Экология • 31 Қазан, 2022

Қазан ауылындағы марал

744 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бес жыл бұрын қазан айының қақ ортасында Мәртөк ауданының Қазан елді мекеніне Шығыс Қазақстан облысының Қатонқарағай ауданынан 150 бас марал әкелінді. Осы кезге дейін Ақтөбе облысында марал-бұғы өсіруді ешкім кәсіп қылмағанымен, Мәртөк ауданында ойда жоқ шаруаны қолға алған ерлі-зайыпты Ертарғын мен Бануға әуелгіде жұрт сенімсіздікпен қарады.

Қазан ауылындағы марал

Төрт түліктің бабын тауып келістіріп баға алмай жатқанда, тау-тасы жоқ, бірақ тоғайлы Мәртөк жеріне жабайы жануарды қалай үйретеді деген жұрт­тың күдігі басым болды. Тілегенов­тер отбасына шаруашылықты ұйымдастыру, құжаттарын әзір­леу, субсидия алу жолдарын шешуге бір жыл уақыт кетті. Қазан ауылында марал қоршауының алғашқы қадасын қолмен қадауға Ертарғын мен Бану Ақтөбеден келгенде, Қазан ауылының тұр­ғындары оларға ең бірінші болып көмекке келді.

Қазан – Мәртөк елді мекені­нен үш шақырым жерде орналас­қан, 500-ге жуық тұрғыны бар шағын ауыл. Тұрғындары бұ­рынғы шаруашылық ізінен қал­ған бірлі-екілі трактормен шөп шауып, аздаған көкөніс егіп тір­шілік етеді. Сол кездері нар тәуекелмен басталған шаруа­ны «Зәру» шаруа қожалығының бас­шысы Ертарғын Тілегенов бүгінде былай деп еске алады: «Маралды әкелуден бұрын же­рін дайындап, қоршай бастаған­да, Қазан ауылының азаматтары – Закир Құрманаев, Рысқали Тас­пенов, Ерлан Дүзербаев, Ермек Жанғазин көмектерін аяма­ды. Бірі тракторымен жерді қазып берсе, екіншісі күрек-сай­манымен қазанның қара суы­ғында бізге қоршау тұрғызуға көмек­тесті, тағы бір азамат бір трактор шөпті тегін әкеліп берді.

Бастапқыда қиналдық. Бұ­рын-соңды істемеген кәсібіміз, жартылай жабайы жануардың еркін жүруі үшін қаншама аумақ­ты қоршау керек. Алтайдың бөктерінде шүйгін шөптің неше түрін жеп жүрген жануар біз­дің жаққа қалай жерсінеді деп қат­ты ойландық. Шаруашылық­­­ты ұйым­­дастыруға мемлекеттен ал­ған қаражаттың қайтарымы тағы бар».

Алайда Қатонқарағайдан Қа­занға әкелінген маралдар он шақ­ты күнде жерсінді. Тынымсыз ең­бектің арқасында бүгінде бұл шаруашылықтағы марал саны өсті. Шаруашылықтың іргесі­нен маралдың жас мүйізі – панты өнімдерімен емдейтін шипажай ашылды. Төрт жылдан бері осы шипажайға еліміз­дің түкпір-түкпірінен адамдар қысы-жазы келіп ем алады. Маралдың қайнатылған мү­йі­зінен ванна қабылдауға ті­лек білдірушілер көп. Өйткені ма­ралдың қайна­тылған мүйізі – буын, бел, жүрек-қан тамырлары ауруына шипа. Мүйіздерін кесіп қайнатып, одан фитобөш­ке, панты ваннасы әзір­ленеді. Қазір «Зәру» шипажайы мен шаруашылықта 50 адам ең­бек етеді. Олардың бәрі Мәртөк және Қазан елді мекендерінің тұр­­­ғындары. Жарты жыл бұрын Мұ­ғал­жар ауданының орталығы – Қан­дыағаш қаласында да «Зәру» шипажайының филиалы ашылды.

Мәртөк ауданының әкімі Алмас Садырбаев Ертарғын мен Бану Тілегеновтер ауыл кәсіп­керлігінің табысты екен­дігін дәлелдеп бергенін айтады. Осы жобаның іске асуына Мәртөк ауданы әкімдігінің жі­гіттері де ынталы болды. «Ата­мекен» өңірлік кәсіпкерлер па­латасы да қолдау көрсетіп, жо­ба «Бизнестің жол картасы» мем­лекеттік бағдарламасы арқылы қаржыландырылды. Ақтөбе облысында марал ша­руа­шылығын субсидиялау қа­­рас­тырылмағандықтан, бастап­қы­да қаржы алуға кедергілер кез­десті.

