28 Мамыр, 2014

Экономикалық одақтың артықшылығы айқын

443 рет
көрсетілді
38 мин
оқу үшін

интеграцияЫҚПАЛДАСТЫҚ – УАҚЫТ  ТАЛАБЫ

Еуразиялық экономикалық одаққа қол қойылуға санаулы күндер қалғанда осы ұйым туралы пікірін білмек болып бизнес саласында жақсы қырынан танылып жүрген кәсіпорындардың бірі – «Шар-құрылыс» компаниясының бас директоры Жанна БЕКТЕМІРОВАМЕН сұхбат жүргізген едік.

– Құрметті Жанна Жақсылық­қызы, алдымен оқыр­мандарға өзіңіздің компанияңыз туралы айтып берсеңіз. Құрылыс сала­сында қашаннан бері істейсіздер, қандай белгілі ғимараттар тұрғыздыңыздар, қанша адамға жұмыс беріп отырсыздар? – Біздің компания құрылыс рыногында 18 жылдан бері  еңбек етіп келеді. Қазір ол – Астананың белгілі құрылыс фирмаларының бірі. Біз өзіміздің Президент жобаларын іске асыруға белсене қатысып, лайықты үлес қосып жүргенімізді мақтан етеміз. Астана қазір барша қазақстандықтардың мақтанышы ғой. Оны бүгінгіден де жақсартуға бәріміз де атсалы­суымыз керек деп санаймыз. Біздің компания салған белгілі құрылыстар қатарында 1998 – 2000 жылдары тұрғызылған «Қазақстанның халық банкі» АҚ, «Центркредитбанк» АҚ, «Дойчбанк» сияқты банктердің бірнеше әкімшілік ғимараттарын атауға болады. 2006 жылы «Шар-құрылыс» Есілдің сол жағалауында, «Бәйтерекке» қарсы көппәтерлі «Меруерт» тұрғын үй кешенін пайдалануға берді. Дәл осы жылы Президент саябағының маңында, Р.Қошқарбаев даңғылының бойында «Сказочный мир» тұрғын үй кешенін салуды бастадық. Бұл кешендегі пәтерлер элиталық, бизнестік және экономикалық кластарға жатады. Сұрағыңызға орай фирманың салған белгілі құрылыстарын атап жатырмын. Соның ішінде 2009 жылы Мирзоян көшесіне салын­ған «Еуразия» сауда орта­лығы мен «Сулпак» сауда үйінің құрыл­ысын мақтан тұтуға қақы­мыз бар. Екеуінде де сәулет өнері­­нің жетістіктері молынан қол­­данылды. 2011 жылы 7-ші Қысқы Азия ойындарына арнап «Барыс» спорт кешенін салып бітір­дік. Бұл осы ойындар инфра­құрылымындағы төртінші ны­сан болды. Ол халықаралық олим­пиадалық талаптардың барлық стандарттарына сай болды. Қысқы ойынға қатысушылар да нысанның барлық қырына ырзалықтарын білдіріп, өздерінің оң пікірлерін жазып кетті. Бұл – біз үшін үлкен баға. 2012 жылы біздің компания Астананың «Шұбар» ауданында бизнес-класқа жататын көппәтерлі тұрғын үйді пайдалануға берді. Жалпы, осы 2012 жылы фирмамыз көптеген нысандарды тұрғызды. Соның ішінде Қорғалжын шоссесі­нің бойындағы аумағы 30 мың шаршы метр болатын кәсіптік-техникалық лицейдің ғимаратын да атап өтуге болады. Сондай-ақ, Абылай хан мен №12 көшенің қиылысындағы 350 орындық қалалық балалар ауруханасын да осы жылы пайдалануға бердік. Бұл аурухананың бір артықшылығы – онда барлық хирургиялық маман­дықтардың бастары біріктірілген. Медициналық жабдықтары мен тех­нологиялары әлемдік ең үздік­тер­дің қатарынан. Міне, осы ауру­хананың жанынан өткен сайын оны балаларға өзіміздің салып бер­генімізді үнемі мақтан етіп қоямыз. Қазір астаналықтар әуежай ауданындағы тікұшақтар құ­рас­­тыратын зауытты жақсы бі­ле­ді. Ал оның ғимаратын «Еуро­коптер Қазақстан» ЖШС-нің тапсырысымен біздің салып бергенімізді көп адам біле бер­мейді. Бұл құрылыс та 2012 жылы пайдалануға берілді. Енді бүгінгі күні салып жат­қан құрылыстарымызға да тоқ­тала кетейін. Қазір біз Астана тұр­ғындары үшін 500 орындық туберкулезге қарсы диспансердің құрылысын жүргізіп жатырмыз. Ол қаланың «Теміржолдық» деп аталатын тұрғын үй аудандарының солтүстік-шығысында. Аурухана бір-бірімен жылы жолдар арқылы жалғасатын 7 ғимараттан тұрады. Қазіргі біздің негізгі құрылысымыз да осы ғимараттар. Ал компанияда қанша адам жұмыс істейді дегенге келетін болсақ, бүгінгі күні бізде 2 мыңға жуық адам жұмысқа тартылған. – Құрылыстарға қажетті индустриялық материалдарды қай мемлекеттерден көбірек аласыздар? – Негізінен Ресейден аламыз. Сондай-ақ, Еуропа елдерімен де тығыз ынтымақтастық орнат­қанбыз. Сапалы құрылыс мате­риалдары сол жақтан