Осы ретте Үкімет пен жергілікті ӘКК-лер негізгі назарды Павлодар өңірінің көкөніс өсірушілеріне аударып отырған сыңайлы. Себебі бұл аймақта өніп шыққан «екінші нан» мен сәбіз облыс халқының сұранысынан ондаған есе асып түседі. Екінші жағынан алғанда өнім нарықта сапалық қасиетімен әрі ұзақ уақытқа сақталатынымен ерекше. Мұны ескерген Сауда және интеграция министрлігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері өзге өңірлердің делегацияларын жинап, Павлодар облысына бастап келді. Олар жергілікті өндірушілермен кездесіп, қысқа қажетті өнім түрлері бойынша өз сұраныстарын жеткізді.
Өңірге жұмыс сапарымен келген Сауда және интеграция министрлігінің бірінші вице-министрі Арман Шаққалиев пен Ауыл шаруашылығының вице-министрі Жеңіс Өсербай көкөніс өсірушілермен кездесуде аймақтар арасындағы сатып алудың жаңа жүйесі жолға қойылса, жергілікті нарықты сапалы өніммен толық қамту мүмкін болатынын атап өтті.
– Отандық агроөнеркәсіп қорларының форматын өзгертетін уақыт жетті. Форвардтық сатып алу тәсілі өндірушіден тікелей тұтынушыға жететіндей жүйеде қалыптасуы керек деп отырмыз. Павлодар облысы ауылшаруашылық тауарларының бірнеше түрі бойынша «тірек өндіруші» саналады. Бұл әлеуетті пайдалану үшін аймақтар арасындағы байланысты жолға қою керек. Жергілікті ӘКК-лер мен әкімдіктер осылайша жанды байланыс жасап, азық-түлік тауарларын сатып алуда уағдаласып жатса, одан ешкім ұтылмайды. Облыстардың тұрақтандыру қорларында кейде маусымаралық кезеңде өнім жетіспеушілігі бойынша мәселе туындайды. Мәжбүрлі түрде сырттан шетелдің өнімін сатып әкелеміз. Ол біздің нарыққа түскенде өте қымбат болып шыға келеді. Сондықтан өзімізде өніп шығатын берекені тиімді түрде пайдалануға көшетін уақыт жетті, – дейді А.Шаққалиев.
Ал Ж.Өсербайдың пікіріне ден қойсақ, маусымаралық кезеңде картоп пен сәбіздің базардағы бағасы килосына 200 теңгеден аспауы керек. Үкіметтің қолдауымен қазір форвардтық сатып алулар жүзеге асырылып жатыр. Ел бойынша шамамен 200 мың тоннадай ауылшаруашылық дақылдары тұрақтандыру қорлары үшін сатып алынбақ. Дегенмен өнім өндірушілер тауардың сақталуы мен сұрыпталуына, тиісті жеріне дейін жеткізілуіне жауапты болуы керек. Мәселен, Павлодар облысындағы көкөніс сақтау қоймаларының басым бөлігі заманға сай технологиямен жабдықталуының нәтижесінде күзде жиналған өнімді мамыр айына дейін сақтауға мүмкіндік мол. Үкімет келер жылдан бастап форвардтық сатып алу қағидаларына шаруалар үшін тиімді болатын бірнеше тармақ енгізбек. Яғни шаруашылықтардың науқанды жүргізуіне қажетті демеу қаржылар дер мерзімінде төленуге жағдай жасалады. Мысалы, Түркістан облысының диқандары мен көкөніс өсірушілеріне ерте пісетін дақылдар үшін ерте көктемде қаржы беріледі.
«Мемлекет басшысының әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру жөніндегі тапсырмасын орындау үшін Кереку өңірінде мүмкіндік жеткілікті», дейді Павлодар облысы әкімінің орынбасары Мейрам Өтешов. Бір ғана картоп және сәбіз бойынша облыс – еліміздегі негізгі өндірушілердің бірі. Ағымдағы жылы өңір халқының қажеттілігінен 10 есеге көп картоп жиналды, яғни 776,5 мың тонна. Өнімнің аталған түрі бойынша республикалық көрсеткіштегі үлесіміз 14 пайыздан асады. Ал жиналған көкөністердің жалпы көлемі 210 мың тоннаны құрады, оның ішінде сәбіз – 169 мың тонна (облыс тұрғындарының сұранысынан 9 есеге көп). Елімізде жиналған сәбіздің 27 пайызын біздің шаруалар беріп отырған көрінеді.
