Саясат • 02 Қараша, 2022

«Ақтау теңіз порты» – экономикалық қажеттілік

453 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Маңғыстау облысында сенаторлар, орталық мемлекеттік органдардың және оларға бағынысты ведомство басшылары, бизнес өкілдерінің қатысуымен «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағында Парламент Сенатының депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы С.Трұмовтың басшылығымен кеңейтілген отырыс өтті.

«Ақтау теңіз порты» – экономикалық қажеттілік

Отырыс барысында Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Б.Орынбасаров өңірдегі өнеркәсіп салаларының ағымдағы жағдайы, кәсіпкерлерге жасалып жатқан қолдау шаралары, экономикалық аймақтың қызметіндегі ағымдағы мәселелер мен алдағы жоспарлары туралы баяндама жасады. Сондай-ақ жергілікті уәкілетті органдардың, экономикалық аймақ басшылығының ақпараты мен есептері, экономикалық аймақтардың қызметін реттейтін орталық уәкілетті органның заңнамаларға енгізетін өзгерістер мен толықтырулар туралы ақпараты тыңдалды.

Сенаттың Қаржы және бюджет ко­митетінің депутаттары арнайы эконо­микалық аймақтардың қызметін жетіл­діру тетіктерін зерделеу мақсатында АЭА-ның бірқатар нысандарын аралады.

Сенаторлар еліміздегі қолайлы инвес­тициялық ахуалды дамытуға және экспортқа бағдарланған жобаларды іске асыру үшін отандық және шетелдік инвестиция тартуға бағытталған «Ақтау теңіз порты» АЭА-да болды. Депутаттар экономикалық аймақтың жалпы аумағы 9 субаймақтан тұратыны және ауданы 2 140 гектарды құрайтыны туралы хабардар болды.

Парламентшілер сонымен қатар жол битумын өндіру кәсіпорнының жұмысымен танысты және «Құрық» порты мен «Ақтау теңіз сауда» портында болды.

«Біздің аймаққа келуіміздің мақсаты – арнайы экономикалық аймақ қыз­метімен танысу, құрылыстың аяқталмауы және инфрақұрылымды жүргізу, өңдеу өнеркәсібіне жеке инвестиция­ларды тарту деңгейі бойынша мәселелерді талқылау, сондай-ақ арнайы экономикалық аймақ­тарда қолданыстағы және іске асырылып жатқан жобаларды қарастыру», деді комитет төрағасы С.Трұмов.

«Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағында қазіргі таңда 47 компания тіркелген, 1 700-ден астам жаңа жұмыс орнын құрумен жалпы көлемі 266,1 млрд теңге құрайтын инвестициялар, оның ішінде 168,7 шетелдік инвестициялар салынды, 406,7 млрд теңгеге өнім өндіріліп, 54,2 млрд теңге салық төленді. Аталған көрсеткіштер бойынша «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағы еліміздегі экономикалық аймақ­тар көшбасшыларының қатарына кіріп отыр.

Қазіргі уақытта экспорттың негізгі арналары Әзербайжан, Ресей, Өзбекстан, Украина, Германия, Франция елдері болса, аймақтағы шетелдік инвесторлар Қытай, Ұлыбритания, Әзербайжан, Сингапур, Түркия, Германия мемлекеттері саналады.

Негізгі бағыттары өңдеу өнеркәсібі, яғни материалдар өндірісі, мұнай-химия, құрылыс өнеркәсібі үшін материалдар, машиналар мен жабдықтар өндіру, қойма және логистика, туризмді дамыту болып табылатын экономикалық аймақта 25 өндірістік қызметке басымдық берілген.

Экономикалық аймақта жобаларды іске асыру үшін барлық жағдай жасалған, қажетті инфрақұрылым жүргізілген, салықтық және кедендік пре­фе­ренциялар ұсынылады. Соны­мен қатар жобаларды қолдау және олар­­дың мониторингі жүзеге асырылады, инвесторларға жергілікті атқару­шы және уәкілетті органдармен, маман­дан­дырылған ұйымдармен өзара іс-қимыл жасауда жәрдем көрсетіледі.

Алдағы уақытта өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін арттыру бойынша іс-шараларды іске асыру жоспарланған. Осы мақсатта Ақтау теңіз сауда портының АЭА қатысушылары ретінде тіркей отыра, «Баутино» жүк ауданы мен Құрық портының аумағын АЭА құрамына қосу туралы мәселесі тиісті мемлекеттік органдардың қаралуына жіберілген. Осы іс-шаралар аясында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың өңірде контейнерлік хаб құру жөніндегі тапсырмасын іске асыру АЭА аумағында да жоспарланып отыр, экономикалық аймақта ауданы 19 га жер учаскесі резервке қойылған.

Отырыс қорытындысы бойынша Пар­ламент Сенатының депутаттары эконо­микалық аймақтардың дамуына бағыт­талған пікірлерін білдіріп, экономи­калық аймақтардың еліміздің әлеумет­тік-экономикалық дамуындағы орнын ерекше атап өтті. Экономикалық аймақ­тың өңірде жұмыс істеуі елеулі әлеумет­тік-экономикалық тиімділік әкеледі және өңірге инвестициялар тарту үшін қолайлы алаң болып табылатындықтан, олар «Ақтау теңіз порты» арнайы эко­номикалық аймағын дамытуға қажетті іс-шараларды анықтап, бұл бағыттағы жұмыстарды күшейту қажеттігін атап өтті.

Депутаттар комитет мүшелерінің өңірлерге сапарының қорытындысы бойынша «Арнайы экономикалық аймақтардың нақты жай-күйі және жұмыс істеуінің алдағы перспективалары» тақырыбында кеңейтілген дөңгелек үстел өткізілетінін айтты. Онда осы сапарда көтерілген барлық мәселе талқыға салынады.

 

Маңғыстау облысы