да келе­ді. Біз құрылыс материалдарын ұсынатын елдердің негізінен баға­ларының тиімділігі мен жеткізілу уақытының ұтым­дылығына қараймыз. – Енді әңгімеміздің негізгі сұрағына келейік. Сізге Еура­зиялық экономикалық одақ тиімді ме? Тиімді болса, несімен? – Ең бастысы – ол бізге кедендік тарифтердің төмендеуіне жол ашып беріп отыр. Ал бұлар төмендеген соң біздің өнімдеріміздің өзіндік құны да төмендейді. Мұның өзі бәсекелестікке қабілеттілігімізді арт­тырады. Сонымен бірге, қаты­сушы елдер арасындағы тауар айналымын ұлғайтып, эконо­миканың өсуіне, соның арқасында халықтың хал-ахуалының жақ­саруына жол ашы­­лады. Бүгінгі күні осы одақ тура­лы шарт барынша пысықталып жатыр. Әрине, біз үшін оның қазақ­стандықтар мүддесінің қорғалуына қызмет еткені маңызды. Мен енді өзіміздің фирмамыз үшін бұл қадамның қаншалықты тиімді екеніне нақты тоқталып өтейін. Біз Кеден одағының пайда­сын Ресейден металл және ағаш өнімдерін сатып алғанда көбірек көріп жүрміз. Бұрын біздің жүк көліктеріміз кедендік құжаттарды толтыруға, одан кедендік ресім­дердің орындалуына (тексеру, өлшеу, санау) байланыс­ты шекарада ұзақ уақыт тұрып қалатын. Қазір ондай жоқ, жүктеріміз елге тез арада жеткізіледі. Сонымен бірге, Ресей мен Белоруссиядан жеткізілетін құрылыс өнімдеріне елге әкелінген соң екінші рет сертификациядан өткізілудің де қажеттілігі болмай қалды. Бұл да біздің қаражатымыз бен уақытымызды үнемдеуге үлкен пайдасын тигізіп отыр. Сондай-ақ, екіжақты салық салу істерінде де жеңілдіктерге қол жеткізілуде. Мәселен, қосымша құн салығы сияқты жанама салық бойынша жеңілдікке қол жеткіздік. Ал енді кедендік ақылардан үш мемлекет кәсіпкерлерінің экспорт және импорттары мүлде босатылды. Сонымен бірге, кедендік құжаттар толтырып, декларация жасаудан мүлде босатылдық. Міне, осындай жеңілдіктер біздің бизнесіміздің жандана түсуіне оң ықпалын тигізіп отыр. – Сонымен қатар, бола­шақ­тағы Еуразиялық эконо­микалық одақ елдеріндегі әріп­тестеріңіздің сандары да артқан шығар? – Әлбетте. Бұрын Ресей мен Белоруссиядағы біздің әріптес­теріміз санаулы ғана болатын. Тіпті, бір-екі компаниямен ғана шектелетінбіз. Қазір ресейлік және беларусьтік компаниялармен тығыз араласып кеткеніміз сондай, олармен ынтымақтастығымыз қазақстандық компаниялармен бірдей болып қалды. Өзіміздің компаниялармен қалай батыл байланыс жасасақ, ешқандай шетелдік деп қарамай, беларусьтік және ресейлік компаниялармен де солай араласа береміз. Осының өзі сауда-саттықтың тығыз болуына, оның арта түсуіне игі ықпалын тигізіп отыр. – Кедендік тарифтердің бірізділігінің қаншалықты пайдасы бар? – Бұл, басқасын айтпағанның өзінде, біздің кейде болып қалатын шаруашылық таластарымыздың өзін оңай шешуге мүмкіндік туғызып отыр. Егер кедендік та­риф­­тер әртүрлі болса, сот мәсе­ле қарағанда әр ел тарифінің әртүрлі­лігіне қарап, әділетті шешім шығара алмай қиналатын. Осы себепті бұра тартушылық та болмай қалмайтын. Нақты айтқанда, елдер арасындағы тарифтердің айырмашылықтарын нақты есеп­теп, компаниялар үшін әділетті сот шешімін шығаруға қол жеткізу қиындап кететін. Қа­зір ондай проблема жоқ. Тариф­тер бірізді болғандықтан, сот процесінде әділетті шешімге оңай қол жеткізуге болады. – Еуразиялық экономикалық одақ тағы несімен тартымды? – Бұл одақтың болашағы зор. Жоғарыда айтылған кедергілердің жойылуы себепті өзара экономи­калық ынтымақтастық қазіргіден де белсендірек болады. Ал мұның ел­деріміздің экономикалық дамуына игі ықпалын тигізетіні сөз­­сіз. Беларусьтік және ресейлік инвестицияны Қазақстанға тарту перспективасы да жоғарылайды. Өйткені, олар үшін салық жеңіл­детілген, ресурстардың бағасы төмен. Біздің бизнестеріміз үшін де аталмыш елдерге инвестиция шығару перспективасы жоғары. Осындай жеңілдетілген бизнес, сайып келгенде, елдеріміздің экономикалық дамуын арттырады, ал ол өз кезегінде халықтың тұрмы­сын жақсартады. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан».