– Алдағы қыс-көктем кезеңдері үшін жергілікті көкөніс қоймаларына 317 мың тонна картоп, 120 мың тонна сәбіз салынды. Осы уақыт аралығында аймақ жұртшылығы шамамен 50 мың тонна картоп, 11,4 мың тонна сәбізді тұтынады. Сондықтан картоп және көкөніс өсірушілердің қолында сыртқа экспорттау үшін 218 мың тонна картоп, 100 мың тонна сәбіз қалып отыр. Өзге облыстардың әкімдіктері мен ӘКК-лері біздің кәсіпкерлермен тиімді бағаға келісе отырып, өз тұрақтандыру қорларын қамтамасыз етудің орайы туып тұр. Біз өзімізде аз өнімдердің кейбір түрін сырттан сатып алып жатырмыз. Мәселен, осы жақында ғана Таразға барып, 300 тонна пиязды сатып алуға шаруалармен шартқа отырдық. Олар пиязды сапалы сақтау технологиясын жақсы меңгерген. Сондықтан өліара кезеңге дейін өнімді толық күйінде сақтап, бізге жеткізіп бересіңдер деген талап қойдық. Жалпы, қай өнім түрі болсын, белгілі бір мерзімге дейін өндірушінің қоймасында сақталып тұрғаны дұрыс. Себебі тауарды қалыпты ұстаудың қыр-сырын өндірушіден артық білетін адам болмайды. Ал жеткізу мәселесін өзара келісіп алған абзал. Себебі температураны қалыпты ұстап тұратын термовагондар мен рефрижераторлар барлық жерде бола бермеуі мүмкін, – дейді облыс әкімінің орынбасары.
Қос вице-министр жұмыс сапары барысында жергілікті «Атамекен» ҰКП алаңында азаматтарды жеке қабылдап, коммерциялық емес ұйымдармен, бизнес-қоғамдастық өкілдерімен кездесулер өткізді. Сондай-ақ өңірлік кәсіпкерлер палатасының, еліміздің барлық өңіріндегі ӘКК өкілдерінің қатысуымен республиканың ішкі нарығын картоп және сәбізбен қамтамасыз ету мәселесін қаузаған жиын ұйымдастырылды. Онда павлодарлық ірі картоп өсірушілер өз ұсыныс-пікірлерін жеткізді.
«Пахарь» ЖШС-ның директоры Олег Литвиненко картопты сақтау мәселесінде біраз мәселе бар екенін түсіндірді. Арнайы жабдықталған заманға сай қоймаларда температура қалыпты деңгейде ұсталып тұратынына қарамастан өнімнің біраз бөлігі мамырға дейін бәрібір бүлініп кетеді. «Біз нарықтың ашық болғанын қолдаймыз. Дегенмен өзге өңірлер картоп пен сәбіз сатып алу кезінде бағаның жергілікті нарықтан арзан болмауға тиістігін білуі керек. Өйтсек, біз ұтыламыз. Өнім 9 ай сақталғанда кей жылдары көкөністің 20-25 пайызға дейінгі көлемі сатуға жарамай қалған», деп мұңын шақты көкөніс өсіруші. Ал «Ақтоғай-Агро» ЖШС-ның бас директоры Александр Терентьев серіктестік көп жылдан бері Атырау, Маңғыстау аймақтарына азық дақылдарын тонналап жеткізіп келе жатқанын, өнімді сақтау, жеткізуде ешбір мәселе туындамайтынын айтып өтті. Сондықтан қорқатын ештеңе жоқ. Термовагондар мен рефрижераторларға тапсырыс беруге болады, тек мәселе тиімді бағаға қатысты.
