27 Мамыр, 2014

Білім – баршаға ортақ қазына

721 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

БЕРЕКЕ БІРЛІКТЕН БАСТАЛАДЫ

Газалиев, Арстан«Жоғары оқу орындарының еуропалық стандарт рейтингі» бойынша қазақстандық 23 ЖОО-ның ішінен жоғары бағаланған 5 білім ордасының бірі – Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті болғаны газет оқырмандарына жақсы белгілі. Осы бағытта кейінгі жылдары жүргізілген саналуан жұмыстар жемісінің арқасында оқу үдерісін ақпараттандыру, оқыту сапасын бағалау сияқты еуропалық стандарттар ескерілетін бұл байқауда үздіктер қатарынан орын алған білім ордасының ректоры,  Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ҚР ҰҒА академигі Арыстан ҒАЗАЛИЕВПЕН болған әңгіме бүгінгі таңдағы көкейкесті мәселе – ғылым мен білім беру саласындағы интеграциялық ықпалдастыққа арналды. – Арыстан Мәуленұлы, соңғы кезде «интеграция игілігі» деген сөз тіркесі көзге жылы ұшырап, құлаққа жағымды естіледі. Өзен-көлдердің қайнар бұлақ көзінен бастау алатыны сияқты өзара ықпалдастық та әуелі ыстық ықыластан бастау алатыны аңғарылады. Осы тұрғыда сіз не айтар едіңіз? – Дұрыс айтасыз. Бір тараптың екінші тараптың жақсылығы мен жетістігін көре білуі, оң тәжірибесімен бөлісуі, өзара бейіл танытып, ықылас қоюы – өзара ынтымақтаса жұмыс істеудің бастауы. Бір сөзбен айтқанда, ықылас түбі – ықпалдасу. Қазақстанның еуразиялық экономикалық интеграция үдерісіне қатысуы еліміздің сыртқы сауда белсенділігін күрт арттырумен қатар, халық шаруашылығының және әлеуметтік инфрақұрылымның барлық салаларына игі ықпалын тигізеді. Айталық, ғылым мен білім саласындағы ықпалдасудың да екі жаққа берері мол. Талай үлкен мінберлерден айтылып келе жатқан бір ақиқат  – Қазақстан бәсекеге қабілетті экономика құруға дайын. Сөз жоқ, бұл үшін біздің мемлекетіміздің өзінің жеке сауда қатынастарын дамыту мен ауқымды тұрмыс нарығын дамытуға мүмкіндігі болуы керек. Сондықтан, көршілес мемлекеттермен экономикалық одақ құру маңызды. Еуразиялық интеграция ұлттық экономиканы нығайтады және әлемдік аренадағы еліміздің саяси беделін арттырады деп сеніммен айтуға болады. Күні ертеңдер ресми түрде құрылғалы отырған Еуразиялық экономикалық одақ Қазақстанда, Ресейде, Белоруссияда ортақ инвестициялық ахуал қалыптастыруға мүмкіндік береді. Экономикалық бірігу бизнесті дамытуға қолайлы жағдайлар тудырып, өндіріс көлемін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға, ғылымды қажет ететін өндірістердің белең алуына ықпал етеді. Ғылым мен өндірістің ұштасуы арқылы жаңа көкжиектер ашылып, тың міндеттер алға қойылады. Атап айтқанда, ол қосымша рынок көздерін іздестіру, бәсекеге қабілетті сапалы өнім өндіруге ұмтылыс, тағы басқа игі мақсаттарды көздейді. – Қазақстан Республикасының Пре­зи­денті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында еліміздің әлемдегі ең дамы­ған 30 елдің қатарына кіру тұжыры­ма­масында алдағы жұмыстың ұзақ мерзімді басымдықтары белгіленгенін айта келіп, сол шешімін күткен басым бағыттар қатарында «Ғылыми қам­тымды экономика құру – ең алдымен Қа­зақстан ғылымының әлеуетін арттыру»,  деп, атап көрсеткен еді... – Иә, Мемлекет басшысының осынау тарихи Жолдауында бұл бағыт бойынша венчурлік қаржыландыру, зияткерлік меншікті қорғау, зерттеулер мен инновацияларды қолдау, сондай-ақ, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру жө­нін­дегі заңнаманы жетілдірген жөн екендігі нұс­қалған. Үкіметке тиісті заң жобалары топтамасын әзірлеп, Парламенттің қарауы­на енгізу тапсырылған. Ғылымды қаржы­ландыру көлемін біртіндеп арттырып, оны дамыған елдердің көрсеткіштеріне жеткізу жөнінде нақты жоспар қажет екендігі діттелген. