26 Мамыр, 2010

МЫЛТЫҚ ПЕН МУЗА

1367 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін
Жеңіс – 65 “Зеңбірекке тіл біткенде, муза іштен тынады”, – дейді ежелгі эллин нақылы. Бас изеп, сөзсіз мақұл­даймыз. Бірақ Ұлы Отан соғысы сұрапылында жауға қарсы жұды­рық­тай жұмылған сақадай сайлы саптың іші­нен жүрегі нәзік, жаны нұрлы, сонысына қарамас­тан тас түйінген өнерлі өрендерді көргенде, айтулы афоризмнің бәрі анық аксиома емес екендігіне көз жеткізе­сің. Мысалы, бір ғана Құрманғазы атындағы Қазақ мем­лекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің тарихын таразыласаң болды: майдан шындығы мен муза шабыты біте қайнасқанын байқайсың. Шек пен шүріппе ... 1967 жылдың 19 шілдесінде Қазақ КСР Әскери комиссары, генерал-майор Нұрлы Бәйкенов пен саяси бөлім бастығы, полковник Гульбас мынадай мәтіні бар награда парағына қол қойыпты: “Ғалым Қойшыбаев, запастағы сержант, 391-ші атқыштар дивизиясындағы 1280-ші атқыштар полкының бөлімше командирі. Ұлы Отан соғысы кезінде көрсеткен ерлігі және алған жарақаттары үшін Совет Одағының Батыры атануға лайық”. ... 2009 жылы тұңғыш рет жа­рыққа шыққан “Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі” антологиясындағы құнды дүниелердің қатарына “Шора батырдың маршы” атты халық күйі де кірген. Шеберлікпен шертіп берген – Ғалым Қойшыбаев. Айтпағымыз: батырлықтан үміткер мен дәулескер домбырашы – бір-ақ кісі. Бойында өрлік пен өнерпаздық тең тоғысқан Ғалым Қойшыбаев кім болды екен? Зерделі зерттеуші Бисенғали Ғиза­товтың 1957 жылы басылған “Құрманғазы атындағы Қазақ мем­лекеттік халық аспап­тар ор­кестрі” атты орысша кітабындағы дерек бойынша, ол 1919 жылы Гурьев (қазіргі Атырау) облысының Қызыл­қоға ауданында туған. Қабілеті ерте оянғаны соншалық, алты жасынан домбыраның құлағында ойнай бастапты. Бұлай болуына әкесі Қой­шыбай Божанұлының мықты дом­бырашылығы септігін тигізсе керек. Екінші жағынан, бұл жас өнерпаз­дың туабітті талантын да танытады. Белгілі музыкатанушы Ілия Жақанов “Егемен Қазақстан” газеті­нің 2009 жылғы 31 қаңтарында жа­рияланған “Гүлжансары” атты мақаласында Ғалымның туған інісі – көрнекті симфонист-композитор, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері Мәкәлім Қойшыбаевтың аузынан жазып алынған мынадай мәліметті келтіреді: “Менің туған жерім – Ойылдың жаға­сындағы Қы­зыл­қоға ауданы. Гурьев облысы­ның Ақтөбе жағымен шектеседі. Бір жағы Мақат ауданымен іргелес. Мақаттың арғы жағы – Доссор. Доссор – қазақ мұнайының қайнар бұла­ғы. Мен өз жерім жайлы көп әңгіме білмеймін. Менің туған ағам Ғалым осы Доссор жұмысшылары­ның азапты еңбегін көп сөз қылатын еді. Әбден ыңыршағы айналып, қажыған орыстардың әндерін көп айтатын-ды”. Бұдан Ғалымның әр сипаттағы әуенге әу бастағы зейінділігін, зеректігін аңғаруға болатын сияқты. Ата-анадан өрімдей шағында айы­рылған ағайынды екі бала – Ғалым және оның ізінен ерген өзінен жеті жас кіші інісі Мәкәлім Орал қаласындағы жетімдер үйінің босағасында күн кешеді. Жеті­жылдық қазақ мектебінде оқып, көркем­өнерпаздар үйірмесінде балапан қанат­тарын қомдайды. Қомдап қана қоймай, көп кешікпей биікке қанат қағады. 