Екибастуз

Энергетиктерді бірлестірген іс

Екібастұздың «ГРЭС-2 стансасы» АҚ ұжымы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сәуір айында М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде сөйлеген сөзін және осыдан 20 жыл бұрын Елбасы ұсынған еуразиялық интеграция, ортақ нарық құру туралы бастамасын ерекше саяси маңызы бар идея деп бағалайды. Оның маңыздылығы сол, әлемдік қауымдастықтың да бұл бастаманың қазір Еуразиялық интеграция деп аталып жүрген жаңа тарихи үдеріс үшін қадам басар нүктеге айналғанына көздері жетті. Нұрсұлтан Әбішұлы өз баяндамасында Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынасты «интеграциялық үдерістің өзегі» деп атағаны да сондықтан болар деп ойлаймын. Тіпті, «Бүгінде біздің екі ел арасында сенімді қарым-қатынас орнамаған сала жоқ десек те болады. Энергетикалық серіктестік ойдағыдай дамуда...», деп атап өтті Елбасы. Бұл сөздер энергетика саласында еңбек етіп жүрген біздерге үлкен міндет жүктейді, сенім мен серпіліс әкеледі. Бұған екі ел басшыларының бастамасымен бірлесе құрылған әрқайсысы акциялардың 50 пайыз иеленуші қазақстандық-ресейлік кәсіпорындар болып табылатын, қазақстандық «Самұрық –Энерго» АҚ және ресейлік «ИНТЕР РАО ЕЭС» ААҚ энергетика саласындағы сенімді ынтымақтастықтың дәлелі болып отыр. Бұл күндері екібастұздық энергетиктер ГРЭС-2 стансасының ұжымы өндірісті дамытып, жаңа технологияларды енгізіп, қолданыстағы энергоблоктардың техникалық жағдайын жақсарта отыра алға қойылған міндеттерді ойдағыдай атқаруда. Соңғы жылдары станса дамудың жаңа тармағына көшті. Қазір қуаты 630 МВт болатын жаңа №3-ші энергоблок құрылысы жүргізілуде. Осыдан екі жыл бұрын өңірімізде Қазақстан мен Ресейдің IX аймақаралық ынтымақтастық 9-шы форумы болып өтті. Екі елдің энергетика саласындағы әріптестік қарым-қатынастары да осы форум тақырыбына айналды. Жалпы, стансадағы жобалардың жолға түсіп, жұмыс жасап жатқаны да екі ел арасындағы бұрыннан бері келе жатқан өзара байланыстың нәтижесі. Энергия қуатына деген сұраныс күн санап өсуде. Форум барысында инвестициялық жоба Екібастұз ГРЭС-2 стансасының №3 энергоблогын салу және пайдалану туралы Ресей және Қазақстан арасындағы келісім де сөз болды. Ал, жалпы, біздің стансамыз Елбасының көз алдында дамып келеді. Станса құрылысы 1979 жылы бас­талды. Сол кезде ГРЭС-2-нің негізін салудың салтанатты рәсіміне Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев пен КСРО Энергетика министрі П. Непорожний келіп қатысады. Ал, №1 энергоблок 1990 жылғы 25 желтоқсанда, №2 энергоблок 1993 жылғы 31 желтоқсанда іске қосылады. Бұл күн стансаның, Екібастұздың ғана емес, бүкіл еліміз өміріндегі тарихи оқиға болды. Стансалардың іске қосылуына ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Интеграцияның болашақтағы дамуы біздің мемлекетіміздің қазіргі және болашағы алдындағы борышы деп білеміз. Президентіміздің бұл ойын Екібастұз ГРЭС-2 стансасы энергетиктері де қолдайды. Николай ТУШИНСКИЙ, «ГРЭС-2 стансасы» АҚ басқарма  төрағасы.   Екібастұз.

