемлекетінде ұлттық күресімізден федерациялар құрылып, жұмыс атқаруда.
Өздеріңізге белгілі, ұлттық спортымыз – қазақ күресінен әлем, Азия, Африка және Еуропа чемпионаттары өткізіліп, дамудың жаңа деңгейіне көтерілді. Кейінгі он жыл бедерінде жоғары деңгейде ұйымдастырылып, өткізілетін «Қазақстан барысы», «Еуразия барысы» және «Әлем барысы» додалары да бүгінде көрермен көзайымына айналып отыр. Міне, бүгін қасиетті Түркістанда ересектер арасындағы қазақ күресінен «Тұран барысы» Азия кубогі өтеді. Бұл іс-шаралардың барлығы бұқара халық арасында саламатты өмір салтын насихаттауға, спорттық дәстүр мен әдет-ғұрыптарды сақтауға өзіндік зор үлесін қосуда. Аталған бағыттардағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады», деді облыс әкімі.
Ұлттық спортты насихаттау мақсатында шетелдерде 30-дан астам Қазақ күресі федерациясы жұмыс істейді. Бүгінде елімізде осы спорт түрімен 120 мыңнан астам жас шұғылданады. Елімізде түрлі деңгейде 800-ден астам жарыс өткізіледі. Сонымен бірге халықаралық деңгейде Азия кубогі, Азия және әлем чемпионаттары секілді халықаралық турнирлер өтеді.
Мәдениет және спорт министрлігі мен облыс әкімдігінің, сондай-ақ «Qazaq kuresi» ассоциациясы, «Qazaqstan barysy» қазақ күресін қолдау және дамыту қорының ұйымдастыруымен өткен турнирдің бас серіктестері – «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ пен «Туризм мен спортты қолдау және дамыту қоры».
Дүбірлі додаға түркі елдерінің ең мықты спортшылары қатысты. Олардың арасында қазақ күресімен қоса, басқа да күрес түрлерінен халықаралық жарыстарда жүлде алып жүрген спортшылар бар. Мысалы, Әзербайжан құрамасы атынан самбодан екі дүркін әлем чемпионы Эйваз Бақшиев (60 кг) бақ сынады. Ал Мажарстан құрамасы сапында дзюдодан Еуропа чемпионы Эндре Гунич (82 кг), дзюдодан әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Еуропаның үш дүркін чемпионы Барна Бооур (+90 кг) Азия кубогінде жеңіс тұғырынан көрінуге барын салды. Дзюдодан Еуропа чемпионы атанған түркиялық Фуркан Гүнер да аянып қалмады.
Қазақ күресінен өтіп жүрген халықаралық жарыстарда жақсы өнер көрсеткен Өзбекстан құрамасы сапында әлем чемпионы Умид Есанов (82 кг), әлем чемпионы, дзюдодан Азия чемпионы Еркін Козоков (90 кг), үш дүркін әлем чемпионы, қазақ күресінен екі дүркін әлем чемпионы Мухсин Хисомиддинов (+90 кг) бозкілемге шықты. Ал Қазақстан сапында 90 кило салмақта белдескен Айдарбек Тоқтарбек былтыр қазақ күресінен әлем чемпионы атанған болатын. 90 килодан жоғары салмақта Ғалымжан Қырықбай – «Қазақстан барысы» республикалық турнирінің 2021 жылғы күміс, 2022 жылғы қола жүлдегері.
Еліміздегі ұлттық спорт түрін дамыту және қолдау мақсатында ұйымдастырылған, тартысқа толы күрес бәсекесінің жартылай финалында Әзербайжан балуандарын қапы қалдырған қырғыз өрендері қола жүлдені иеленді. Ал ақтық айқас Қазақстан мен Өзбекстан балуандары арасында өтті. Айтулы доданың ақтық бәсекесінде 4:3 есебімен Қазақстан балуандары басым түсіп, «Turan barysy» додасының жеңімпазы атанды. Алғаш рет ұйымдастырылған күрес сайысында бірінші орын алған команда
10 000 000 теңге көлемінде қаржылай сыйлық алса, екінші орынға – 6 000 000, үшінші орынға 4 000 000 қаржылай сыйлық және арнайы кубок табыс етілді.
ТҮРКІСТАН