Үкімет • 03 Қараша, 2022

Демократия институттарын дамытудың нақты көрінісі

162 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті. Жиын барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауын іске асыруға қатысты бірқатар құжат қабылданды.

Демократия институттарын дамытудың нақты көрінісі

Әділетті Қазақстанға жасалған маңызды қадам

Сенат Төрағасы Қарағанды облысының Шахтинск қала­сындағы «АрселорМиттал Темір­тау» АҚ шахтасында болған апат салдарынан қаза тапқан жұмысшылардың отбасы­ларына көңіл айтты және зардап шеккендердің тезірек сауы­ғып кетуіне тілектестігін білдірді. Мәулен Әшімбаев Мемле­кет басшысы Үкімет пен Қараған­ды облысының әкіміне апат се­бептерін анықтау үшін шұғыл шаралар қабылдауды және қай­тыс болғандар мен жарақат алғандардың отбасыларына тиісті көмек көрсетуді тапсырғанын атап өтті. Сондай-ақ Палата Спикері тергеу қорытындысына сәйкес мұндай қайғылы оқиғалардың алдын алуға қажетті шаралардың бәрін іске асыру аса маңызды екенін айтты.

Ең әуелі депутаттар «Қазақ­стан Республикасының Конс­ти­туциялық соты туралы» заң жобасы қарады. Аталған мәселе жөнінде баяндама жасаған Әділет министрі Қанат Мусиннің ай­туынша, Конституциялық заң жобасы 3 бөлімнен, 10 тараудан және 67 баптан тұрады.

«Мазмұны бойынша құжат екі бөлімнен тұрады. Біріншісі – ол Конституциялық соттың және оның судьяларының мәртебесі, олардың кепілдіктермен қамта­масыз етілуі. Ал екінші бөлім конс­титуциялық іс жүргізу тәртібіне арналған. Конституциялық сот – еліміздің бүкіл аумағында Конс­титуцияның үстемдігін қамта­масыз ететін орган. Биліктің сот тармағына жатпайды. Өйткені бұл мәселе Конституцияда түп­кілікті шешілді. Заң жобасында Конституциялық сот судьяларын тағайындау және олардың өкілеттіктерін тоқтату тәртібіне байланысты мәселелер егжей-тегжей регламенттелген. Олардың тәуелсіздігі мен кепілдіктері де бекітілген.

Конституциялық соттың құзыреттері Конституцияның 72-бабымен реттелген. Мәселен, оларға сайлауды өткізудің дұрыс­тығы мәселелерін қарау, Парла­мент қабылдаған заңдар мен ха­лықаралық шарттардың респуб­лика Конституциясына сәйкес­тігін қарау, сондай-ақ Консти­туция нормаларына ресми түсін­дірме беру құзыреті жат­қы­зылған. Конституцияға енгі­­зілген өзгерістерге сәйкес, Конс­ти­туциялық сот азамат­тар­­дың өтініштері бойынша олар­дың құқықтары мен бостан­дықтарына тікелей қатыс­ты нор­мативтік-құқықтық акті­лерді Конс­титуцияға сәйкес­тігін қарайды. Сондай-ақ Конс­ти­ту­ция­лық сотқа жүгіну құқығы Бас про­курор мен Адам құқықтары жөніндегі уәкілге берілді», деді Қ.Мусин.

Ведомство басшысының сө­зіне сүйенсек, заң жобасының екінші бөлімі конституциялық іс жүргізудің жалпы шарттары мен қағидаттарын бекітуге арналған. Конституциялық сотқа жолданатын өтініштердің түрлері, олардың нысаны мен мазмұны айқындалған.

Сенат Төрағасы конс­ти­ту­циялық заңдарды қабылдау жө­нінде пікір білдіріп, Мемлекет басшысының саяси және эко­но­микалық реформаларын заңна­малық тұрғыдан қамтамасыз ету Парламент жұмысындағы негізгі басымдықтардың бірі екенін айтты.

«Елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың басты мақсаты – адам құқықтарын қорғау жүйесін нығайту, билік тармақтарының және орталық пен өңірлердің ара­сындағы өкілеттіктер мен жауап­кершіліктің теңгерімін қамтамасыз ету. Бүгін қабылданған заңдар демократиялық институттарды дамытуға, халықтың мемлекеттік және саяси құрылымдарға деген сенімін арттыруға ықпал етеді деп сенеміз. Бұл – Әділетті Қазақстан құру жолындағы маңызды қадам», деді Мәулен Әшімбаев.

