Мемлекет басшысы ол үшін үкімет өкілетті органдарды теңізде жұмыс істеуге қажетті материалдық-техникалық құралдармен қамтамасыз етуге тиістігін және Каспийде заңсыз балық аулаудың жолын кесу қажеттігін атап өтті.
«Браконьерлер балықтың көбеюіне кесірін тигізіп, теңіздің экожүйесіне зардап келтіріп жатыр. Каспий теңізінің тартылуы – айрықша өзекті мәселенің бірі. Теңіз деңгейі 2005 жылдан бері бір метрден аса төмендеп кеткеніне бәріміз куәміз. Судың тартылу себебі мен оның салдарын жан-жақты зерттеу керек. Осы орайда, Каспий теңізін зерттеумен айналысатын мемлекеттік ғылыми институт құрған жөн деп есептеймін. Сондай-ақ, Үкімет Каспий жағалауында орналасқан өзге мемлекеттердегі әріптестерімен тығыз жұмыс істеуі керек», деп түйіндеді Президент.