Үкімет • 01 Қараша, 2022

Білім берудегі бетбұрыс

857 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Білім беруді дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді.

Білім берудегі бетбұрыс

Мектептерге академиялық автономия беріледі

Оқу-ағарту министрі Асхат Айма­ғам­бетов Білім беруді дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасы стра­тегиялық және бағдарламалық құжат­тарда белгіленген басымдықтарға, Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес дайындалғанын атап өтті. Тұжы­рымдаманы әзірлемес бұрын түрлі ха­лықаралық зерттеулер, талдаулар жүр­гізіліп, сарапшылар мен педагогикалық қауымдастық арасындағы талқылаулар ұйымдастырылды.

Құжатта ведомство құзыреттілігі бо­йынша 6 бағыт, 17 индикатор және 109 іс-шара көзделген. Министр бірінші кезекте балаларды ерте дамыту туралы айтып берді.

«Білім саласының ең маңызды деңгейі – балабақша. Зерттеулерге сәйкес, бала­ның интеллектуалды, әлеуметтік, эмо­циялық, физиологиялық дамуына ба­лабақшалардың әсері орасан зор. Сол себепті балаларды ерте дамытудың жаңа моделі енгізілуде. Бағдарлама да, оқыту әдістері да түбегейлі өзгеруде. Бұл тәуелсіздік жылдарынан бастағанда мектепке дейінгі білім жүйесіндегі ең үлкен өзгерістің бірі», деді А.Аймағамбетов.

Бұған дейін балалар 20 минуттан сабақ оқыса, енді халықаралық тәжірибені ескере отырып, тәрбие мен оқыту балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес, ойын арқылы жүргізіледі. Сонымен қатар 2-ден 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі біліммен қамтамасыз ету үшін жаңа балабақшалар ашылады, мемлекеттік тапсырысты жекеменшік балабақшаларға орналастыру жұмыстары жалғасады.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес тәрбиешілердің жүктемесі азайып, жалақысы көбейтіледі. Тәрбиешілердің біліктілігін арттыру және аттестаттау жұмыстары ұйымдастырылады. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша тағы да қосымша кешенді шаралар қарастырылды», деді А.Аймағамбетов.

Орта білім берудегі өзекті мәселе – білім мазмұны мен білім сапасы. Бұл ретте 2016 жылдан 2021 жылға дейін мектептер жаңартылған бағдарламаларға көшіп, критериалды бағалау жүйесі енгізілді. Мониторингтік зерттеулерге сәй­кес, жекелеген пәндер бойынша оқу бағ­дар­ламалары жетілдіруді қажет етеді. Қазір жұмыс тобы құрылды, жаңа мемлекеттік стандарттар мен оқу бағдарламалары әзірленуде. Мектептерге кезең-кезеңімен академиялық автономия берілетін болады.

«Білім беру сапасын сырттай, тәуелсіз бағалау жүйесі енгізіледі, мектептердің аттес­таттау жүйесі репрессивті мазмұн­нан, диагностикалық бағытқа ауысады, мек­тептегі қорытынды бағалаудың нәтиже­сін халықаралық деңгейде тану бойын­ша жұмыстар жүргізіледі», деді А.Айма­ғамбетов.

Мемлекет басшысы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру жөнінде тапсырма берді. Ұлттық жоба аясында 2025 жылдың соңына дейін 800 мыңнан астам оқушы орны беріледі. Бұл үш ауысымды және апатты мектептер мәселесін толығымен шешеді.

«Жаңа мектептер үшін құрылыс пен жарақтандырудың ең жоғары, заманауи және бірыңғай стандарттары қолданылады. Келесі жылы бұрын-соңды болмаған көлемде мектептердің құры­лысы басталады. Мысалы, Алматы қаласы бо­йынша әкімдікпен бірге жаңа 20 мек­тептің құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз, сәйкесінше 2024 жылы Алма­тыда 80 мың орын салынып, проблема толығымен шешіледі», деді А.Аймағамбетов.

Астана қаласы бойынша да осындай жоспар бар.

Білім саласындағы қызметтер цифрландырылады

Оқу-ағарту министрі білім беру жүйе­сінде цифрландыруды енгізу мәселелері бойынша бірінші кезекте мектепке дейінгі білім беру мәселелеріне назар аударды.

Бүгінгі таңда балабақшаларға кезек цифрлық форматқа көшірілді. Өңір­лер деңгейінде кезекке қою үшін 44 ақпа­раттық жүйе пайдаланылады. Бұл кезектің қайталануына және балабақшалардағы орындардың нақты қажеттілігі туралы бірыңғай мониторинг пен деректердің болмауына әкеледі.

