Спорт • 31 Қазан, 2022

ММА бойынша Азия чемпионатының нәтижесі жарияланды

508 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

27-30 қазан аралығында Тәжікстан астанасы Душанбе қаласында ММА бойынша Азия чемпионаты өтті. Азия біріншілігіне 18 елден келген 200 шақты спортшы қатысты. Қазақстаннан бұл додаға ұлтық құраманың 37 спортшысы аттанды, деп хабарлайды Egemen.kz.

ММА бойынша Азия чемпионатының нәтижесі жарияланды

Қазақстан құрамасы 7 алтын, 8 күміс және 10 қола жүлдеге ие болды.

Жастар арасында 61,2 келі салмақта финалдық белдесуде Адэль Махаметова (Алматы облысы) өзбек спортшысы Зебинисо Отакулованы үшінші раундта техникалық нокаутпен аяқтап, Қазақстан қоржынына алғашқы алтынды салды.

Жастар арасында 56,7 келіге дейінгі салмақта Ерсұлтан Шакенбай (Астана қ.) финалдық белдесуде төрешілердің шешімімен моңғолиялық Отгонбаатар Болтбаатарды жеңіп, спорттық мансабындағы тағы бір алтынды қанжығасына байлады. Айта кетейік, Ерсұлтан 16-17 жас аралығындағы жасөспірімдер, 18-20 жас аралығындағы жастар арасында әлем чемпионы, Орталық Азия, Еуропа чемпионы, ал енді Азия чемпионы атағын да бағындырды.

83,9 келіге дейінгі орта салмақта (жастар) финалда екі қазақстандық – Денис Черепенко (Жамбыл облысы) мен Диас Осер (Алматы қ.) кездесті. Үш раунд бойы белдесіп, Диас Осер бірауыздан жеңіске жетіп, ММА бойынша Азия чемпионы атанды. Черепенко екінші орынды иеленді.

Жастар арасында 65,8 келі салмақта Самғат Шабдан (БҚО) төрешілердің шешімімен тәжікстандық Умронжон Мансуровтан ұтылып, күміс жүлдегер атанды.

Ересектер арасында 10 қазақстандық спортшы Азия чемпионатының «алтынына» таласты.

47,6 келіге дейінгі салмақтағы алғашқы белдесуде екі қазақстандық қыз – Түймегүл Жүніс (Шымкент) пен Қымбат Ахмет (Түркістан облысы) кездесуі тиіс еді. Бірақ қыздар жекпе-жексіз жеңіс тұғырын былайша бөлісті: Ахмет чемпион атанды, Жүніс екінші орынды иеленді.

52,2 келі салмақта Ерұлан Қабдулов (Атырау облысы) тәжікстандық Исрофил Толибзодамен кездесті. Үш раундтың қорытындысы бойынша төрешілер жеңісті қазақстандыққа берді.

Дәл осы салмақта қыздар арасында Матильда Бачурина (Ақмола облысы) Бахрейн атынан шыққан Айза Рамоспен кездесті. Бачурина қолға ауырту әдісіне түсіп, екінші орын алды.

Қыздар арасында 56,7 келіге дейінгі салмақта Әйгерім Төреханова (Шымкент қ.) Бахрейн атынан шығатын бразилиялық Фабиола Сильвадан техникалық нокаутпен ұтылып, күміс жүлдегер атанды.

Қыздар арасында 65,8 келіге дейінгі салмақта Мөлдір Әшірбекова (Алматы облысы) Бахрейн спортшысы Сабрина де Соузадан жеңіліп қалды.

70,3 келіге дейінгі салмақта Белгібай Әділбек (Түркістан облысы) тәжікстандық Масуд Одинаевқа есе жіберіп, екінші орынды иеленді.

Жартылай орта салмақта 77,1 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Досжан Кенжебаев (Алматы облысы) төрешілердің шешімімен Рамазан Гитиновтен ұтылып, күміс жүлдегер атанды.

93 келіге дейінгі салмақта Алик Домнич (Астана) Анвар Лангарчиевті сөзсіз жеңіп, Азия чемпионы атанды.

120,2 келіден жоғары салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Расул Хатаев (Маңғыстау облысы) тәжікстандық Шакрух Фатоевты қылқындыру әдісімен жеңіп, алтын жүлде алды.

х

Қола жүлдегерлер:

Жастар (18-20):

52,2 келіге дейін - Дархан Исмағұлов (Қостанай облысы)

56,7 келіге дейін - Оңғар Смағұл (Алматы облысы)

61,2 келіге дейін - Шыңғыс Ыдырысов (Алматы)

70,3 келіге дейін - Жанерке Жамалбекова (Жамбыл облысы)

77,1 келіге дейін - Даниил Губин (Қарағанды ​​облысы)

120,2 келіге дейін - Нұрәділ Қайырбергенұлы (БҚО)

Ересектер (21+):

52,2 келіге дейін - Руслан Әбдірахманов (БҚО)

56,7 келіге дейін - Инас Әшірбек (Алматы облысы)

61,2 келіге дейін - Салауат Қаби (Жетісу облысы)

70,3 келіге дейін - Неймат Асадов (Атырау облысы)

г

Қазақстан құрамасы командалық есепте жастар және ересектер арасында екінші орынды иеленді.