Ғылым • 01 Қараша, 2022

Теріскей тарихы тереңдейді

358 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің базасында Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты мен Ә.Марғұлан атындағы археология институтының филиал­да­ры ашылды.

Теріскей тарихы тереңдейді

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Жуырда Ш.Уәлиханов атын­да­ғы Тарих және этнология инс­ти­тутының директоры Зиябек Қабылдинов пен университет ректоры Ерлан Шолановтың аты­на Ғылым және жоғары бі­лім министрлігінен рұқсат хат келді. Со­ның нәтижесінде, Ш.Уәли­ха­нов атындағы Тарих және этнология институтының филиалы есептік тіркеуден өтіп, ресми түрде ашылды. Қазір филиалды құрудың ұйымдастыру жұ­мыс­тары жүргізіліп жатыр. Фи­лиалдарды орналастыру үшін университет ғимаратынан көлемі 111,2 шаршы метр болатын орын бөлініп, материалдық-техникалық жаб­дық­тармен қамтамасыз етіле­ді. Сонымен қатар филиалдар ғы­лыми қызметкерлермен қамты­лып, то­лық жұмыс істеуі үшін Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғы­лым комитеті тарапынан 2023 жыл­дан бастап базалық қаржы­лан­дыру көзделіп отыр.

Бұған дейін еліміздің солтүстік өңірі білікті тарихшылардың назарына түспеген-ді. Тарихтың ұңғыл-шұңғылымен тек жергілікті өлкета­нушылар мен әуесқойлар ғана шұ­ғылданып, тарихи публи­цис­тикалық еңбектер жазылды. Әсі­ресе «Асыл мұра» орталы­ғын­да қызмет істеген Қайролла Мұ­қанов, Социал Жұмабаев, Ғалым Қадыралин, филолог Зар­қын Тайшыбай, архивші Сәуле Мәлікова және басқа да өлке тарихына жанашырлық білдірген жандар көптеген мәселені рес­пуб­лика халқына танытты. Сол еңбектердің өзінен өлке тарихының сан қатпарлы екендігі көрініп тұра­тын. Алаш қозғалысы және оған қатысқан тұлғалар өмірі Қызылжар өңірін Алаштың бір орталығы деп тануға негіз боларлық еді. Қазақтан шыққан алғашқы миллионерлердің бірі, меценат Әлти қажының ауылында 10 мыңдай адам жи­налған Алаш форумы да толық зерттелген жоқ. Енді сол тұмса та­рих­тың қатпарларына кәсіби зерт­теу­ші­лердің ден қоятын кезі келді. Өңірдің ежелгі дәуірден қа­зір­ге дейінгі тарихын тың дерек­тер­ге сүйене отырып жан-жақ­ты зерттеу, нәтижелерін жария­лау, мамандар даярлау, бағдар­ла­­малық-нысаналық, гранттық қаржыландыру конкурстарына қатысу, тарих, археология, этнология мамандықтары бойынша бакалавриат, магистратура, PhD докторантура ашу және т.б. жұмыстар қолға алынады. Ғылыми-зерттеу институттар филиалдарының ашылуы аясында өңірде тарихшы, архео­лог, этнолог мамандарын даяр­­лайтын ғалымдарды тарту да ал­дағы уақыт еншісінде.

М.Қозыбаев атындағы Сол­түс­тік Қазақстан университеті рек­то­рының кеңесшісі, тарих ғы­­лымдарының докторы Ақмарал Ыбыраеваның айтуына қарағанда, қазір Ә.Марғұлан атындағы Архео­ло­г­ия институтының бас директоры Ақан Оңғар мен М.Қозыбаев атындағы СҚУ ректоры Ерлан Шо­ла­новтың министрлікке жазыл­ған ұсыныс хаты да қаралып, рұқсат қағаз келген. Әзірге осы ғылыми зерттеу институты Солтүстік Қа­зақ­стан өңірінің археологиялық ескерткіштерін есепке алу, қорғау және зерттеу мақсатындағы арнайы бағдарлама әзірлеп жатыр. Биыл тамыз айында Археология институты М.Қозыбаев университетінің ғалым­дарымен бірлесіп Ғы­лым ко­митеті жариялаған бағдар­ла­ма­лы-нысаналы қаржыландыру конкурсына «Солтүстік Қазақстан облысының археологиялық мұра­сын кешенді зерттеу, сақтау және насихаттау» тақырыбында арнайы ғылыми жоба ұсынып, қатысып отыр. Егер нәтиже оң шешілсе, елі­міздің солтүстік өңіріндегі ежелгі және орта ғасырлардағы біраз мә­се­ле жан-жақты зерделеніп, жа­рыққа шығар еді. «ҒЗИ-лар филиал­дарының Солтүстік Қазақ­стан университетінің базасында ашылуын өңірімізге жұмыс сапарымен келгенде Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қызу қолдайтынын айтты», дейді Ақмарал Ғосманқызы.

