
«Қазақстан мен Германия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдығы аясында біз сенімді саяси диалог пен сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы тұрақты әрі өзара тиімді ынтымақтастықтың жоғары деңгейіне тоқталдық. Көпвекторлы сыртқы саяси бағытымыздың сабақтастығы аясында біз Германиямен және жалпы Еуропа Одағымен өзара іс-қимыл көкжиегін кеңейту үшін барлық күш-жігерімізді жұмсайтынымызды атап өткім келеді.
Бербок ханым, сіздің сапарыңыз, елдер арасындағы экономикалық ынтымақтастық пен саяси диалогке, сондай-ақ халықаралық байланыстарды жандандыруға қосымша серпін береді. Біз Германия Бундестаг депутаттарының келгеніне және олардың Қазақстан Парламенті өкілдерімен кездесулеріне қуаныштымыз. Парламентаризмді дамыту мәселелері бойынша, әсіресе, елде әділетті Қазақстанды құруға бағытталған ауқымды саяси және әлеуметтік реформалар аясында белсенді пікір және тәжірибе алмасу болатынына сенімдімін», деді Сыртқы істер министрі М.Тілеуберді.
Сонымен қатар ведомство басшысы Германиядан келген ірі бизнес өкілдеріне ризашылығын жеткізді. Осы орайда, мұндай келіссөздер әлеуетті жобаларды жүзеге асыруға серпін беретініне сенім білдірді.
«Қазақстан – инвестиция үшін тартымды ел. 2021 жылы біз шетелдік инвестиция ағынының пандемияға дейінгі деңгейіне оралып қана қоймай, оны 37,7 пайызға арттыра алдық. 2021 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанға тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны 23,7 млрд долларды құрады. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 37,7 пайызға жоғары.
Әлемнің төртінші экономикасы Германия біздің экономикаға инвестиция салатын алғашқы он елдің қатарына әлі кірмеген. Сондықтан Қазақстанның неміс инвесторлары мен кәсіпкерлеріне жұмыс істеу үшін барынша қолайлы жағдайлар ұсынғанымызға назар аударамыз. Осы мақсатта біз Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың басшылығымен неміс инвесторларымен және кәсіпкерлерімен өзара байланыс үшін теңдессіз үкіметтік жұмыс тобын құрдық. Топ жұмысының арқасында неміс инвесторларының жобалары келіссөздердің басынан бастап өндірісті толық құруға көмек көрсетіледі», деді М.Тілеуберді.
Премьер-Министрдің орынбасары елде экономиканың 700 ірі, орта және шағын активтері жекешелендірілетінін жеткізді. Министрдің пайымдауынша, бұл неміс кәсіпкерлеріне қосымша мүмкіндік бермек. Неміс инвестициялары, озық технологиялары мен ноу-хаулары және Қазақстанның шикізаты, білікті жұмысшылары және қолайлы бизнес жағдайлары win-win қағидаты бойынша ынтымақтастықты кеңейтуге сенімді негіз жасайды.
«Осыған байланысты, Қазақстанда экономиканың жоғары технологиялық секторлары үшін қажетті шикізатты, сирек кездесетін металдарды бастапқы өңдеу, сондай-ақ экологиялық таза энергия көздерінің өндірісін құру саласындағы ынтымақтастық өзекті және перспективалы. Мұның құқықтық негізі сонау 2012 жылы шикізаттық, өндірістік және технологиялық әріптестік туралы үкіметаралық келісімге қол қою арқылы жасалған болатын.
27 қазанда Svevind неміс-швед концернінің Hyrasia One еншілес компаниясы мен Қазақстан Үкіметі арасында инвестициялық келісімге қол қойылып, оның аясында Еуропа мен Азияның энергетикалық және шикізат қорларының бірегей өнеркәсіптік ауқымды қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Қазақстанда таза және экологиялық тиімді «жасыл» сутегі шығаратын әлемдегі ең ірі кәсіпорындардың бірін салу жоспарланып отыр. Осыған байланысты, біз неміс тарапының Астанада сутегі дипломатиясы кеңсесін ашу ұсынысын құптаймыз. Бербок ханым, бұл бастамаңыз үшін алғыс айтамыз және оны жан-жақты қолдауға дайынбыз», деді М.Тілеуберді.
Келіссөздер кезінде мәдени-гуманитарлық өзара байланыс мәселесі де сөз болды. Қазақстанда 200 мыңға жуық этностық неміс тұрады. Германияда елімізден көшкен 1 млн-ға жуық неміс бар. М.Тілеуберді халықтар арасындағы достықты сақтау үшін осы «жанды көпірдің» одан әрі нығайтылатынын атап өтті. Қазақстанда неміс ұлтының тілі мен мәдениетін сақтау мәселесінде Алматыдағы Қазақ-Неміс университеті мен Неміс театрының, Астанадағы Қазақ-неміс орталығының және «Видергебурт» қоғамдық қорының үлкен практикалық маңызын атап өтті.
«Біз студенттер мен оқушылар арасындағы академиялық алмасу бағдарламаларын қолдаймыз және білім беру бағдарламалары арқылы, Қазақстан Республикасында жетекші неміс университеттерінің өкілдіктерін ашу және Германия үлгісі бойынша жоғары білікті кадрларды кәсіби оқытудың дуалды жүйесін дамыту арқылы неміс тілін танымал етуге қолдау көрсетуге дайынбыз.
Қазақстан неміс әріптестерімен және Орталық Азиядағы көршілерімен бірлесе аймақтық және жаһандық климаттық қауіпсіздік пен тұрақтылық мәселелерінде белсенді ынтымақтасуға дайын. Осы тұрғыда Германия Сыртқы істер министрлігіне «Жасыл Орталық Азия» бастамасы үшін алғыс айтамыз», деді М.Тілеуберді.
Өз кезегінде Германияның Сыртқы істер министрі Анналена Бербок экономикалық қарым-қатынастарды нығайтуға басымдық берілетініне назар аударды. Қазақстанның халықаралық тәртіпті қолдауын және осы тәртіпті сақтауға ұмтылысын Германия тарапы жоғары бағалайды. Қазір әлем елдері өз ықпалын кеңейтуге тырысып жатыр. Осы орайда экономикалық келісімшарттар арқылы байланыстар нығайып келеді.
«Германия әділ әрі тең дәрежеде, ешқандай мәжбүрлеусіз, жасырын шарттарсыз бекітілген экономикалық қарым-қатынастар болғанын қалайды», деді А.Бербок. Сонымен қатар ол Қазақстанда таза әрі экологиялық тиімді «жасыл» сутегі шығаратын әлемдегі ең ірі кәсіпорындардың бірін салу жобасына тоқталды. Осы жобаны жүзеге асыруда Қазақстанның әлеуеті жоғары.
«Германияның кәсіпорындары сутегі, жел және күн энергиясы жобаларында алдыңғы қатарда тұр. Біз Астанада Сутегі дипломатиясы кеңсесін ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл бюро сарапшылар мен мамандарды тарту тұрғысында маңызды болмақ. Осы орайда маңызды жобаларды нақты іске асыруға жағдай жасалады. Қазақстан қазіргі кезде маңызды реформаларды іске асырып жатыр. Біз саяси реформа, заң үстемдігі, адам құқықтары жөніндегі диалогті кеңейткіміз келеді. Ашық, күшті және өзіне сенімді азаматтық қоғам инновациялар мен табысты болашаққа жол бастайтынына сенімдімін», – деді Германия министрі.