1934 жылғы 14 маусымда Алматыда халық өнерпаздарының Бүкілқазақстандық бірінші слеті ашылып, оған елдің түкпір-түкпірінен – домбырашысы, қобызшысы, сыбызғышысы, әншісі, бишісі, суретшісі, халық ақыны бар – ұзын саны 88 адам қатысады. Бір аптаға созылған жиын делегаттарының ішіндегі ақсақалы – 90-ға таяған Жамбыл Жабаев болса, ең жасы – 15-ті енді ғана толтырған домбырашы Ғалым Қойшыбаев еді. Іле-шала Қазақ оқу-ағарту комиссариатының жолдама­сымен жасөспірім дарын музыкалық-драмалық техникумның студенті атанады. Нақ сол оқу ордасының негізінде бастап­қыда Қазақ Орталық Атқару Комитеті атындағы, кейіннен – он жылдан соң Құрманғазының есімі берілген халық аспаптар оркестрі құрылады. Ахмет Жұ­банов жетекшілік еткен ұжымның құрамына ол Лұқпан Мұхитов, Науша Бөкейханов, Қали Жантілеуов, Уақап Қабиғожин, Ғабділман Матов, Ысқақ Уәлиев, Жаппас Қаламбаев секілді тарландармен бірге қабылданады. Ал інісі Мәкәлім ағасының “рекордын” жаңалап, оркестрдің құрамына 1939 жылы, небәрі 13 жасында алынады. 1936 жылы қазақ әдебиеті мен өнерінің Мәскеудегі онкүндігіне қатысып, саңлақ күйшілігімен сырбаз көрерменнің қолпаш-қошеметіне бөленуі – Ғалым Қойшыбаевтың өміріндегі өзгеше бір белес. Сөйтіп жүргенде, шекті шүріппеге ауыстыратын күн туды. Саусағынан күй сорғалаған жігіт соғысқа аттанып, сұрмергендікке машықтанды. Ғалымды майданға қосқан 1280-ші атқыштар полкы 1941 жылдың тамыз айында Алматы қаласында 391-ші ат­қыштар дивизиясының құрамында жасақ­талған-тұғын. Ол 1941 жылдың 21 желтоқ­санынан бастап 3-ші, одан соң 1-ші тегеурінді армияның қатарында Солтүстік-Батыс майданында ұрыстар жүргізді. 1942 жылдың төрт мезгілін жауынгер Қойшыбаев Мәскеу, Вязьма, Ржев, Старая Русса түбіндегі қанды қақтығыс­тармен өткізді. Қаңтар айында 3-ші және 4-ші армияның жауынгерлері шабуылға шығып, Холм – Великие Луки және Торопец – Велиж бағытында немістерге күйрете соққы берді. Мыңнан астам елді мекеннен оларды түре қуды. Демьянск түбінде қоршауда қалған фашистерді талқандап, плацдармын біржолата жойды. 16-шы неміс армиясының құрамында жүз мыңдаған офицері мен солдаты бар жеті дивизия совет әскерінің шеңгеліне түсті. Бұл – Ұлы Отан соғысындағы жауды осыншама есеңгіреткен бірінші жағдай еді. Сол жылдың көктемінен бастап Старая Русса түбінде тұтанған шайқастарға не­містер таңдаулы күштерін жұмсап, “Раму­шев дәлізі” ауданында қатты қантөгіс болды. 