Осы ретте жаңа талаптарға сәйкес ел Президентінің саяси партияға мүше болуы тоқта­ты­латынын атап өткен жөн. Бұл норма барлық судьяға, Орта­лық сайлау комиссиясының мүше­леріне және Жоғары аудитор­лық палатаға да қатысты болмақ. Ен­гізілген өзгерістерге сәйкес жер­гілікті атқарушы органдардың басшыларына саяси партиялардың филиалдары мен өкілдіктерінде лауазымдар иеленуге тыйым салынады.

Прокуратура міндеті – адам құқығын қорғау

Сондай-ақ жалпы отырыста «Прокуратура туралы» заң жобасы қабылданды. Құжатқа қатысты баяндаманы Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев жасады. Оның айтуынша, заң жобасының басты ерекшелігі – прокуратураның мақсаттары мен міндеттері айқындалған. Яғни «Прокуратура өз міндеттерін адамды, оның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін жүзеге асырады» делінген.

«Мұндай бап заңнамада алғаш рет беріліп отыр. Сонымен қатар жобада барлық қызмет бағыттары бойынша прокурорлардың құзы­реттері тізбелеп берілген. Бұл ең алдымен азаматтар үшін ма­ңызды. Олар прокурордың заңда бар құқықтары мен міндеттерін толық білетін болады. Екіншіден, жүйелі түрде адам құқықтарын қорғау үшін прокурорлар қандай міндеттер атқаруға тиіс екені нақ­ты жазылып отыр», деді Ә.Шын­далиев.

Бас прокурор орынбасарының сөзіне сүйенсек, құжатта прокурорлар тексеру кезінде талдау немесе актілерге бағалау жасағанда мәліметтер мен құжаттарды алдыруға, лауазымды, басқа да адамдардан жауап алуға, сараптама тағайындауға құқылы екені нақты жазылмақ.

Сонымен қатар заңсыз актілерді тоқтата тұруға, заңсыз тыйым салынса, шектеу қойылған болса, олардың күшін жоюды талап етуге, заңсыз ұсталған адамдарды дереу босатуға міндетті. Заң жобасында «Адам құқықтарын қорғау бойынша өзара іс-қимыл» деген бап енгізілді. Бұл бапта Адам құқығы жөніндегі өкілдің мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп жұмыс істеу негіздері бекітілген.

«Бұл конституциялық заң биылғы маусым айында өткен рес­публикалық референдум нәти­жесінде Конституцияға енгізілген өзгерістерді іске асыру үшін әзірленді. Құжатқа сәйкес Прокуратураның негізгі мақ­саттары адамды, оның өмірін, құқықтары мен бостандық­тарын мемлекеттің ең жоғары құндылықтары ретінде қорғау, ел аумағында заңдылықты қам­тамасыз ету болып айқындалды. Осылайша, прокуратура орган­дарының қызметі алғаш рет Конс­титуциялық заңмен реттеліп отыр. Мұндай қадам құқық қор­ғау жүйесін нығайтуға үлкен үлес қосары сөзсіз», деді Сенат Төр­ағасы.

Омбудсмен институты нығаяды

Сенаторлар «Қазақстан Рес­пуб­ликасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» заң жобасын қарап, қабылдады. Заң жоба­сының мақсаты – Адам құқық­тары жөніндегі уәкілдің конс­титуциялық мәртебесін бекіту. Осылайша, құжатта уәкіл қыз­метінің міндеттері, тәуел­сіздігі мен өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде қандай да бір өзге мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың алдында есеп бермеуінің кепілдіктері бекітілді.

«Бұдан былай Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің құқықтық жағдайы мен оның қызметін ұйымдастыру конституциялық заңмен айқындалады. Жалпы, Конституциялық заң 6 тараудан және 23 баптан тұрады. Заң жобасы Уәкіл қызметінің мақсаттары мен міндеттерін, оның құқықтық жағдайы мен құзыретін ашады. Уәкілдің, оның облыстардағы өкілдерінің және Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың қызметін ұйымдастыруға байланысты ережелер көзделген.

Қолданыстағы заңда көздел­меген негізгі жаңа ережелерге толығырақ тоқталғым келе­ді. Біріншіден, уәкілдің құзы­ретін күшейту ескерілген. Конс­ти­туция нормаларын іске асыру мақ­сатында құжатта уәкілдің адамның Конституцияда бекітілген құқық­тары мен бостандықтарына қатысты нормативтік-құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігі мәселесі бойынша Конс­титуциялық сотқа жүгіну құқығы көзделген. Сондай-ақ басқа мемлекеттердің шақыруы бойынша адам құқықтары мен бостандықтарының сақталуына байқаушы ретінде әрекет ету құқығын беру ұсынылады.

