28 Мамыр, 2014

Маңызды мәселелер үнемі Үкімет назарында

251 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Үкімет отырысында қаралған мәселелерге орай қорытынды баспасөз мәслихаты өтті. Оған Премьер-Министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев, Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин, Экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі Марат Құсайынов, Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков, Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Техникалық реттеу комитеті төрағасы Біржан Қанешев қатысты. Баспасөз мәслихаты барысында Үкімет отырысында талқыланған мәселелерге орай әр министр өзіне қатысты тақырыпта баяндама жасады. Мәселен, жылу-энергетика кешенін дамыту, инвестиция тарту мәселелері, көктемгі дала жұмыстарының барысы, техникалық реттеуді дамыту жоспары, сондай-ақ, Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық жұмыстары туралы айтылды. Өз кезегінде Ә.Исекешев Үкi­мет­тiң кешегі отырысында 2030 жылға дейiнгi жанармай-энерге­ти­калық кешенін дамыту тұ­жы­рым­дамасы қарастырылғанын атап өтті. Құжатты Мемлекет бас­шысының тапсырмасына сәйкес Индустрия және жаңа техноло­гиялар министрлігі мүдделi мем­ле­кеттiк органдармен бiрлесiп әзiр­леген. Сондай-ақ, ол бүгiнгi таңда жаһандық сын-қатерлерге бай­ланысты энергетикадағы инвес­торлардың ойын ережелерiн өзгерту қажеттiгi туындап отыр­ғанына тоқталды. «Қазiргi уақытта электр энергетикасы саласында жекешелендiру жүрiп жатыр. Сон­дықтан саланың дамуына қажеттi құрылымдық өзгертулер аталмыш тұжырымдамада көрсетiлген. Онда бiрнеше блоктар бар, мәселен, электр энергетикасы, уран өндiрiсi, көмiр өнеркәсiбi мұнай-газ секторы, дедi Ә.Исекешев. Мұнымен қоса, тұжырымдамада электр энергетикасының нысандарына инвес­торлар тарту қарастырылған. Осы орайда бұл саланы тартымды етудiң кешендi шаралары жасалған. Жылу-энергетика кешенін дамыту шараларына орай Мұнай және газ министрі де қосымша баяндама жасап, өз саласында қандай жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді. Бұл ­ретте министр Қазақстанда 2030 жыл­ға қарай газ өндіруді 60 млрд. текше ­метр­ге жеткізу жоспарланып отырғанын атап өтті. Қазіргі маусымда маңызы артып, қызу жұмыс жүріп жатқан саланың бірі – көктемгі егіс жайы. Үкімет отырысында бұл мәселе де кеңінен талқыланып, тындырылған жұмыстар жайы пысықталған. Бұл жөнінде Ауыл шаруашылығы министрі А.Мамытбеков атап өтті. Ми­нистр­дің мәліметінше, биыл ауылшаруашылық дақылдары 21,8 млн. гектарға егiледi деп жоспарлануда. Бүгiнгi жағдай бойынша, жаздық дәндi-да­қылдарды егу 9244,9 га алқап­та жүргiзiлген. Сондай-ақ, оңтүстiк аймақтарда жүгерi мен күрiштен басқа жазғы дәндi дақылдарды себу аяқталған, батыс пен шы­ғыс өңiрлердегі облыстарда жос­парланғанның 79 пайызы шамасында жүргiзiлді. Ал қазіргі науқанның бірі – ҰБТ төңірегіндегі қарбалас. Бұл мәселе жайында Білім және ғылым министрі А.Сәрінжіпов баяндады. Министрдің айтуынша, ҰБТ-ға үстіміздегі жылы 133 226 түлектің 92 077-сі қатысады. Сынақты 63 603 түлек қазақ тілінде, 28 447 түлек орыс тілінде тапсырады. Сондай-ақ, ҰБТ форматы өзгермейді. Сонымен қатар, қауiпсiздiк шараларын сақтау, ҰБТ-ны шынайы және ашық өткiзу үшiн дәстүрлi түрде барлық жерде техникалық құралдарды: 1108 сымтетiк дыбысын тұншықтырғыш, 402 металл iздегiш және 1585 камера мен бейнекамера қолдану жос­парланып отыр. ҰБТ 2 маусымнан бастап 8 маусымға дейін 155 арнайы жабдықталған пункттерде өтеді. Барлық пункттерде штабтар мен мемлекеттік комиссиялар жұмыс істейді. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан».