Үкімет • 01 Қараша, 2022

Үкімет Ұлытау облысын дамыту жоспарын мақұлдады

292 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Ұлытау облысының 2022-2026 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары мақұлданды, деп хабарлайды Egemen.kz Primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Үкімет Ұлытау облысын дамыту жоспарын мақұлдады

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров жоспардың жобасы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленгенін хабарлады. Оны іске асыруға шамамен 1,4 трлн теңге инвестиция тарту жоспарлануда, бұл әртүрлі салаларда 120-дан астам іс-шараны орындауға мүмкіндік береді.

Мәселен, 9 жаңа зауыт пен өнеркәсіптік кешен, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу бойынша 11 инвестициялық жоба іске қосылады. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында 130 км жылу желілерін, 300 км су құбыры желілерін және 127 км су бұру желілерін салу және жаңғырту жоспарлануда.

Медициналық мекемелердің жетіспеушілігі проблемаларын шешу үшін 5 денсаулық сақтау объектісін салу және күрделі жөндеуден өткізу көзделген. Білім беру саласында 880 балаға арналған 4 жаңа балабақша мен 1100 оқушыға арналған 4 оқушылар сарайын іске қосу жоспарлануда, сондай-ақ мемлекеттік техникалық университет ғимаратын салу мәселесі пысықталады.

«Мәдениет және спорт саласында 6 мәдениет нысаны, оның ішінде музыкалық-драма театры, амфитеатр және 10 спорт нысанын салу және реконструкциялау жоспарлануда. Бұдан басқа, тұрғын үй проблемаларын шешу үшін шамамен 137 үйге әсер ететін Жезқазған қаласының тұрғын үй қорын және теміржол вокзалы және әуежай ғимаратын жаңарту жүргізілетін болады. Бұдан басқа, еліміздің басқа қалаларымен әуе қатынасының жаңа бағыттары ашылады деп болжануда, сондай-ақ 400 шақырымға жуық автожол салу, реконструкциялау және жөндеу көзделген», делінген Үкімет хабарламасында.

Сонымен қатар шағын және орта бизнесті дамыту және өңірдің минералдық-шикізат базасын кеңейту жөнінде шаралар қабылданады.

Жиын барысында облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы баяндама жасады.

Премьер-Министр металлургия, химия, жеңіл өнеркәсіп және машина жасау саласын дамыту бағытында Ұлытаудың әлеуеті өте зор екенін атап өтті. Қазақстандағы ең ірі мыс өндіруші кәсіпорын Ұлытау жерінде орналасқан.

«Кешенді жоспарды орындау жаңа облыстың дамуына айтарлықтай серпін береді және өңір халқының әл-ауқатын арттыруға жағдай жасайды. Сонымен қатар тұрғын үй және көлік инфрақұрылымын, әлеуметтік саланы дамыту бойынша жобалар іске асырылып, экологиялық проблемалар шешіледі», деді Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, металлургия өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығын қарқынды дамытуға ерекше назар аударылады.

Жеке инвестициялар есебінен орташа қуатты мұнай өңдеу зауыты, биоэлектр станциясы мен химия зауыты салынады.

Сонымен қатар энергетика саласында №2 Жезқазған жылу электр станциясын салу және Сәтбаев қаласында №1 жылу станциясын жаңғырту көзделіп отыр. Ал кәсіпкерлікті дамыту үшін Жезқазғанда көтерме-тарату орталығы, 3 қонақ үй кешені, демалыс үйі салынады. Сондай-ақ жергілікті бюджет қаражаты есебінен «Табысқа жету жолы» атты бизнесті қолдаудың өңірлік бағдарламалары әзірленеді.

«Ең бастысы, 2026 жылға дейін 9,5 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылады. Көріп отырғанымыздай, Кешенді жоспарда бірқатар өте маңызды іс-шара қамтылған», деді Әлихан Смайылов.

Сондай-ақ «Еңбек» футбол клубы жанданып, «Арыстан» балалар хоккей мектебі ашылады. 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап жаңа Ұлытау мемлекеттік техникалық университетіне студенттерді қабылдау жоспарлануда.

Халық санының өсуін ескере отырып, Жезқазған қаласында 60 үйді немесе 1800-ге жуық пәтерді қамтитын үш жаңа шағын аудан салынады. Жеке тұрғын үй құрылысына 1 мың учаске бөлінеді. Сондай – ақ, Жезқазған қаласындағы 26 апатты үйді және Сәтбаев қаласындағы 20 апатты үйді жаңарту жұмыстары жүргізіледі. Аталған іс-шараларға 62 млрд.теңгеден астам қаражат бағытталады.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту аясында 130 км жылу желілері салынып, жаңғыртылады, 300 км сумен жабдықтау және 127 км суды бұру желілері салынып, қайта жөнделеді. Сәтбаев қаласының тұрғындарын жылумен қамтамасыз ету және электр энергиясын өндіру үшін заманауи бу-газ қондырғысын салу қажет. Су құбыры желілерін жаңғырту есебінен облыс орталығы мен Жаңаарқа және Ұлытау аудандарының 12 елді мекендерінің тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарлануда. Инвестиция көлемі - 450 млрд. теңге.

Бұдан басқа, өңірдің газ инфрақұрылымын дамыту жобасын іске асыру үшін 34 млрд.теңгеден астам қаражат бөлінеді.

Жалпы сомасы 264 млрд.теңгеге 227 км облыстық автожолдар және 118 км қалаішілік және кентішілік жолдар салынады, қайта жөнделеді және жөнделеді.

Туризм саласын дамытуға 1,5 млрд. теңге бағыттау көзделген.

Жалпы, іс-шаралардың барлық кешенін іске асыру өнеркәсіп көлемінің 41% - ға, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі көлемінің 35% - ға өсуін қамтамасыз етеді. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 3,7 есе, ал ШОБ субъектілерінің өнім шығаруы 2,5 есеге өседі. 9,5 мыңнан астам жаңа тұрақты жұмыс орындары құрылады.

Отырыс қорытындысы бойынша, Үкімет басшысы Ұлттық экономика министрлігі мен Ұлытау облысының әкімдігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, жоспардағы барлық іс-шаралардың уақытылы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.