Уәкілдің құзыретін күшейту мақсатында оның арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарға және қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне кедергісіз бару құқығы бекітіледі. Сонымен қатар уәкілдің қызметін ұйымдастырудың тиімділігін арттыру бөлігінде Заңда адам құқықтары жөніндегі Ұлттық орталық басшысының орынбасары лауазымын енгізу, сондай-ақ Ұлттық орталықтың қосымша функциялары белгіленеді», деді заң жобасы жөнінде баяндама жасаған Қ.Мусин.

Аталған мәселе жөнінде Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев та пікір білдірді. Оның айтуынша, заң жобасында Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің құқықтық жағдайы мен оның қызметін ұйымдастыру мәселелері айқын­далған.

«Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қызметінің негізгі міндеті адам мен азаматтың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіруге жәрдемдесу. Омбудсмен институтын нығайту Президентіміздің бастамасымен құқықтық, демократиялық, әлеуметтік мемлекет құру үшін қолға алынған саяси рефор­малардың маңызды бөлігі», деді Палата Спикері.

Жаңа саяси модель

Сонымен қатар сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар ен­гізу туралы» конституциялық заң­ды қарап, қабылдады. Бұл құ­жат 8 конституциялық заңға түзе­тулер енгізуді көздейді. Олар­дың қатарында «Қазақ­стан Рес­публикасының Прези­денті туралы», «Қазақстан Рес­пуб­ликасының Парламенті және оның депутаттарының мәрте­бесі туралы», «Қазақстан Респуб­ликасындағы сайлау туралы» және тағы басқа заңдар бар.

«Заң жобасының мақсаты – Президенттің өкілеттігін қыс­қарту, Парламент палаталарын қалыптастыру тәртібін және оның бірқатар функциясын қайта қарау, Парламенттегі заң шығару процесінің жаңа ережелері, аралас сайлау жүйесіне көшу, сондай-ақ сайлау процесін жаңғырту бөлігінде Жолдау аясындағы сая­си реформалардың толыққанды іске асырылуын қамтамасыз ету. Түзетулерді үш негізгі бағытқа бөлуге болады. Біріншіден, заң жобасы Президенттің жергілікті атқарушы органдардың акті­ле­ріне қатысты өкілеттіктерін қыс­қартуға және барлық деңгейдегі әкімді босатуға қатысты ережелерді қамтиды. Сондай-ақ Парламент Сенатының депутаттарын, Конституциялық соттың және Жоғары сот кеңесінің төра­ғаларын тағайындау жөніндегі Президенттің өкілеттіктерін өзгер­туге қатысты түзетулер көзделген», деді Әділет министрі Қанат Мусин.

Сонымен қатар Парламент палаталарында заңдарды қарау және қабылдау тәртібін қайта қарауға қатысты түзетулер бекітіледі. Аралас сайлау жүйесіне көшуге байланысты депутатты кері қайтарып алу тетігін қоса алғанда, Парламент Мәжілісінде және мәслихаттарда аралас сайлау жүйесінің жұмыс істеуіне бағытталған ережелерді сайлау заңнамасында қамту ұсынылады. Сайлау процесін жетілдіру бойынша түзетулер қарастырылған. Бұдан басқа, аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлау кезең-кезеңімен енгізіледі.

«Осы конституциялық заң ар­қылы бірқатар маңызды құқықтық норма Конституцияның жаңа ережелерімен сәйкестендірілді. Нақты айтқанда, ел Президентінің өкілеттік мерзімі бір реттік 7 жылдық мерзіммен шектеледі. 20 қарашаға жоспарланған кезектен тыс президенттік сайлау осы өзгерістер ескеріле отырып өтеді. Мәжіліс пен мәслихаттарды қалыптастырудың аралас үлгісін енгізуге құқықтық негіз пайда болды. Қабылданған заң әкімдерді сайлау жүйесін аудандар мен облыстық маңызы бар қалаларда кезең-кезеңімен қолдану мәселе­лерін де қамтиды. Заңда Сенат пен Мәжілістің заң шығару проце­сіндегі функцияларға қатысты жаңа нормалар да бар. Осы және басқа да өзгерістер азаматтары­мыздың сұраныстары мен мүдделерін ескеретін жаңа саяси модель қалыптастыруға өз үлесін қосады деп сенеміз», деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша өз­ге­рістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екі оқылым­д­а қабылдады.

Сенат Спикері заңдардың қабылдануы жөнінде пікір біл­діріп, енгізілген өзгерістер мен толықтырулар азаматтардың елді жаңғырту ісіне қатысу мүм­кіндігін арттыра түсетінін атап өтті. Сондай-ақ жаңа нормалар жергілікті өзін-өзі басқару орган­дарының дербестігін нығай­ту және көппартиялылықты қалып­тастыру үшін қолайлы құқықтық жағдай жасайды.