Фестивальға қатысқан жергілікті неміс этномәдени бірлестігінің өкілдері өздерінің шығармашылық, аспаздық, ісмерлік өнерін көрсетті. Мерекеге жиналған көпшілік немістің ұлттық тағамдарынан ауыз тиді.
Отыз жыл бойы «Возрождение» бірлестігіне жетекшілік етіп келе жатқан Елена Руссманның айтуынша, бүгінде Қазақстанда неміс ұлтының 171 мыңнан астам өкілі тұрады. Оның шамамен 25 мыңдайы Қостанай облысын мекен еткен.
Фестивальге Астана қаласынан арнайы келген Зарина Феллер де еліміздегі неміс этномәдени бірлестіктері атқарып жатқан игі шараларға белсенді атсалысып жүр.
– Ата-бабаларымыз қазақ топырағына 1940 жылдары жер аударылып келген. Сол кісілерден өсіп-өнген ұрпақпыз. Өз басым ұлттық орталықтар жиі өткізіп тұратын мерекелерге осыдан екі жыл бұрын ғана неміс мектеп-гимназиясында оқитын қызымның ықпалымен шындап араласа бастадым. Қазір қызым неміс тілін әжептәуір меңгеріп алды. Өзім де тіл үйрету курстарына барып, өз ұлтымның тарихын, мәдениетін тереңірек оқып-біліп жатырмын, – дейді Зарина.
«Begeisterung» фестиваліне өңірде жұмыс істеп жатқан өзге де ұлттық-мәдени орталықтардың өкілдері қатысты. Олардың айтуынша, мұндай мәдени-танымдық мерекелер елімізде тату-тәтті бейбіт өмір сүріп жатқан этностардың бірлігін арттырып, тұрмысын ажарландыра түседі.
– Бұған дейін біз қазақ, славян, татар және башқұрт мәдениеті фестивальдерін өткіздік. Бүгінгі фестиваль жыл бойы атқарып келе жатқан іс-шараларымыздың заңды жалғасы. Мұндай мерекелерді өткізудегі басты мақсатымыз – көпшілік қауымға облысымызда өмір сүріп жатқан ұлт өкілдерінің мәдениеті мен салт-дәстүрлерін насихаттау. Олардың арасынан шыққан қайраткер азаматтардың елге сіңірген еңбегін дәріптеу, – дейді Қостанайдағы Достық үйінің директоры Наталья Рамазанова.
Қостанай облысы