Үкімет • 04 Қараша, 2022

Үкіметте машина жасауды дамытудың өзекті мәселелері талқыланды

190 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте машина жасауды дамытудың өзекті мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің ресми парақшасына сілтеме жасап.

Үкіметте машина жасауды дамытудың өзекті мәселелері талқыланды

Жиынға мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар мен салалық кәсіпорындардың басшылары қатысқан.

Талқыланған мәселелер - машина жасау саласын дамытудың кешенді жоспары, Вагон жасауды дамыту жөніндегі жол картасын әзірлеу және әлеуметтік үшжақты әріптестік жөніндегі салалық комиссияның жұмысының тиімділігін арттыру.

Премьер-Министр саланы қолдау жөніндегі бастамаларды мақұлдады. Ол жергілікті қамтуды дамытуды нарықтық құралдар: оффтейк және офсеттік келісімшарттар есебінен ынталандыру қажет екенін айтты.

Бұдан басқа, ғылыми-өнеркәсіптік кластерлерді құру, машина жасау кәсіпорындарын шикізатпен, қолжетімді кредиттік ресурстармен және басқа да ынталандыру шараларымен қамтамасыз ету мәселелері қаралды.

Әлихан Смайылов мемлекеттік органдарға оларды егжей-тегжейлі пысықтауды тапсырды.

«Қазақстан машина жасаушылар одағы» ЗТБ басшысы Мейрам Пішембаев, «Қазақстан Инжиниринг» ҰК» АҚ басшысы Теміржан Әбдірахманов, «Қазэнергокабель» АҚ басшысы Владимир Бобров, «Атыраумұнаймаш» ЖШС басшысы Темірлан Даркембаев, «ЗИКСТО» АҚ басшысы Ренат Шамсутдинов баяндама жасады.

Кеңес қорытындысы бойынша Премьер-Министр барлық айтылған мәселелер бақылауға алынатынын атап өтті.

«Біз сіздермен үнемі кездесіп тұрамыз. Ара-тұра жаңа мәселелер туындап жатады: олардың кейбірі бойынша бірден шешім қабылдасақ, басқалары нормативтік-құқықтық өзгерістерді қажет етеді. Бірқатар проблемалық мәселелер бойынша егжей-тегжейлі зерттеу жүргізу қажет. Біз осы мәселелерді өзара бірлесіп шешуге тырысамыз»,  деді Әлихан Смайылов отандық машина жасаушыларға қарата айтқан сөзінде.