Қазақстанның теннисшілері С тобында өнер көрсетеді. Қарсыластарымыз – Испания мен Ұлыбритания құрамалары. Бұл командалардың екеуі де азулы. Пиреней түбегінің өкілдері аталған жарыста бес мәрте (1991, 1993, 1994, 1995, 1998 жылдары) топ жарып, алты рет (1989, 1992, 1996, 2000, 2002, 2008) финалда ойнады. Қазіргі кезде бұл мемлекеттің төрт ойыншысы ТОП-100-діктің қатарында. Солардың арасынан Гарбинье Мугуруса мен Паула Бадосаны бөле-жара атауға болады. 29 жастағы Гарбинье 2016 жылы Ролан Гарроста алдына жан салмады. 2017 жылы Уимблдонда дара шықты. 2021 жылы WTA-ның қорытынды турнирінде топ жарып, 10-нан аса ірі халықаралық жарыста қарсылас шақ келтірмеді. Осы табыстарының арқасында ол кезінде әлемнің бірінші ракеткасы атанды.
Келесі айдың бел ортасында 25 жасқа толғалы отырған Паула Бадоса WTA рейтингінде 4 орында тұр. Былтыр ол Ролан Гарростың ширек финалына шықса, биыл Аустралияның ашық біріншілігінің төртінші кезеңіне дейін жетті. Ал 26 жастағы Сара Соррибес-Тормо үздіктер тізмінде 72 орынға тұрақтаса, 31 жастағы Нурия Парризас-Диас 76 сатыға жайғасты.
Тұманды Альбион бұрымдылары осы күнге дейін Билли Джин Кинг кубогын бірде-бір рет олжалаған жоқ. Есесіне олар төрт рет финалға шықты. Шешуші тұста ұлыбританиялықтар АҚШ (1967, 1981), Аустралия (1971) және ОАР құрамаларына (1972) есе жіберді. Аталған мемлекеттің бүгінгі таңдағы мақтанышы – Эмма Радукану. Былтыр ол АҚШ-тың ашық біріншілігінде айды аспанға бір-ақ шығарып, бас жүлдені жеңіп алған еді. Дәл осы жарыс басталатын күні 20 жасқа толатын Радукану бұл күндері WTA рейтингінде 70 орынды қанағат тұтуда. Ал биыл жазда ғана ол ТОП-10 теннисшінің санатына енген. Өкінішке қарай, соңғы кездердегі сүреңсіз ойынының салдарынан төменге құлдилауда. Ұлыбритания құрамындағы тағы бір белді ойыншы ол – Хэрриет Дарт. 26 жастағы Дарт үздіктер тізімінде 86 сатыға тұрақтады.
Ал өзге топтарда мына командалар өнер көрсетеді: А тобы – Швейцария, Канада және Италия. В тобы – Аустралия, Словакия және Бельгия. D тобы – Чехия, АҚШ және Польша.
Өткенге зер салсақ, аталған жарыс 1963 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Бұрындары ол Федерация кубогы деп аталды. 2020 жылы бұл дода Билли Джин Кинг кубогы деген атауға ие болды. Кинг кезінде әлемнің бірінші ракеткасы болып, «Үлкен дулыға» санатындағы жарыстарда 39 рет жеңімпаз атанған. Тарқатып айтсақ, жекелеген сайыста – 12, жұптық бәсекеде – 16 және миксте – 11 рет топ жарды. Федерация кубогын жеті мәрте төбесіне көтерді. Кейіннен АҚШ құрамасының бас бапкері ретінде аталған додада үш және Олимпия ойындарында екі рет бас жүлдені олжалады. Билли Джин әйгілі теннисші болуымен қоса, спорттағы әйелдердің теңдігі үшін күресті. Сондай-ақ ол WTA ұйымы құрылуының алтын бастауында тұрды.
Билли Джин Кинг кубогын ең көп олжалаған команда – АҚШ құрамасы. Америкалықтар 18 жарыста жеңіске жетті. Чехия мен Чехословакияны қоса алғанда олар 11 мәрте бас жүлдені иеленді. Аустралия жеті рет топ жарса, Испания мен Ресей бес реттен дара шықты. Сондай-ақ Италия – 4, Франция – 3, Германия – 2, Бельгия, Словакия және ОАР 1 мәрте теңдессіз деп танылды. Соңғы турнирде Ресей құрамасы алдына жан салмады. 2021 жылы Чехияның астанасы Прагада өткен жарыстың финалында олар Швейцарияны 2:0 есебімен ұтты.
Жекелеген ойыншылар арасында аталған турнирде ең көп олжаға кенелген – Крис Эверт. АҚШ-тың әйгілі теннисшісі сегіз жарыстың бас жүлдесін иеленді. Эверттің отандастары – Розамари Касальс пен Билли Джин-Кинг жеті рет озса, чехиялық Петра Квитова мен Барбора Стрыцова алты мәрте дәл сондай құрметке бөленді.
Қазіргі кезде әйелдер арасындағы әлемдік рейтингте Аустралияның арулары жеке-дара көш бастап тұр. Олар 1002,71 ұпайды еншілеуде. Одан кейінгі орындарға Франция (885,6), Испания (884,62), Чехия (842,92), Швейцария (881,81), Канада (780,09), АҚШ (758,09), Словакия (744,23), Қазақстан (704,75) және Германия (702,52) құрамалары жайғасты.