«Осы мәселені шешу мақсатында орталықтандырылған балабақшаларға бірыңғай кезек енгізіледі. Бұл балабақ­шалардағы кезекке тұруды, берілген жолдамаларды бақылауға, орындарды бөлу кезінде тәуекелдерді болдырмауға мүмкіндік береді», деді А.Аймағамбетов.

Әр педагогтің цифрлық портфолиосы енгізіледі, онда оның аттестациясы, жұмысқа қабылдау рәсімі, конкурстарға қатысуы туралы ақпарат ұсынылады. Сондай-ақ мектептердегі оқулықтарды таңдау мен мониторингтеу цифрлық форматқа көшіріледі.

«Аттестаттар мен дипломдар QR-кодпен цифрлық форматта беріледі, әр оқушының да цифрлық профилі енгізіледі. Ең қажетті қызметтер толығымен Egov пен ірі банктердің мобильді қосымшаларында қолжетімді болады. Колледждерде білім беру бағдарламаларының бірыңғай электрондық тізілімі жасалады, сондай-ақ студенттің профилі (академиялық жетістіктері, әлеуметтік GPA, құзыреттер картасы) қалыптастырылады және QR-кодты генерациялай отырып, цифрлық дип­ломдар беріледі», деді А.Аймағамбетов.

Маңызды бағыттардың бірі – ерекше балаларды қолдау. Заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес елімізде тағы 33 ПМПК және 23 түзету кабинеті ашылады.

Тәрбиеге ден қойылмақ

Оқу-ағарту министрі Тұжырымдамада тәрбиенің, адами құндылықтардың, отбасылық тәрбиенің маңыздылығы ерекше орын алатынын атап өтті. Оқыту барысында «Құндылықтарға негізделген білім беру» тәсілі қолданылады. Сондай-ақ білімге құштарлық, еңбекқорлық, отан­сүйгіштік, ұлттық мұраны қастерлеу, бір-бірімен сыйластық пен ынтымақтастық, мейі­рімділік пен қамқорлық, мемлекеттік мүд­дені қорғауға дайын болу сияқты не­гіз­гі құндылықтар негізінде «Толық адам» ұлттық тәрбие моделі іске асырылады.

Сонымен қатар мұғалімдердің кәсі­би құзыреттін арттыруға ерекше назар аударылады. 2021 жылдан бастап педа­го­гикалық жұмысқа тұру үшін сертификаттау енгізілді. Яғни жұмысқа тұру үшін диплом жеткіліксіз, міндетті түрде өз пәні және әдістеме бойынша тестілеуден өту қажет. 2023 жылдан бастап біліктілікті арттыру курстарынан өту кезеңділігі өзгертіледі. Енді ол 5 жылда бір емес, 3 жылда бір рет болады. Білікті кадрларды даярлау және біліктілігін арттыру үшін «Педагог» жаңа кәсіби стандарты енгізіледі», деді А.Аймағамбетов.

Министр жетім балаларды қолдау үшін отбасылық құрылымның баламалы нысаны – кәсіби отбасы институты енгізілетінін айтты.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жастар жұмысшы мамандықтар бойынша 100% қамтылады. Биыл гранттар саны ұлғайтылып, рекордтық 128 мың орынды құрады. Енді студенттерге бір емес, үш құзыреттілікке дейін алып шығу мүмкіндігі берілді», деді А.Аймағамбетов.

Биылдан бастап колледждерге акаде­миялық дербестік берілді. Бұл шара кадр­ларды даярлау сапасын арттыруға толы­ғымен мүмкіндік берді.

Жоғары білім қолжетімді болады

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өз баяндамасында бүгінде жоғары білім саласында ұстанып отырған саясат тікелей мемлекеттік мүддемен ұштасатынын, сондай-ақ ұлттық мақсат­тарға қол жеткізуге бағытталғанын атап өтті. Ол жоғары білімге қолжетімділік кеңей­тіле түсетінін, атап айтқанда, Ұлттық бірыңғай тестілеу талапкердің оқу же­тістіктері мен әлеуметтік жағдайын ескеретін көрсеткіштер бо­йынша жетілдірілетінін жеткізді. Аталған тәсіл грант бағасы жүйесіне (30%дан 100%-ға дейін) дифференциация енгізуде де қолданылады. Білім алушы­ларға 2-3%-дық жеңілдетілген несие алу мүм­кіндіктері де жоспарлануда. Студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету үшін университеттермен және құрылыс компанияларымен мемлекет-жекеменшік әріптестік тетігі жетілдіріледі.