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бас­тамалары әлемдік қоғамдастық тарапынан әркез үлкен қолдауға ие болып келеді. Президент халыққа арнаған жолдауларында еліміздің алдағы онжылдықтағы экономикалық өрлеуін одан әрі тұрлаулы етіп, жаңа мақсаттарға жету стратегиясын белгілеп бергені мәлім. Еліміз Ресеймен және Беларусьпен Біртұтас экономикалық кеңістік қалыптастырды, күні ертең Еуразиялық экономикалық одақ құруға бет алып тұр, ТМД-ның басқа мемлекеттерінің еуразиялық интеграцияға қосылуға ұмтылысын қолдауға әркез әзір. – Интеграция шеңберінде ҚарМТУ-дың Ресейдің жетекші жоғары оқу орындарымен халықаралық қызметі туралы айтар әңгімеңіздің ауқымы кең шығар? – Әлбетте. Әлгі «таңды таңға ұрып әңгіме айттының» кері болар еді. Өйткені, жаһандану қазіргі заманғы өркениеттің жетекші факторына айналды, соның ықпалымен әлемде жоғары білімді дамыту сапалық жаңа дәуірге – халықаралық интеграция дәуіріне аяқ басты, ол өз кезегінде білім беру саласын интернационалдандыру салдары болып табылады. Ол ұлттық білім беру жүйелерінің өзара жақындасуымен, өзара толықтыруымен және өзара байланыстылығымен сипатталады, бұл Болон үдерісінің мақсаты болып табылатын бірыңғай білім беру кеңестігін қалыптастыру негізінде жатыр. Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті білім және ғылым сала­сын­дағы 160 халықаралық келісімшарт шең­берінде Еуропаның, АҚШ-тың және Азия­ның жетекші жоғары оқу орындарымен өзара әрекеттесе отырып халықаралық ғылы­ми және білім беру жобаларына бел­сенді қатысады. «Болашақ» бағдарламасы бойынша ҚарМТУ-дан 142 стипендиат әлемнің жетекші университеттерінде оқудан өтті. Жоо ТEMPUS, Erasmus Mundus, Си­нергия, ШЫҰ университеті халықаралық білім беру жобаларына қатысады. ШЫҰУ-да ҚарМТУ ЭКСПО-2017-ні өткізуге дайындық шеңберінде үлкен маңызы бар «Энергетика» және «Экология» сияқты өзекті бағыттар бойынша базалық ЖОО болып белгіленді. Бұл ретте ҚарМТУ дистанциялық тех­никалық білім берудің Синергия халық­аралық бірегей ғылыми-білім беру жо­басында «Автоматтандыру және басқару» бағыты бойынша Ресейдің және Ук­раи­наның жетекші жоо-ларымен бірлесе отырып Қазақстаннан бірден-бір қатысушы болып табылады. Жоба  «Festo» концернінің (Австрия, Германия) қамқорлығымен іске асырылуда. Аталмыш жоба бойынша білім беру консорциумына ҚарМТУ, Мәскеу энергетика институты, сондай-ақ Санкт-Пе­тер­бург, Омбы және Севастополь техникалық университеттері кіреді. Жоба мақсаты – Internet арқылы автоматтандыру және мехатроника саласында ЖОО-лардың ресурстарын  және педагогикалық ұжымдарын біріктіру және бейнедәрістерді және бейнеконференцияларды ұйымдастыруды қоса отырып XXI ғасырдың дистанциялық техникалық білім беру технологияларын жасау. Аталмыш консорциум шеңберінде  дистанциялық оқытуды қолдану  оқу-зертханалық базаны жасауға және осы базаның мүмкіндіктеріне бағдарланған біріктірілген білім беру технологияларын жасауға жаңа көзқарастарды талап етті. Жобаны іске асыру шеңберінде «Siemens», «Mitsubishi», «Festo» концерндерінің жалпы құны 35 млн. теңгеден астам оқу стендтері сатып алынды және мехатроника бойынша біріктірілген оқу зертханасы жасалды. Internet арқылы ЖОО-лардың мехатроника және робототехника зертханаларының бірегей оқу стендтеріне Синергия жобасына қатысушы барлық университеттердің пайдаланушы-операторларына (студенттеріне, магистранттарына, аспиранттарына және инженерлеріне) дистанциялық қолже­тімділік беріледі. Бекітілген кестеге сәйкес барлық ЖОО-ларда жобаға қатысушыларда бейнедәрістер және бейнеконференциялар түзімінде сабақтар өткізіледі. Синергия жобасы шеңберінде Қар­МТУ-да жинақталған тәжірибе негізінде кө­мір шахталарының көмір өндіруші   учас­ке­лерінде электрлі техникалық кешендерді тиімді пайдалануды қамтамасыз ету жөнін­дегі қағидатты инновациялық вир­туалдық жүйесі құрылған. Оған учаскелерді электрмен жабдықтаудың автоматтандырылған есебі және инженерлік қызметтердің құ­рамын даярлаудың дистанциялық жүйесі қосылған. Синергия жобасы шеңберінде қолда­нылатын күндізгі дистанциялық оқыту технологиялары техникалық бейіндегі мамандарды даярлаудың  проблемалық-бағдарланған үлгісін іске асыруды