Қоғам • 31 Қазан, 2022

Қырғыздың бермет кештері

6746 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ел астанасындағы өткен ауқымды іс-шара Жамбыл ақын: «Екі өркеші түйенің, екі емшегі биенің, қазақ пенен қырғызым, нағашым мен жиенім» деп жырлаған бауырлас һәм бір туған қырғыз өнеріне арналды. Бірнеше күн бойы қырғыз мәдениетіне қанықтық: киносын көрдік, әнін тыңдадық, суретіне таңғалдық, биіне қол соқтық. Жалпы, сонау «Манастан» тамыр тартатын қырғыз өнерінің қай саласында да ғажап бір үйлесім бар. Шыңғыс Айтматов, Төлемүш Өкеев, Болат Шәмшиев, Сүйменқұл Чоқморов, басқа да қырғыздың таланттары әлемдік деңгейдегі өнер жасады. Бәлки, бұл да әйгілі «Манастың» күші шығар.

Қырғыздың бермет кештері

Қырғыз киносы күндерінің ашы­луымен басталған іс-шаралар көр­мелер мен концерттерге, дөңгелек үстел мен спектакльге ұласты. Мәселен, кинокөрсетілім күн­дерінде «Акыркы көч» (ре­жиссері Б.Мұқұл), «Дарак ыры» (режиссері А.Дайырбеков), «Шам­бала» (режиссері А.Суйун­дуков), «Көл» (режиссері А.Су­йундуков) картиналары ұсы­нылды.

Сондай-ақ Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Қыр­ғыз Республикасының Мә­дениет, ақпарат, спорт және жас­тар саясаты министрі Алтынбек Мақсұтовпен кездесіп, екі ел арасындағы мәдени-гума­ни­тар­лық ынтымақтастық мәсе­ле­лері, атап айтқанда, Астанада Манас ескерткішін орнату, «Еуразия» кинофестивалін және көш­пе­лілердің дүниежүзілік ойын­­дарын өткізу мәселелері тал­­­қы­ланды.

Одан бөлек Ұлттық акаде­мия­лық кітапханада екі елдің зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен «Түркі әлемінің қос алыбы: Әуе­зов және Айтматов» форумы өтті. Іс-шара, ең алдымен екі ел арасындағы гуманитарлық байланыстарды нығайтуды мақсат етті. Атап айтқанда, тараптар екі заңғар жазушы Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматов шығармашылығының мәдениет­аралық ынтымақтастықтағы рөлін талқылады. Форум жұмы­сына мемлекеттік ор­ган­дардың өкілдері, қоғам қайрат­керлері, Қазақстан мен Қырғыз Рес­пуб­ликасының шығар­ма­шылық және ғылыми зиялы қауымы қатысты.

Ал Ұлттық музейде қыр­ғыз суретшілерінің шығар­ма­шы­лығына құрылған «Бастау» көрмесі ашылды. Дәл осы күні Қ.Қуанышбаев атындағы Мем­лекеттік академиялық қазақ му­зыкалық-драма театры сахнасында қырғыз өнер шеберлерінің гала-концерті өтті. Аталған кешке Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров және Еуропалық Кеңес президенті Шарль Мишель қатысты. Пре­зиденттер Қырғызстанның Ұлт­тық тарихи мұражайының коллекциясы қойылған «Ықылым мұрасы» көрмесімен танысты. Ал сахнада «Манас» эпосынан үзінді оқылып, халық ақыны Тоқтоғұл Сатылғановтың санаттары (дидактикалық өлеңдері) орындалды. Сондай-ақ халық жазушысы Шыңғыс Айтматовтың шығармаларынан үзінділер қо­йылды.

Сонымен қатар қазақ және қырғыз халықтарының бауыр­лас­тығын дәріптеу мақсатында қырғыз өнерпаздары Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбайұлы, Жамбыл Жабаев, Мұхтар Әуезов сияқты тұлғаларымыздың бейне­сін сомдап, екі халыққа кең тара­ған ән-күйлерді орындады.

Ал келесі күні «Манас» эпосына арналған концерт және Нұрдин Түгелов атындағы «Ақ марал» мемлекеттік би ансамблі мен Чалагыз Исабаев атындағы «Қамбарқан» фольклорлық-этно­гра­фиялық ансамблінің концерті ұсынылды.