Еліміздегі марал шаруашы­лығы палатасының жетекшісі Нұрлан Тоқтаров Катонқарағай маралының Ақтөбеге жерсінуіне көп көмегін тигізді. Ол бес жылда марал өсіруді жақсы жолға қоя білген «Зәру» қожалығының жұмысын бағалап, Ертарғын мен Бану марал өсірумен айналысатын көп адамға үлгі болғанын атап өтті. «Бұрын елімізде марал өсіретін шаруашылық тек Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай, Катонқарағай ауданында болса, бүгінде Қарағанды, Ақмола облысында марал ша­руа­шылығы табысты жұмыс істей бастады. Ал батыс облыс­тары ішінде марал өсірумен тек Ақтөбе облысындағы «Зәру» қо­жалығы ғана айналысады. Осы жерде шипажай ашылып, марал өнімдерін адам денсаулығын жақ­сартуға пайдаланып жатқаны бізді қуантады», дейді Нұрлан Тоқтаров.

Серікбай Елеков 2019 жылдан бері «Зәру» шаруа қожалығы­ның бас мал дәрігері болып жұ­мыс істейді. «Зейнеткерлікке шыққанға дейін жарты ғасырға жуық Мәртөк аудандық мал дәрігерлік зертханасының мең­герушісі болып жұмыс істедім. Менің қазіргі міндетім – марал­дардың жұқпалы індет жұқ­тыр­май, мүйізі мен қаны, ет өнім­дерінің таза болуын қадағалау. Жылына екі рет сарып, туберкулез, басқа да жұқпалы індеттерге қарсы екпе жүргіземіз.

Марал – өте ақылды, күйіс қайыратын, аша тұяқты жарты­­лай жабайы жануар. Күй талғамай­ды, қысы-жазы өз аяғымен жайылады. Аналығы төлін 240-260 күн көтереді. Еркек маралдар өз үйірін бөлек алып кетеді. Ма­ралдың көп қасиеті жылқыға келеді. Мәселен, ұрғашы марал аяқтанбаған жас төлін қараған шөптің арасына тығып кетіп, өзі 80-100 метрден алысқа ұзамай жайылып жүреді. Жақындап ­келген адамға тебініп, сес көр­сетеді. Ата-бабаларымыз маралды қасиетті жануар деп санаған. Мәселен, Сібір жағын мекен­деген жұртымыз маралдың етін жеп, сүтін ішіп, терісінен аяқ­киім жасап киген.

Еркек маралдың мүйізін мамыр айының аяғы мен маусым айының басында кесеміз. Жа­нуарды қуып әкеліп, бір-бірлеп қоршауға кіргізе бастағанда, олар мүйізін кесетінін сезіп мазасызданады. Тіпті кейбірінің көзінен жас шыққанын да көргенім бар. Кеспеуге тағы болмайды, се­бебі бір-бірімен сүзіскенде мү­йіздерімен денелерін қатты жа­рақаттайды. Бірақ кесілген мүйіз бір жыл ішінде қалпына келеді. Мүйізді кескен бойы ішіндегі қанын арнайы ыдысқа құйып аламыз», дейді Серікбай Елеков.

«Зәру» шипажайы қызмет­керлері қазір Ресейдің Барнаул қаласындағы Бүкілресейлік бұ­ғы шаруашылығы, панты ғы­лы­ми-зерттеу институты маман­дарының көмегімен марал қаны мен мүйізінен жасалған қоспа­ны әзірлеуге кірісті. Осылайша, Мәртөк ауданындағы ең табыс­ты жобалардың бірі және біре­гейі болып саналатын марал ша­руашылығы арқылы Қазан ауы­­лында тіршілік оты жандан­ды. Айтпақшы, «Зәру» шипа­жайының директоры Бану Тіле­генова жыл сайын мүмкіндігі шек­теулі бірнеше ақтөбелікке те­гін жолдама ұсынып, денсау­лығын жақсартуға жағдай жасап отыр.

 

Ақтөбе облысы,

Мәртөк ауданы