қам­тамасыз етеді және оқитындарға кәсі­би талдамалық және логикалық ойлауын дамытуға, зерттеушілік және жобалау­шылық ептерді дарытуға мүмкіндік береді. – Сіздердің томскілік әріптестеріңізбен байланыстарыңыз өте тығыз болса керек? Осы қаланың аты аталғанда есімізге бірден 1896 жылы Сібірде бірінші рет ашылған Техникалық институт (қазір Томск политехникалық университеті) және сонда оқыған халқымыздың бір­туар ұлы, ғұлама ғалым, Қазақстан Ғы­лым академиясының тұңғыш президенті Қаныш Сәтбаев есімінің түсетіні анық. – Иә, биылғы ақпан айының аяғында Қа­рағанды мемлекеттік техникалық уни­верситетінің құрамында 20-шақты жетекші ғалымы бар өкілдік делегация­сы Ресейдің жетекші ЖОО-ларының бірі – Томск политехникалық ұлттық зерт­теу университеті басшылығының шақыруы бойынша Томск қаласына барып қайтты. Жаңа Қаныш ағамыздың есімін айттыңыз ғой. Осы жерде мен бір ғажайып тарихи сабақтастықты, ұрпақтар сабақтастығын аңғарамын. Кезінде Томск техникалық инстиутында Қаныш Имантайұлы Сәтбаев оқыса, бертінде Қарағанды политехникалық институтында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев оқыды. Екі ұлы тұлғаның бірі ХХ ғасырдан, енді бірі ХХІ ғасырдан үн қатысып тұрғандай... Енді негізгі сауалыңызға жауап бе­рейін. Екі дипломды білім алудың және академиялық алмасудың өзекті бағдар­ламалары шеңберінде ҚарМТУ Томск политехникалық ұлттық зерттеу уни­верситетімен (ТПҰЗУ) тығыз ынты­мақ­тасады. ТПҰЗУ Ресейдің 15 көшбастаушы жоо-ларының құрамына енді, олар QS әлемдік рейтингінің ТОП-100 үздіктері легіндегі орындар үшін күресетін болады. Жоо-лар арасындағы өзара әрекет­тесу­дің жаңа кезеңі шеңберінде бір­лес­кен ғылыми және білім беру бағдар­ламаларын іске асыру жөніндегі  2014 жылға арналған іс-шаралар жоспары бекітілді. Бірлескен ғылыми-зерттеушілік және тәжірибелік-конструкторлық әзірле­ме­лерді орындау және геологиялық бар­лаудың, энергетиканың және нанотех­нологиялардың, инновациялық технология­лар саласындағы, сондай-ақ екі дипломды және дегдарлы білім алу бағдарламалары бойынша мамандар даярлау, академиялық алмасу, ғылыми тағылымдамалар, ғылыми-педагогикалық кадрлардың біліктілігін көтеру саласындағы шағын енгізбелік кәсіпорындарды құру жөніндегі бірқатар келісімдерге қол қойылды. «Жасыл химия» атты өзекті ғылыми бағыт бойынша техногендік шикізатты қайта ұқсату технологияларын бірлесе дайындау жүріп жатыр, Орталық Қазақстан жағдайларына бейімделген органикалық ластаушы заттардың бүлдіргіштерін жасау жоспарланып отыр. Әріптес-ЖОО-лардың студенттер мен магистранттардың академиялық жинақылығын дамыту жөніндегі бірлескен қызметі жалғастырылады. Қазір ТПҰЗУ мен ҚарМТУ ғылыми қамтымды мамандықтар бойынша қосарлы диплом бере отырып төрт білім беру бағдарламасын іске асырып жатыр, ағымдағы жылдың қыркүйегінен бастап олардың саны  12-ге дейін ұлғаяды. ТПҰЗУ базасында энергетиканың, аспап жасаудың және материалтанудың өзекті бағыттары бойынша ҚарМТУ-дың түлектері және жас оқытушылары қатарынан магистранттар мен аспиранттарды мақсатты түрде даярлау жүргізіліп жатыр. «ТПҰЗУ&Softline» оқу орталығымен стратегиялық әріптестік келісімі жасалды, бұл ҚарМТУ қызметкерлерінің біліктілігін көтеруге және халықаралық сертификаттар алуына мүмкіндік береді. ТПҰЗУ-мен ғылыми-білім беру әріп­тестігі бізге басты міндетті барынша тиімді шешуге – үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі мемлекеттік бағдарлама жобаларын іске асыру үшін бәсекеге қабілетті кадрларды даярлауға мүмкіндік береді. Сонымен, Ресейдің жетекші техникалық жооларымен өзара әрекеттестіктің жоғары деңгейі және елеулі нәтижелері ҚарМТУ-ға қазіргі заманғы әлемнің  дүмпулеріне лайықты түрде жауап беруге және инно­вациялық ғылыми және білім беру жобаларын бірлесе орындау негізінде жалпы білім беру кеңістігіне бірігуге мүмкіндік беретіні айдан анық болып отыр. – Әңгімеңізге рахмет.  Әңгімелескен Сәбит БЕКСЕЙІТ.  ҚАРАҒАНДЫ.