Теннис • 06 Қараша, 2022

Теннистен Қазақстан әйелдер құрамасы әлем чемпионатына дайындалуда

107 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Теннистен Қазақстан әйелдер құрамасы әлем чемпионатына дайындалуда, деп хабарлайды Egemen.kz ҚТФ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Теннистен Қазақстан әйелдер құрамасы әлем чемпионатына дайындалуда

Қазақстандықтар Шотландияның Глазго қаласында С тобында Ұлыбритания және Испания командаларымен бәсекеге түседі.

Матчтар 8 200 көрермен сиятын Emirates Arena стадионының хард төсенінішіндегі кортында өтеді.

Қазақстан әйелдер және ерлер құрамаларының капитандары Ярослава Шведова мен Юрий Щукин, спарринг-серіктес Тимур Хабибуллин мен дене дайындығына жауап беретін Татьяна Хаджимурадова, сондай-ақ теннисшілер Юлия Путинцева мен Жібек Құламбаева Глазгоға келіп, әзірлікті бастап кетті. Кортты Юлия мен Жібек байқап көрді. Командаға көп ұзамай Елена Рыбакина, 7 қараша күні Анна Данилина қосылады.

«Ел намысын қорғау үлкен жауапкершілікті талап етеді. Ауа райы мен кортқа бейімделу үшін ертерек келдік. Әлем чемпионатында осал қарсылас жоқ. Ұлыбритания мен Испания ойыншыларының тәжірибесі мол, жастары да бар. Олармен әзірге турнирлерде жолыға қойғаным жоқ. Әрине, толқу да жоқ емес, бұл – менің ұлттық құрама үшін екінші рет ойнауым. Дегенмен Ярослава Шведова бастаған командамыз барын салатыны анық», деді Жібек Құламбаева.

Түрлі жарыстарда ұлыбританиялық теннисшілермен тоқайласып, ұтып көрген Юлия Путинцева матчтың оңайға түспейтінін жеткізді.

«Ұлыбританиялықтардың өз кортында аянбайтыны анық. Қазіргі құрамнан Дартпен үш рет кездесіп, бәрінде де жеңдім. Уотсонмен үш бәсекенің екеуінде басым түстім. Бултермен екі рет кортқа шығып, ұттым. Тек жұптық сындағы Барнет және Николспен ойнап көрмеппін», деді Юлия Путинцева.

Билли Джин Кинг кубогының финалдық кезеңіне төрт топқа бөлінген 12 құрама қатысады. Топ жеңімпаздары жартылай финалға жолдама алады.

С тобындағы матчтар кестесі мынадай (Глазгодағы уақыт Астана қаласынан 6 сағатқа қалыс):

8 қараша, Қазақстан – Ұлыбритания.

9 қараша, Испания – Қазақстан.

10 қараша, Испания – Ұлыбритания.

Ойындар елорда уақытымен сағат 22.00-ден кейін басталады.