Әріптестік алға бастайды

SAM_2849Қазір не көп, жаңадан пайда­лануға беріліп жатқан кәсіпорындар көп. Ірісі дейсіз бе, шағыны дейсіз бе, әйтеуір жетіп артылады. Шыны керек, солардың барлығы бірдей ырғақты жұмыс істеп кетіп жатыр деуге ауыз бармайды. Ілуде біреуі ғана уақыт ағымына ілесіп, жұмысын қалыптастырып жатады. Қысқа уақытта жобалық қуатына шы­ғып жатқандары да сирек. Сол сиректің қатарында «Ситаль-2» ЖШС-нің кірпіш зауыты аталып жүргені де рас. Қала сыртынан осы серіктестіктің керамикалық кірпіш зауытының бой көтергеніне көп бола қойған жоқ. Дегенмен, қазірдің өзінде кәсіпорын кірпіштері өтімділігімен, өнімдері тұтынушылардың сұранысын қанағаттандыруымен жақсы қырынан танылуда. Бұл жоба облыста үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында 2009-2010 жылдары жүзеге асырылды. Зауыт Батыс Қазақстан аумағында ке­ра­микалық кірпіш және тас бұйымдарын шығаратын бірден-бір ірі кәсіпорын болып табылады. Өңірде құрылыс материалдарын шығаратын мұндай қуатты кәсіпорын бұрын-соңды болған емес. Сондай-ақ, жобаны жүзеге асыру барысында кірпіш зауытының өнімдерінің орта табысты тұтынушыға қолжетімділігі әрі керамикалық кірпішке соңғы кездері сұраныс жоғары болып тұрғаны да ескерілген. Жобаға 1,5 миллиард теңге инвестиция салынды. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 20 миллион дана шартты кірпіш шығаруға мүмкіндік береді. Бұл өңірде қысқа мерзімде іске қосылып, тез арада жобалық қуатына шыққан бірден-бір зауыт. Бізді өндірістің бүгінгі жай-күйінен кәсіпорынның бас технологы Наталья Курочкина хабардар етті. Зауытта керамикалық кірпіш пен тас бұйымдарының 40-тан астам түрі шығарылады. Өндірістік желі үш ауысымда жұмыс істейді. Мұнда 190 адам еңбек етеді. Жұмысшыларға еңбек және өндірістік жағдай жасалған. Жұмысшылар қаладан кәсіпорынның автобусымен жеткізіледі, өздерінің асханасынан тегін тамақтандырылады. Ырғақты жұмыс істеп тұрған зауытта еңбекақы да жоғары, тұрақты беріліп тұрады. – Біздің керамикалық кірпіш­терімізге өз өңірімізді былай қойғанда, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Қызылорда облыстарынан сұраныс жоғары. Бұдан басқа көршілес Ресейдің Орынбор облысына да өткіземіз. Еліміздің Кеден одағына енуі біраз жеңілдіктер әкелген болатын. Енді Еуразиялық экономикалық одақ шартына қол қойылуынан да үмітіміз үлкен. Бұған дейін оларға өз өніміміздің 10 пайызын өткізіп келсек, Еуразиялық одақ шарты күшіне енгеннен кейін бұл көлем бұрынғыдан да арта түсетіне сенімдіміз. Оның үстіне біздің кірпіштеріміздің жылу ұстағыштық, ылғалға беріктік, дыбыс пен суық өткізбейтін қасиеттері жоғары. Бізге 1 мың шақырымнан қашық жерлерге өнімдерімізді өткізу тиімсіз. Сондықтан болашақта көршілес Ресейдің Оңтүстік Уралға жататын өңірлерін де керамикалық кірпішпен қамтамасыз етудің жолдары қарастырылуда. Өзара әріптестік алға бастайтынын өмірдің өзі көрсетіп отыр. Орынборда, Тұзтөбеде өткен өнеркәсіптік көрмелерге ұдайы қатысып, өз өнімдерімізді тұтынушыларға таныстырып жүрміз. Ақтөбе қаласында өткен «Еуропа-Азия. Шекарасыз ынтымақтастық» халықаралық өнеркәсіптік көрмесінде біздің өнімдерімізге сұраныстың жоғары екені байқалды. Осы көрме үстіміздегі жылдың маусым айында Орынбор қаласында өтеді. Біз осы мүмкіндікті пайдаланып, өздеріміздің өнімдерімізді жарнамалайтын боламыз. Ресейдің Оңтүстік Урал өңірінің