Қырғыз мәдениеті күндерінің салта­натты жабылуында Тоқ­то­болот Әбдімомынов атын­­­­дағы Қырғыз ұлттық ака­де­­мия­лық драма театрының «Са­ман­­чынын жолу» спектаклі қо­йылды. Айта кетейік, бұл Шыңғыс Айтматовтың «Құс жолы» шығармасының желісімен қойылған. Спектакльдің ре­жис­сері Марат Козукеев. Шығармада адамзат баласының соғысқа қарсылығы, бір тағдыр арқылы Жер бетіндегі барша әйелдің трагедиясы, өмір үшін күрес с­у­реттеледі. Қойылым атал­ған театр репертуарына жуырда қосылған.

Салтанатты рәсімге қатысқан Қазақстанның Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов, ең алдымен қырғыз делегациясына алғыс айтты.

«Қырғызстанның мәдениеті күндері делегациясын бастап келген Алтынбек Мақсұтов мырзаға алғыс білдіремін. Сонымен қатар мәдени іс-шараға қатысқан 300-ден астам халық әртістері, халық ақын-жазушылары, кино май­талмандары, ғылым докторлары және КСРО халық әртісі Самара Тоқтақұнова баста­ған қоғам қайраткерлеріне зор алғыс айтамын. Ал бүгін, Қыр­ғыз­станның Қазақстандағы мәде­ниеті күндерінің Тоқболот Абдумомунов атындағы Қырғыз ұлттық академиялық драма теат­рының «Саманчынын жолы» қойы­лымымен аяқталуының өзі символикалық мәнге ие», деді вице-министр.

Сондай-ақ ол Қырғызстанның театр өнерімен танысуымыз мұ­нымен бітпейтінін, қарашаның 1-7 күндері аралығында Алматы қаласында өтетін Орталық Азия елдерінің халықаралық театр фестивалі аясында өз жалғасын табатынын атап өтті.

Қырғыз Республикасының Мәдениет, ақпарат, спорт және жас­тар саясаты министрі Алтынбек Мақсұтов та қазақстандық та­рап­қа іс-шаралардың жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны үшін ризашылығын білдірді.

«Ұлттар арасындағы мәдени байланыстарды нығайту мақ­са­тында жыл сайын түрлі ха­лықаралық іс-шаралар өткізіп келеміз. Алайда Қазақстандағы бүгінгі мәдениет күндеріміздің маңызы ерекше. Қырғыз бен қазақтың бір туғандай жақын екені тарихта дәлелденген. Екі халықтың өнері мен мәдениеті, салт-дәстүрі тереңнен тамыр тартады. Қырғыз мәдениеті күндері аясында өткен әр тараптағы іс-шаралар жақсы деңгейде ұйым­да­с­тырылды. Сол үшін алғыс айтамын. Алдағы уақытта екі жақты мәдени, әдеби, спорт, жас­тар саласындағы байланыстар беки түседі деген сенімдемін», деді қырғыз министрі.

Айта кетейік, Қырғызстан мәдениеті күндері делегациясын Қырғыз Республикасы Мәде­ниет, ақпарат, спорт және жастар саясатының ми­нистрі Алтынбек Мақсұтов басқарып келді. Мә­дени іс-шараға Қырғызстаннан 300-ден астам адам қатысты. Атап айтсақ, халық әртістері, халық ақын-жазушылары, кино майталмандары, ғылым докторлары және КСРО халық әртісі Самара Тоқтақұнова бастаған қоғам қайраткерлері, Тоқтоболот Әбдімомынов атындағы Қырғыз ұлт­тық академиялық драма театры, Әбдылас Малдыбаев атын­­дағы Қырғыз ұлттық ака­де­миялық опера және балет театры, Камералық хор және камералық оркестр Тоқтоғұл Сатылғанов атындағы Қырғыз ұлттық филармониясы, Нұрдин Түгелов атындағы «Ақ марал» мемлекеттік би ансамблі, Шалағыз Исабаев атындағы «Қамбарқан» фольклорлық-этнографиялық ан­­самблі, Қарамолдо Орозов атын­дағы халық аспаптар ака­де­миялық оркестрі, Асанқан Жұмахматов атындағы Мемле­кет­тік академиялық симфониялық оркестрі, «Манас» ұлттық ­театры, Қырғызстан жазушылары, суретшілері мен кинематографистер одағы, Қырғызстан ұлттық тарихи музейі, «Ақақ» комузистері, дизайнерлер мен режиссерлер бар.

п