1942 жылдың наурызында 391-ші атқыштар дивизиясы 37-ші бригадамен және 33-ші атқыштар диви­зия­сымен бірге 3-армияның құрамында Холм қаласын шабуылдады және оның батыс бөлігіндегі аэродромды басып алды. Жаз бойындағы ауыр айқастардан соң, қыркүйекте фашистер тағы оңбай “таяқ” жеді. Великое Село маңында 397-ші атқыштар диви­зиясының жауынгерлері 3800 немістің көзін жойып, 17 танкіні қиратты. Қызыләскер Қойшыбаевтың мүлт кетпес мергендігі туралы сол тұстағы оқиғалардың ортасында болған майдан­дастарының естеліктерінен де, соғыстың шежіресін таңбалаған газеттердің беттерінен де оқи аламыз. 1942 жылдың 1 қыркүйегінде 391-ші атқыштар дивизиясының құрылғанына бір жыл толуына байланысты ең үздік жауынгерлер, командирлер мен саяси жетекшілерді айрықша атай отырып, снайпер Ғалым Қойшыбаевқа дивизия командирі – подполковник Василий Федорович Марчук, штаб бастығы – гвардия подполковнигі Барон алғыс жариялап, сағат сыйлаған. “За Родину, за Сталина” дивизиялық газетінің 1942 жылғы 21 қыркүйектегі санында “Үздік снайперлерден үлгі алың­дар” атты мақала жарияланып, қатардағы сарбаз Ғалым Қойшыбаевтың 20-дан астам фашистің көзін жойғаны айтылады. Келесі – 25 қыркүйектегі нөмірде “Кек қайтар, жауынгер!” деген мақаланың авторы оның нысанасына іліккен гитлер­шілердің саны 37-ге жетке­нін жазады. Басылымның 30 қазандағы мәліметі бойынша, снайпердің “олжасы” – 64. Бұл дерек соғыстан соңғы уақытта бірқатар кітапта көрініс тапқан. Мысалы, Солтүстік-Батыс майданның саяси бас басқармасына жетекшілік жасаған генерал-лейтенант Андрей Дмитриевич Окороков “На Северо-Западном фронте. 1941-1943” атты жинаққа (Мәскеу, 1969) енген жазбаларында: “Ғалым Қойшыбаев – қызыләскер, сұрмерген, снайперлік мыл­тықпен және қолма-қол шайқаста 64 фашисті өлтірді”, – дейді (109-бет). Тура осы мәлімет 1-ші екпінді армияның саяси бөлімін басқарған генерал-лейтенант Федор Яковлевич Лисицынның “В те грозные годы” деген мемуарлық кітабында (Мәскеу, 1985, 75-бет) Ғалым Қой­шыбаевтың портретімен бірге келтіріледі. Отставкадағы полковник Геннадий Иванович Бердниковтың “Первая удар­ная: боевой путь 1-й ударной армии в Великой Отечественной войне” кітабында да (Мәскеу,1985, 117-бет) осы факт қайталанады. Тек Ғалымның фамилиясы “Копшибаев” болып қате жазылып кеткен. Бір белгілісі, сұрмергеннің жер жастан­дырған дұшпандарының саны күн санап көбейген. Мысалы, “Социалистік Қазақстан” газеті­нің 1942 жылғы 9 қарашадағы нөмірінде саяси жетекші Л.Шебаршин снайпер Ғалым Қойшыбаевтың жеке есебінде 79 фашистің бар екенін жазды. “Құдай бір айналдырғанды шыр айнал­дырады” демекші, мұнан былайғы кезде қайсар, қырағы жауынгер жарақаттан көз ашпады. Мойнына снарядтың жарықшағы қадалып, 1942 жылдың 5 желтоқсанынан бастап медсанбатта емделіп, 16 желтоқ­санда толық айықпастан бөлімге қайтты. Араға екі-ақ апта салып, 30 желтоқсан күні оң жақ иығынан төменірек жерден жау оғы тесіп өтті; шынтақ сүйегі қоса зақым­данды. Осының салдарынан 1943 жылдың 15 наурызына дейін эвако­госпитальда төсекке таңылып жатты. Жазылған бетте алдыңғы шепке оралып, оптикалық винтовкасымен қайта қауышты. Тағы да талай немістің жанын жаһаннамға жөнелтті. 