облыстарынан жаңа әріптестер табуға тырысамыз. Себебі, оларда бізбен бәсекелесетіндей кәсіпорындар жоқ. Әрі біз керамикалық кірпіш­терге бағаны көтерген жоқпыз, салыстырмалы түрде басқаларға қарағанда арзан, – дейді Наталья Сергеевна әңгіме ауанын эконо­микалық ықпалдастыққа бұрып. Оның айтуынша, кәсіпорын­ның болашағы зор. Зауытқа қажетті шикізат саз топырақ кәсіпорыннан небәрі 6 шақырым жердегі Жоғары Сазды кенішінен жеткізіледі. Оның қоры жеткілікті. Кірпішті өндіру үдерісіне ешқандай химиялық қоспалар қосылмайды, сондықтан мұнда шығарылатын керамикалық кірпіштер экологиялық таза да сапалы құрылыс материалы болып табылады. Өндіріс қалдықтары қайтадан пайдаланылып, кәдеге жаратылады. Мұнда газ бен электр қуаты ғана пайдаланылады. Серіктестіктің өзінің зертханасы бар, шығарылатын өнім ұдайы тексеріліп, сапасы бақылауда ұсталады. – Саз алдымен ұсақтау учас­кесіне түседі. Содан соң балшық иленіп, ол нығыздалып, кірпіш түрінде кесіліп, арбаларға тиеледі. Содан кейін пешке қойылып, кептіріледі. Осылай күніне 120- 140 арбаны пешке қоямыз, айына 1600 мың шартты дана кірпіш өндіреміз. Өндірістік желілерге уақытылы техникалық қызмет көрсетіп, кезі келгенде жаңартып тұрамыз. Зауытта түрік фирмасының қондырғысы орнатылған. Алғашқы кезде түрік мамандары жергілікті мамандарға осында орнатылған қондырғыда қалай жұмыс істеу керектігін үйретіп, тәжірибеден өткізген болатын. Қазір өндірістік үдерістің барлығын өзіміздің жергілікті маман жұмысшылар атқарады. Жұмысшыларымыз тұрақты болғандықтан бұл бағытта проблема жоқ. 2010 жылы Мәскеудің «ВНИСТРОМ» керамика ғылыми зерттеу институтының көмегімен қондырғыны жаңғырттық, – деп сөзге араласты өндірістік бөлімнің бастығы Әділхан Биманов. Біз өндіріспен таныса ж­үріп, еңбек адамдарымен де әңгі­мелестік, Олар керамикалық кірпішті теміржол вагондарына тиеуге дайындап жатыр екен. Өзін Байбура Бозшин деп таныстырған краншы жігіт жұмыстың ырғақты жүріп жатқанына, еңбекақы, әлеуметтік мәселелердің оң ше­ші­ліп отырғанына риза­шы­лы­ғын білдірді. Кеден ода­ғы­ның жеңілдіктері өз кәсіп­орындарындағы өнім өткізуді арттыруға ықпал еткенін сезінген жұмысшылар Еуразиялық эко­но­микалық одақтың шекаралас аймақтармен әріптестік қаты­настарды нығайтатынына да сенімді. Әріптестермен ық­палдастықтың тиімділігіне көз жеткізген ұжымдағы әр жұмыс­шының өнім сапасын басты назарда ұстайтыны аңғарылады. Өндірістік желінің әр буынында өз ісіне деген жауапкершілік жоғары, жұмысшылар ақаулы өнімге жол бермеуге мүдделі. Өнім өтімді болса, еңбекақы да жоғары болатынын олар бек түсінеді. Сондықтан болар әзірге кәсіпорынның керамикалық кірпіштері мен тас өнімдерінің сапасына реніш білдіргендер болған емес. Серіктестік жаңа қондырғыларды енгізу және технологиялық үдерістерді жетілдіру арқылы өндірілетін өнімнің сапасын және тауарлық түрін тұрақты түрде жақсартып отырады. Оны зауыттың әртүрлі көрмелер мен байқауларда алған сертификаттары мен алғыс хаттары да айғақтайды. Мысалы, кәсіпорын облыс бойынша «Қазақ­станның үздік тауары» аймақ­тық конкурс-көрмесінің 2011 жылғы жеңімпазы, «Еуропа-Азия. Шекарасыз ынты­мақтастық» халықаралық өнеркәсіптік көр­месінің бірнеше мәрте дипломанты болып табылады. Сондай-ақ, сапа және менеджмент сер­тификаттарының иегері де. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». Ақтөбе облысы.