Атырау облысындағы «Атырау» ӘКК басқарма төрағасының орынбасары Амантай Айтбаев былтыр аталған корпорация форвардтық сатып алу бойынша жергілікті шаруалардан 2 мың тоннадан астам азық дақылдарын алса, биыл 5,5 мың тоннадан астам ауылшаруашылық өнімін алуға шарт жасалғанын айтады. Мысалы, картоптың килосын жергілікті шаруалар 165 теңгеден беруге уәде еткен. Атыраулық өндірушілердің әлеуеті нарықты жабуға жетпейтіндіктен жыл сайын еліміздің оңтүстігі мен солтүстігінен, Қырғызстаннан, Әзербайжаннан, Ресейден, Ираннан тонналап өнім сатып алынады. Алдағы уақытта шетелден әкелінетін өнімнің орнын отандық нарықтағы өндірушілер алмастырады деген ниетте.
Павлодар ауданында орналасқан «Андас» шаруа қожалығының басшысы Зейнолла Сәлменбаев алушылар табылса 40 мың тоннадай картопты тиімді бағада сатуға келісіп отыр. Айтуынша, биыл қожалық 50 мың тоннадай картоп жинаған. Жергілікті нарық жеткізушілеріне килосын 110 теңгеден берсе, еліміздің өзге өңірлерінен қолқа салып келіп отырған ӘКК өкілдеріне 133-140 теңгеден босатуға мүдделі. Бағаның сыртқа қымбат болатын себебі өнімді қыс бойы сақтау, жеткізу мәселелері қосымша шығын әкеледі. «Аңдастың» иелігінде заманға сай жабдықталған 45 мың тонналық қойма бар. Павлодар облысының тұрақтандыру қорына 1 мың тонна картоп беруге шартқа отырып қойыпты. Қалған өнімді асықпай тиімді бағада сатпақ.
– Картоптың «Вега», «Конкорд», «Коломбо», «Гала» секілді кең таралған түрлерін өсіреміз. Өзбекстан халқы «Веганы», өзіміздің жергілікті жұрт «Коломбо» сорттарын ұнатады. Біздің картобымызды Түрікменстан, Ресей мемлекеттері де алып отыр. Ресейдің көршілес аймақтары көктемде тонналап сатып әкетеді. Ол жақта өсірілетін түйнектер ұзақ уақыт сақтауға жарамсыз. Барнаул, Кемеров, Омбы, Томбы, Новосібір қалаларының жеткізушілері тұрақты байланыс орнатқан. Мақтануға тұрарлық ерекшелігімізді айтайын, егіс алқаптарымызда өсірілетін өнімдеріміз сақтауға өте төзімді. Мамырға дейін сақтағанда өнімнің көп болса 5-10 пайызы ғана бүлінеді. Жыл сайын танаптарды ауыстырып, картоптың тұқымдық сапасын сақтап қалуға тырысамыз. Бір жерге жыл сайын картоп отырғыза берсең өсімдік ауруға ұшырайды, сапасы төмендейді. Ал сұрыптық қасиетін сақтасаң, картоп гендік ерекшелігін жоғалтпайды, – дейді көпжылдық тәжірибесі бар Зейнолла Қайрошұлы.
Сөз соңында айтарымыз, жергілікті басшылықтар өңірлердегі халықтың жағдайын жасап, әлеуметтік бағада сатылатын картоп пен сәбізді молынан қамтып қалуға тырысып жатқандары қуантарлық. Дей тұрғанмен, қыс аяғы ұзағанда нарықта дәмсіз картоптар толып кететіні бар. Биыл жыл басында Павлодар облысының тұтынушылары тарапынан әлеуметтік картоптың сапасына қатысты наразылық туындаған. Сондықтан өнімді сақтап, жеткізушілер сапа мәселесін басты орынға қоюы керек, ал бақылаушы органдар тауар қауіпсіздігін қадағалауы қажет деп санаймыз. Бастаманың басы – дардай, аяғы қылдай болмаса екен.
Павлодар облысы