Белгілі ғылыми-зерттеу инс­­­ти­тут­­тарының филиалда­рын ашу мәселесі биыл 3 нау­ры­­­­з­да М.Қозыбаев атын­дағы Сол­­­түстік Қазақстан универ­си­те­тінің қабырғасында респуб­ли­ка мектептерінің тарих пәні мұға­­лімдеріне арналған съезде көте­ріл­ді. Тарихшылар қауымын топ­тастырған сол жиынның «Тә­уел­сіздіктің тарланы» атанған та­рих­шы-ғалым, академик Манаш Қабашұлының есімін алып отырған жоғары оқу орнында өтуінің өзіндік маңызы болғанын да айта кету керек. Осы съезде Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласын негізге алып, тарих ғылымын дамыту бойынша маңызды тапсырмалар белгіленгені, сол тапсырмалар аясында «Отан тарихы» пәнін оқытудың тұжырымдамалық жа­ңа жобасының әзірленетіні, «Қа­зақстан тарихы» академиялық 7 томдық жинағының дайындалатыны айтылып, қазіргі таңда тарих пәнінің тәрбиелік мәні, министрлік тарапынан бұл пәнге деген көзқарастың жаңарғаны аталған. Сонымен бірге сол кездегі Білім және ғылым ми­нистрі А.Ай­ма­ғамбетовке қа­зіргі таңда өңірдің тарихы мен мәдениетінің зерттелуінің кенже қалғаны, оны жүзеге асыру үшін арнайы бағ­дар­ламалы-нысаналық қаржы­лан­дыру бағдарламасының қажет­тігі, тарихшы, археолог, эт­но­лог ғалымдарды тарту үшін ғы­лы­ми-зерттеу институттарының филиалдарын ашу қажеттігі жайында солтүстікқазақстандық ғалымдар маңызды ұсыныстар жасаған. Сол ұсыныстар қабылданды. Міне, енді филиалдардың ашылу процесі жүріп жатыр.

Болашақта осы филиалдардан Қазақстанның аумақтық тұ­тас­­ты­ғына көз алартқан кейбір аран­да­ту­шы­лық мәлімдемелерді түбірімен жоққа шығаратын ғылыми тұ­жы­рым­дар да да­йындалады. Бұл, әсіре­се қазіргі геосаяси жағдайда стра­тегиялық маңызы зор құжат болары сөзсіз. Зерттеулер Солтүстік Қазақстан облысы аумағымен ғана шектелмей, Қостанай, Павлодар, Ақмола өңірлерін де қамтиды. Кешенді зерттеулердің табыс­ты болуы үшін бағдарламалы ны­сан­ды қаржыландыру конкурс­та­рына тың жобалар ұсыну ар­қылы қатысу өз нәтижесін бе­рері анық. Жобалардың негізгі мақсаты – тарихи-мәдени және табиғи мұраны сақтау және кеңінен пайдалану үшін мүмкіндіктер беретін Қазақстанның солтүстік облыстарының ежелгі заманнан бүгінге дейінгі тарихи дамуы туралы жан-жақты, терең зерделеу және біртұтас түсінік қалыптастыру. Бұл қатарда, әсіресе ежел­гі Ботай қонысының, Скиф-сақ мәде­ниетінің, Түркі қағанатының, Қыпшақ мемлекетінің, Қимақ мемлекетінің, Алтын Орданың, Сібір хандығының және Қазақ хандығының бір бөлігі болған Қазақстанның солтүстік айма­ғы­ның ежелгі, ортағасырлық кезеңін археологиялық қазба жұмыстары мен тарихи ғылыми зерттеулер жүргізу арқылы зерделеу ауқымды шаруа. Сондай-ақ Қазақстанның солтүстік облыстарының жаңа за­ман­дағы тарихын жан-жақты зерделеу, әсіресе Ресей импе­рия­сының отарлау саясатын, жоң­­ғар шапқыншылығына, ұлт-азат­тық көтерілістерге, көші-қон үде­ріс­теріне қарсы күресті зерттеу, көр­ші халықпен өзара іс-қимылда қазақ халқының шаруашылық-мәдени типтері ерекшеліктерінің негізгі өзгерістерін анықтап, жаңа көзқарас қалыптастыру ұсы­ны­латын жобалардың өзегі болуы керек. Солтүстік Қазақстан өңі­рін­дегі Алаш қозғалысы, Алаш қайраткерлерінің өмірі мен қыз­меті, мол рухани мұрасы, сонымен қатар тарихи атауларды қайтару мақсатында өңірдің ономастика және топонимика мәселелерін зерделеу де назардан тыс қалмауға тиіс.

 

ПЕТРОПАВЛ