Тиімді құрылым

Елбасымыз Нұрсұлтан Назар­баев 1994 жылдың наурыз айында Мәскеу мемлекеттік университетінде болған кездесуде Еуразиялық идеяны ұсынған болатын. Бірақ бұл идея ұзақ уақыт бойы сөз жүзінде қалып қойды. Алайда Кеден одағы құрылғаннан кейін интеграция жолында кез келген жобаны жүзеге асыруға болатыны дәлелденді. Қазіргі таңда Еуразиялық экономикалық одақ туралы мәселе жан-жақ­ты талқылануда. Аталмыш одақ құрылған жағдайда мем­ле­кеті­міздің экономикалық дамуына, инвестиция тарту мәселелеріне оң ықпал етеді деп күтілуде. Президент Н.Назарбаевтың Еуразия идеясын көтергеніне биыл тура 20 жыл болды. Бұл идея қазіргі таңда өмірде де, тәжірибе жүзінде де іске асырылуда. Бұлай дейтініміз, осы идея көтерілгеннен бері мемлекетіміз ықпалдастықтың үш сатысынан өтті, бастапқыда Кеден одағы, кейін Біртұтас экономикалық кеңіс­тік және экономикалық ық­пал­дастықтың ең биік шыңы – Еура­зиялық экономикалық одақ. Бүгінгі таңда осы одақтың табал­дырығынан аттауға дайын тұрмыз. 2001 жылдың қараша айында Санкт-Петербургте Еуразиялық экономикалық қауымдастықтың Парламентаралық Ассамб­лея­сының бірінші отырысы өткізілді. Осы елдердің мемлекет басшыларының арасында бұл туралы келісімге 2000 жылдың 10 қазанында қол қойылды, ал 2001 жылдың 31 мамырында ол ратификацияланды. Оның шеңберінде жүзден астам келісімшарттарға қол қойылды. Негізінен, жаңа заманғы еуразиялық идея бұл ықпалдастық және экономикалық аспектілер ғана емес, сондай-ақ, көптеген жалпы адамгершілік проблемаларды шешуде бір­ден-бір өміршең шешім бо­лып табылатындығын атап өт­кен дұрыс. Себебі, Қазақстан Прези­денті Н.Назарбаев «Ықпал­дастық туралы сөз қозғай отырып, біздер экономикалық аспек­тіні ғана айтпауымыз қажет. Ин­теграцияны адамгершілік тұрғыдан да қарастыруымыз керек», деген болатын. Сонымен қатар, Елбасы «Біз ХХІ ғасырдың жа­һандық өзгерістеріне еура­зиялық ықпалдастықпен жауап бере аламыз. Біздер Ресей және Белоруссиямен бірге Бір­тұтас экономикалық кеңістікті құрдық және Еуразиялық эко­номикалық одақты құруға қадам жасаудамыз. Бұл, жалпы аймақтық тұрақтылықты, біздің экономикаларымыздың бәсекеге қабілеттілігін арттыру­дың маңызды факторы», деп ықпалдастықтың болашаққа апаратын төте жол екендігін баса айтты. Яғни, әрбір мемлекет және қоғам жаһандандырылып жатқан әлемде өзінің жеке кеңістігінде ғана қалып қоюға болмайтындығын түсініп, бір шешімге келуі тиіс. Қазақстан ықпалдастықтың еріктілігі қағидатын ұстанушылардың бірі болып қала береді. Ал енді «Еуразиялық эконо­микалық одақ деген не және оның кәсіпкерлерге қандай пайдасы бар?» деген сұраққа жауап ретінде мен Елбасының жоғарыдағы «Біз ХХІ ғасырдың жаһандық өзгерістеріне еура­зиялық ықпалдастықпен жауап бере аламыз. Біздер Ресей және Белоруссиямен бірге Біртұтас экономикалық кеңістікті құрдық және Еуразиялық экономикалық одақты құруға қадам жасаудамыз. Бұл – жалпы аймақтық тұрақтылықты қамтамасыз етудің, біздің экономикамыздың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың маңыз­ды факторы» деген сөзін тағы да мысалға келтіргім келеді. Бүгін­де жұрт Еуразиялық одақтың маңызын жете түсінбей, ол туралы әртүрлі пікірлер айтады. Бұл дұрыс емес. Еуразиялық одақтың құрамына кірген мемлекеттер тепе-теңдікті сақтап, бір-бірінің ішкі істеріне араласпайды, зайырлылықты құрметтеп, мемлекеттік шекараларға қол сұқпайды. Еуразиялық экономикалық одаққа кіру жөніндегі шарт елімізде көптен бері талқыланып келеді. Бұл шарттың мемлекеттер арасындағы кәсіпкерлердің байланысына, тауар айналымдарына үлкен ықпалы болады. Ал бұл өз кезегінде ұлттық кәсіпкерлер палатасына үлкен жауапкершілік жүктейді. Осыған орай, Ұлттық кәсіпкерлер палатасында отыздан астам кеңестер шақырылып, онда Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың әрбір бөлімі талқыланды. Аталмыш шарттың 750-ден астам парақтан тұратынын ескерсек, осы бағыт­та жасалған жұмыстың өте ау­қымды болғанын көреміз. Жоға­рыдағыдай отырыстар біздің өңіріміздегі кәсіпкерлер палата­сында да жиі өткізілуде. Шартты талдау барысында аймақ кәсіп­керлері мұның маңызын жете түсініп, кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы өз пікірлері мен ұсыныстарын жеткізуде. Шарттың тараптары болып саналатын Ресей және Беларусь мемлекеттері алдымен өндірілген өнімдердің сапасына қарайды. Отандық өнімдер бәсекеге қабілетті болған жағдайда ғана өз еліміздің, сондай-ақ одақ құрамына кіретін өзге де мемлекеттердің сұранысына ие болмақ. Сондықтан біздің өнім өндірушілеріміз экспортқа шығаратын тауарларының сапасына баса назар аударуы тиіс. Бұл ретте біз әрбір мемлекеттік бағдарламалар, бөлінген қаржы тұтынушыларымызға дер кезінде жетіп, кәсіпкерліктің дамуы үшін серпіліс беретін салық немесе басқа да салалық заңнамаларға өзгерістер енгізу қажет деп есептейміз. Қысқаша айтқанда, бұл кәсіпкерлер үшін капитал, жұмыс күші, инвестиция тартудағы еркін айналым дер едім. Себебі, мемлекеттер арасын­дағы қарым-қатынастарда сау­да-экономикалық ынтымақ­тас­­тығына шағын және орта бизнес деңгейінде әріптестік байланыстардың тұрақтылығы тән екендігі белгілі. Мысалы, жеке бизнес саласындағыларға ынтымақтастықты дамытудың басты салалары ретінде энергетика, транзиттік-көліктік, химия, фармацевтика, жеңіл және ауыр өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, туризм, телекоммуникация мен байланыс бағыттарын бөліп көрсетуге болады. Қорыта айтқанда, кәсіпкерлік саласының дамуы мемлекет, бизнес және білім саласының бірлесіп әрекет етуіне байланысты дегім келеді. Жоғарыда аталған сала өкілдері бір-біріне көмектесіп, бірлесіп қимылдағанда ғана нәтижелі жұмысқа қол жеткізе аламыз. Елбасымыз биылғы «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Біз экономикамызға шетелдік инвестициялар, технологиялар мен инновацияларды кеңінен тартатын боламыз. Инвесторлар үшін жұмысқа қолайлы жағдайлар жасаймыз. Біз дамыған 30 елдің тобына кірудің осы маңызды тетігі арқылы экономикамыздың өңірлік, жаһандық экономикалық жүйемен терең ықпалдасуын айқын көріп отырмыз. Бұл ең алдымен Еуразиялық экономикалық одақ қалыптастыруға қатысуы­мызға, Дүниежүзілік сауда ұйы­мына кіруімізге байланысты», деген болатын. Елбасының осы пікірінің өзі Еуразиялық одақтың қаншалықты тиімді екенін көрсетіп тұрған жоқ па? Нұржан МАҚСОТОВ, Батыс Қазақстан облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары. ОРАЛ.

