ANTIKOR • 03 Қараша, 2022

Жемқорлардан тәркіленген қаражатқа мектеп салынады

331 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ақтөбе облысында сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарының қорытындысы бойынша осы жылдың қыркүйегінде жемқорлық жасаған лауазымды тұлғалар 197 миллион теңге сомасында келтірілген залалды өтеп шықты, деп хабарлайды Egemen.kz ANTIKOR баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жемқорлардан тәркіленген қаражатқа мектеп салынады

Облыс әкімдігінің келісімі бойынша өндірілген қаражат Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Құмжарған ауылындағы мектеп құрылысын аяқтауға бағытталады.

«Құмжарған ауылында мектеп 2019 жылдың қаңтар айында ашылып, ескі мектепте (1974 жылы салынған) оқыған 54 отбасынан шыққан балалардың мәселесін шешу жоспарланған болатын. Алайда мердігер компанияның міндеттемелерін орындамауына және немқұрайлылық танытуына байланысты мектеп жұмысы іске қосылмаған. Қазіргі уақытта нысанға жаңа мердігер тартылып, оны аяқтау үшін 150 миллион теңге бөлінеді», делінген хабарламада.

Сондай-ақ өтелген ақшалай қаражаттың бір бөлігі Ақтөбе қаласының аумағында еліміздегі ең ірі workout алаңдарының бірін салу үшін пайдаланылады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жемқорлық құқық бұзушылықтар бойынша өтелген ақшалай қаражатқа мектеп салу туралы тапсырмасын орындау бойынша жұмысты жалғастыруда.