Қазіргі уақытта «Жаңа мамандықтар атласы» жасалды. Осы ретте өңірлік стандарттар әзірленетін болады. Бұл Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасына енген «Мамандығым – болашағым» жобасын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Интернет байланысы жақсарады

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің хабарлауынша, бүгінде елімізде 7 мыңнан астам мемлекеттік мектептің 7 078-і Интернет желісіне қосылған. Оның 5 122-сі – ауылдық, 1 956-сы – қалалық мек­­теп. Интернетке қосылмаған 20 мек­теп­тің 15-і ауылдық, ал 5-і – қалалық мектеп.

«Халықаралық электр байланыс одағының талабына сәйкес оқушы саны 400-ден асатын мектептерге интернет жылдамдығы 20 оқушыға секундына кем дегенде 1 Мб болуға тиіс. Біздің талдауымыз көрсеткендей, 6 414 мектепте жылдамдық (7078-дің 90,61%) ХЭБО талаптарына сәйкес келмейді. Қазір 664 мектепте интернет жылдамдығы аталған талаптарға сәйкес келеді», деді Б.Мусин.

Ал 2 810 мектеп осы талапқа сәйкес келмесе де, олар орналасқан елді мекендерде талшықты-оптикалық байланыс желілері бар. Осыған байланысты әкімдіктер аталған мектептерде интернет жылдамдығын арттыруға қаражат бөліп, тиісті жұмыстарды жүргізуі қажет. Бұған қоса, 266 мектеп орналасқан елді мекенде талшықты-оптикалық желі салу қажет. Сондай-ақ 2 784 мектепте талшықты-оптикалық немесе радио-релейлік байланыс желілерінің болмауы салдарынан интернет жылдамдығын арттыру мүмкіндігі мүлдем жоқ.

«Ал шалғай орналасқан ауылдық жерлердегі 574 мектепке байланыс желілері спутниктік технологияларды пайдалана отырып ұйымдастырылады», деді Б.Мусин.

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Балабақшадан университетке дейін сапалы білім

Баяндамашыларды тыңдаған Пре­мьер-Министр ұсынылып отырған Тұжы­рымдама балабақшадан бастап университетке дейінгі оқытудың барлық деңгейінде са­палы білім алуға қолжетімділікті қам­тамасыз етуге бағытталғанын атап өтті.

«Құжатта барынша биік мақсаттарды көздейтін нысаналы индикаторлар айқындалған. 2026 жылға қарай мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының барлығы тәрбие және оқыту сапасын бағалаудың халықаралық құралдарын енгізеді. Ата-аналар білім беру жүйесіндегі «жан басына қаржыландыру» қағидаты бо­йынша кез келген балабақшадан орын таңдай алады. Сонымен қатар құжатта Балалардың амандығы мен әл-ауқаты индексін және интерактивті картасын іске асыру шаралары көзделген», деді Ә.Смайылов.

Ол Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес мектептерде жайлы және қауіпсіз орта құру мақсатында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы әзірленіп жатқанын еске салды. Шағын комплектілі мектептерде білім беру сапасын жақсарту үшін «Мобильді мұғалім», «Оқу үлгерімі төмен мектептерге мықты мектептердің қамқорлығы», «Қамқор жанұя» жобалары енгізілуде.

Сонымен қатар 2025 жылға қарай жаңа құрылыс стандарттары бойынша жалпы саны 840 мың орынға арналған мектептер салу жоспарланған.

«Тұжырымдаманың барлық жоспары, сайып келгенде, балалардың сапалы және жан-жақты дамуын қамтамасыз етуі керек. Сондықтан балалардың бойындағы білім нәтижесін бағалаудың барлық деңгейде мойындалған әдістемелерін енгізуге ерекше назар аудару қажет», деді Премьер-Министр.

Үкімет басшысының айтуынша, жастарды кәсіпкерлік дағдыларына оқыту үшін колледждер, оның ішінде ауылдық колледждер жанынан шағын инновациялық кәсіпорындар құрылады. Бұл колледж түлектерінің 75%-ын оқу бітіргеннен кейін бірден жұмысқа орналастыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жетекші жоғары оқу орындарын зерттеу университеттеріне трансформациялау жүруде, беделді шетелдік университеттер филиалдарының саны да артады.

2026 жылға қарай бакалавр стипен­дия­сының мөлшері 2 есеге, магистранттар мен докторант стипендиясы 1,5 есеге артады.