«Баян сұлуды» бәрі біледі

«Баян сұлу» кондитер фабрикасының аумағы атшаптырым. Бұрынғы ғимараттардың қасынан тағы да құрылыс жүріп жатыр. Олар заманауи қоймалар мен цехтар санын арттырмақ. Карамель цехына соңғы жылдары заманауи жабдықтар қойылған. Жылжып отыратын желімен қағазға оралып, картон жәшікке «секіріп» түсіп жатқан кәмпиттерді ақ желеңді қыздар жинап үлгеріп тұр. Соңғы жылдары мұнда барбарис дәмді ұсақ кәмпиттерге сұраныс өте мол. Кәмпит қоймаға келмей жатып, сұраныс бойынша Қазақстанның қалалары мен одан сырт жерлерге жөнелтіледі. Қазір фабрика өнімін Ресей, Өзбекстан, Түрікменстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Әзербайжан және Германия сұратады. IMG_8659– Біз фабрика өнімін Беларусь Республикасына да сатамыз. Бірақ бұл жұмыс әлі басталу деңгейінде тұр. Алдағы уақытта оның аумағы кеңейіп, экспорттық өнімнің сал­мағы көбейе түсері сөзсіз. Ал Ре­сей­ге жіберілетін өнімнің көлемі жыл санап артып келеді, – дейді кә­сіп­­орын­­ның маркетинг және сауда жө­ніндегі директоры Евгений Конрат. «Баян сұлу» акционерлік қоғамының конфеттері Ресейде өте жақсы бағаланады. Сонау Сібірден, одан әрі Қиыр Шығысқа дейін, Ресейдің орталық, Урал аймағы тұтас «Баян сұлу» кәмпитін алдырады. Фабриканың барлық өнімінің өтімі жөнінен Ресей Қазақстаннан кейін екінші орында тұр. Евгений Владимировичтің айтуынша, Ресей қалаларымен ай сайын жаңа келісімшарттар жасалады. Ресей біздің тарихи көршіміз ғана емес, ол шекарадағы Қостанай облысы кәсіпорындарының ең басты тұтынушысының да бірі. Өндірілген тауарлар тұтынушыға жеткенде ғана бизнестің жолы ашылары хақ. Осы орайда «Баян сұлудың» сыртқы саудасын қыз­дыратын да Ресей. Кәсіпорын басшылығы мен мамандары алдағы уақытта қостанайлық кәмпиттерді Ресейдің бүкіл аймағына жеткізуді ойластырып отыр. Кәсіпорын қазір өндірген өнім­нің 35 пайызын экспортқа шы­ғарады. Сыртқы сауданы кеңейту өнім сапасын арттыру жұмысымен бірдей жүреді. Фабрикада жыл сайын жаңа өнім түрлерінің желісі іске қосылады. Заманауи жабдықтар алуға көп көңіл бөлінеді. Осыдан бес жыл бұрын фабрика №2 жаңа шоколад цехын іске қосты. Жыл сайын осы цехтың өзінен 8 тонна шоколад өнімі шығарылады. – Жаңа шоколад цехы тұтас кәсіпорынның локомотивіне айналды. Осыдан екі жыл бұрын карамель конфетінің жаңа желісін іске қостық. Жылына бір желіден 4250 тонна карамель өндіріледі. Мұның Қазақстанда баламасы жоқ. Ал фабрика кәмпиттеріне осы карамель желісінен кейін сұраныс күрт артты. Қазақстаннан, сырт жерлерден сұраныстың көптігі сонша, өндіріс желісінен шыққан карамель кәмпиттерді қоймаға қойып үлгермейміз, – дейді инженер-маркетолог Оксана Суркан. Осындай жұмыстардың арқа­сын­да кәсіпорынның өндіріс қуаты бес жылдың ішінде екі еседен астам өсті. Кәсіпорын бұрынғы 27 мың тоннаның орнына қазір жылына 61 мың тонна кондитерлік бұйымдар өндіріп, 12 миллиард теңгенің өнімін өткізеді. «Баян сұлу» түрлі жобалары арқылы «Бинестің жол картасы-2020» бағдарламасының да белсенді қатысушысы болып отыр. Мысалы, былтыр фабрика инвестициялық жобаларға 1,5 миллиард теңге салды. Соның бірі вафли желісінің іске қосылуы болатын. Бұл жоба 571 миллион теңгеге түсті. Қазір заманауи жабдықтарда жасалған жоғары сапалы вафли дүкен сөрелерінде көп жатпайды. Интеграция кәсіпорын өнімінің са­пасын көтеруге ықпал жасайтын үдеріс. Қазір фабрикада 200-ден ас­там аталыммен өндірілетін конди­тер тауарларының алдымен сапасы­на мән беріледі. Кәмпит сапасы озық технология мен жабдыққа жә­не шикізаттың құрамына тікелей байланысты. – Біздің өнім табиғи, эколо­гия­лық тазалығымен де тұтынушылар мен мамандардың жоғары бағасын ал­ған. Кәмпиттің тіл үйіретін дәмі­мен қатар, оның сақталу мерзі­мі­нің ұзақ­­тығы да сапа жоғарылығы емес пе? Біз осы үшін ізденістерді тоқ­татпаймыз. Мысалы, қантпен қатар сүтсіз, өсімдік майынсыз жа­­са­­латын кондитер бұйымдары кем­де-кем. Өзімізде өндірілетін сүт­­­тің сапасы біздің мамандарды қа­нағаттандыра бермейді. Сон­дық­тан біз оны Еуропадан алдыра­мыз. Өсімдік майы да солай. Соң­ғы жыл­дары пальма майын қо­л­­­­­д­а­­на бастадық. Бұл кондитер бұ­йым­да­ры­ның тез ашып кетпеуін, ұзақ сақ­­талуын қамтамасыз етеді, – дей­­­ді ин­женер-маркетолог Оксана Сур­кан. Интеграциялық қатынастар «Баян сұлу» кәсіпорнының өрісін, тынысын кеңейтеді. Жүк тасымалы кәсіпорын жұмысының негізгі бөлігінің бірі. – Еуразиялық экономикалық одақ интеграциялық қатынастарды бұрынғыдан да өрістете түседі. Алыс-беріс болмай, тәжірибе ал­мас­пай даму жоқ. Біздегі экспортта­латын өнім көлемі артқан сайын, кәсіпорын қуаты да арта түседі. Ал ол деген жұмыс орнының көбеюіне де ықпал етеді, – дейді Евгений Конрат. Интеграция – даму, интеграция  – әлеуметтік жағдайдың жақсаруы. «Баян сұлу» кәсіпорнында 2006 –2013 жылдар аралығында 1407 жұмыс орны ашылды. 602 адам оқып, жұмысшы мамандығын алды, 709 жұмысшы біліктілігін көтерді. Кәсіпорын өз қаржысына 43 жастың жоғары оқу орындарында, колледждерде білім алуына мүмкіндік жасады. Міне, «Баян сұлудың» кәмпиті тәтті ғана емес, ондағы әр іс сәтті. «Баян сұлуды» бәрі біледі! Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». ҚОСТАНАЙ.