Жоспарланған іс-шараларды іске асыру білім беру сапасын жақсартуға және Қазақстанның халықаралық білім беру рейтингтеріндегі көрсеткіштерін арттыруға мүмкіндік береді.

Ұсынылған Тұжырымдама дауыс беру арқылы бекітілгеннен кейін Пре­мьер-Министр Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктеріне мүдделі мемлекеттік органдармен және әкім­дік­термен бірлесіп, оның іс-шараларын уақтылы орындауды қамтамасыз етуді, сонымен қатар Тұжырымдаманы «Білімді ұлт» ұлттық жобасымен, «Жайлы мектеп» жобасымен үйлестіру жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі білім беру ұйымдарын сапалы интернетпен қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауы қажет.

Ұлытау облысының кешенді даму жоспары мақұлданды

Үкімет отырысында Ұлытау облы­сының 2022-2026 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары мақұлданды.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров жоспардың жобасы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленгенін хабарлады. Оны іске асыруға шамамен 1,4 трлн теңге инвестиция тарту жоспарланды. Бұл әртүрлі салада 120-дан астам іс-шараны орындауға мүмкіндік береді. Мәселен, 9 жаңа зауыт пен өнеркәсіптік кешен, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу бойынша 11 инвестициялық жоба іске қосылады. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында 130 км жылу желісін, 300 км су құбыры желісін және 127 км су бұру желісін салу және жаңғырту жоспарланды.

Медициналық мекемелердің жетіс­пеу­шілігі проблемаларын шешу үшін 5 денсаулық сақтау объектісін салу және күрделі жөндеуден өткізу көзделген. Білім беру саласында 880 балаға арналған 4 жаңа балабақша мен 1 100 оқушыға арналған 4 оқушылар сарайын іске қосу жоспарланды, сондай-ақ мемлекеттік техникалық университет ғимаратын салу мәселесі пысықталады.

Мәдениет және спорт саласында 6 мәдениет нысаны, оның ішінде музыкалық-драма театры, амфитеатр және 10 спорт нысанын салу және реконструкциялау жоспарлануда.

Бұдан басқа, тұрғын үй проблемаларын шешу үшін шамамен 137 үйге әсер ететін Жезқазған қаласының тұрғын үй қоры мен темір жол вокзалы және әуежай ғимараты жаңартылады. Бұдан басқа, еліміздің басқа қалаларымен әуе қатынасының жаңа бағыттары ашылады, сондай-ақ 400 шақырымға жуық автожол салу, реконструкциялау және жөндеу көзделген. Сонымен қатар шағын және орта бизнесті дамыту және өңірдің минералдық-шикізат базасын кеңейту жөнінде шаралар қабылданады.

Осы тақырыпта облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы да баяндама жасады.

Премьер-Министр металлургия, химия, жеңіл өнеркәсіп және машина жасау саласын дамыту бағытында Ұлытаудың әлеуеті өте зор екенін атап өтті. Қазақстандағы ең ірі мыс өндіруші кәсіпорын Ұлытау жерінде орналасқан.

«Кешенді жоспарды орындау жаңа об­лыстың дамуына айтарлықтай серпін береді және өңір халқының әл-ауқатын арттыруға жағдай жасайды. Сонымен қатар тұрғын үй және көлік инфрақұрылымын, әлеуметтік саланы дамыту бойынша жобалар іске асырылып, экологиялық проблемалар шешілетін болады», деді Ә.Смайылов.

Оның айтуынша, металлургия өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығын қарқынды дамытуға ерекше назар аударылады. Жеке инвестициялар есебінен орташа қуатты мұнай өңдеу зауыты, биоэлектр стансасы мен химия зауыты салынады. Сонымен қатар энергетика саласында №2 Жезқазған жылу электр стансасын салу және Сәтбаев қаласында №1 жылу стансасын жаңғырту көзделіп отыр. Ал кәсіпкерлікті дамыту үшін Жезқазғанда көтерме-тарату орталығы, 3 қонақүй кешені, демалыс үйі салынады. Сондай-ақ жергілікті бюджет қаражаты есебінен «Табысқа жету жолы» атты бизнесті қолдаудың өңірлік бағдарламалары әзірленеді. «Ең бастысы, 2026 жылға дейін 9,5 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылады. Көріп отырғанымыздай, Кешенді жоспарда бірқатар маңызды іс-шара қамтылған», деді Ә.Смайылов.

Премьер-Министр Ұлттық экономика министрлігі мен Ұлытау облысының әкімдігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, жоспардағы барлық іс-шараның уақтылы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.