Мүмкіндігімізді едәуір кеңейтеді

Халықаралық құқықтық субъектіге ие жаңа халықаралық өңірлік экономикалық интеграция ұйымы аясындағы ережелерге сәйкес тауарлар, қызмет көрсетулер, капитал және жұмыс күші қозғалысының еркіндігі қамтамасыз етіледі. Халықаралық шарттармен анықталған экономика салаларында үйлестірілген, келісілген немесе бірыңғай саясат жүргізілетін болады. IMG_8754Еуразиялық экономикалық одақтың негізгі мақсаттары өмір­лік маңызы бар мына мәсе­лелер болып табылады: халықтың өмір сүру деңгейін арттыру мүдделерінде олардың экономикаларының тұрақты дамуы үшін жағдайлар жасау, тауарлардың, қызмет көр­сетулердің, капиталдың және еңбек ресурстарының бірыңғай нарығын қалыптастыруға ұм­т­ылу, жаһандық экономика жағдайларында ұлттық эко­но­ми­каларды жан-жақты жаң­ғырту, кооперациялау және бә­се­кеге қабілеттіліктерін артты­ру. Мұндағы аса маңызды эле­мент­тердің бірі – техникалық реттеу. Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы интеграцияның маңызды бағытының бірі – сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласы. Осы салаларға қатысты техникалық реттеудің жалпы қағидаттарының іске асырылуы Одаққа мүше мемлекеттердің таяу болашақта әлемдік эконо­микалық нарықта бәсекеге қабі­летті болуына мүмкіндік береді. Адамның өмірін және денсау­лығын, мүлікті, қоршаған ортаны, жануарлар мен өсімдіктер дү­ниесін қорғау, тұтынушыларды қателікке ұрындыратын әре­­­кет­терді болдырмау, сон­дай-ақ, Одақ шеңберінде энер­­­гетикалық тиімділік пен ресурстардың үнемделуін қам­тамасыз ету мақсатында техни­калық регламенттер қабыл­дана­ды. Ал құрылыс салаларын ин­те­грациялау барысында Одақ­қа қатысушы елдер арасында техникалық кедергілерге жол бермеу үшін материалдарға ұлттық стандарттарды және ғимараттар мен құрылыстарды жобалау, салу жөніндегі нормативтерде көрініс табатын бірыңғай базалық талаптар белгіленеді. Одаққа қатысушы елдер экономиканың ұлттық даму деңгейін, табиғи-климаттық және сейсмологиялық ерекшеліктерді, сонымен бірге, материалдар мен жұмыстардың нормативтер талаптарына сәйкестігін бағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік бақылау және қадағалау жүйесін есепке ала отырып, белгіленген бірыңғай техникалық регламент бойынша әр мемлекет ұлттық деңгейде техникалық талаптар да белгілей алады. Бұған қоса барлық қатысушы елдер үшін ортақ талаптар мемлекетаралық нормативтер мен мемлекетаралық ережелер жинақтарына біріктіріледі. Олар қажет болған жағдайда қатысушы елдердің ұлттық қосымшалары ретінде осы елдердің нормаларымен толықтырылатын болады. Бірыңғай техникалық регла­ментінде ғимараттар мен құры­лыстарға қойылатын жалпы талаптар көрсетіледі. Ал мемлекетаралық құрылыс нормалары ғимараттар мен құрылыстар түрлеріне және инженерлік жүйелерге қойылатын ең аз талаптарды нақтылауға арналған. Осы талаптарды іске асыру жолдары ұсынбалы түрде мемлекетаралық ережелер жинақтары мен ұлттық ережелер жинақтарында көрініс табады. Түпкі мақсат – жобалаушыларға шығармашылық қабілеттерін таныту және жобаларда жаңа технологиялар мен материалдарды қолдану мүмкіндігін беру. Бұл адамның тұруы және өмір сүруі үшін қолайлы орта жасауға мүмкіндік береді. Одақ аясындағы аккредиттеу: аккредиттеу саласындағы ережелер мен тәсілдерді халықаралық стандарттармен үйлестіруге, аккредиттеудің еріктілігін, аккредиттеу процедуралары, ережелері және нәтижелері туралы ақпараттың ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз етуге, мүше мемлекеттердің аккредиттеу жөніндегі органдарының әділдігін, риясыздығын және біліктілігін қамтамасыз етуге, аккредиттеуге өтінім берушілер үшін аккредиттеуге және аккредиттеу кезінде алынған ақпараттың құпиялылығын сақтауға қатысты тең жағдайлар жасауға жол ашады. Бұлар Еуразиялық эко­номикалық одақ елдері­нің әрқайсысының заң шығар­ма­шылық ерекшеліктерін неғұрлым толық есепке алатын құрылыс саласындағы техникалық реттеуге қатысты ішкі ұлттық саясатты анықтау мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейтетін болады. Руслан ЛЕПЕСОВ, Өңірлік даму министрлігі Сәулет, қала  құрылысы және құрылыс департаментінің басқарма басшысы.