1-ші екпінді армияның “На разгром врага!” газеті 1943 жылғы 4 қыркүйектегі санында Ғалым Қойшыбаевтың суретін басып, астына: “Н. бөлімінің батыры, жүзден астам неміс басқыншысын жойған ержүрек снайпер Ғалым Қойшыбаев жауын­герлік Қызыл Ту орденімен наград­талды”, – деп жазыпты. Бір ескеретіні, мерген 19 рет қолма-қол ұрысқа қатысқан, яғни жаумен бетпе-бет келіп, жекпе-жекке шыққан. Бәрінде де мерейі үстем болған. Сол жылдың қараша айында 880 күн әрекет етіп, өзіне жүктелген мақсат-міндеттерді абыройлы атқарған Солтүстік-Батыс майдан таратылды. Ақырғы ауыр жарақатынан соң, денсаулығының жарамсыздығына байланысты Ғалым Қойшыбаев амалсыздан елге қайтарылды. Ол өзінің туған ұжымы – Құрманғазы оркестріндегі шығармашылық жұмысын жалғастырып, домбырасын сағынышпен қолға алды. Мергендігінің мінсіздігі секілді, күйшілігіне де кірбің келтірмеді. Майдангер музыканттың еңбегі уақытылы еленіп, оған 1944 жылдың 7 тамызында Гүлнафис Баязитова, Жалекеш Айпақовпен бірге “Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген әртісі” атағы берілді. Осыған дейін мұндай марапатқа “құрманғазышылардан” Ахмет Жұбанов, Уақап Қабиғожин, Лұқпан Мұхитов қана ие болған еді. Сол жылы Ғалым Ақтөбе облыстық филармониясының тұңғыш директоры, ал Мәкәлім Қостанай облыстық филармо­ниясының көркемдік жетекшісі қызметіне кірісті. Алда оларды өздері бел ортасында болатын ұлттық өнердің өрісті де өрелі сәттері күтіп тұрды. Өкініштісі, Ғалым Қойшыбаевтың екінші дүниежүзілік соғыстың үздік снай­пер­лерінің бірі болғандығы ұмытылып кетті... Құрманғазы оркестрінің қыршындары Абзалы, өнерпазды соғыс емес, сахнаның төрінен танығанға не жетсін... Бірақ тарих тәлкегінің қандай боларын, қай пенденің жұмыр басының қайда қаларын кім білген? Құрманғазы оркестрін құрушылардың қатарында от пен оқтың ортасына түсіп қана қоймай, қан майданда шаһид кешкен боздақтар да бар. Солардың бірі – жоғарыда айтылған халық өнерпаздарының Бүкілқазақстандық бірінші слетінде жұлдызы жанған жігіт Ысқақ Уәлиев еді. 1902 жылы Батыс Қазақстан облысының Қазтал ауданында атасы Бименнен өсіп-өнген шүкірана шаңырақта дүниеге келген ол халық композиторы Сармалайдың шәкірті болған өз әкесінен қарадомалақ шағында сыбызғы сабағын алады. Тас жарған талантының арқасында кейінірек туған ауылы мен аймағынан асып, Мәскеу жұртшылығын шырқау шеберлігімен тебіренткен, тең­селткен, тамсантқан күнге жетеді. Сармалайдың шығармаларын сызылта тартумен шектелмей, өз жанынан “Тол­қын”, “Кербез”, т.б. күйлер шығара­ды. Әттең, сұм соғыс болмағанда, сыбызғысын снайперлік винтовкаға айырбастар ма еді... Қолымызда бар деректерге жүгінсек, Ысқақ Уәлиев майданға аттанар алдында Алматы қаласының Интернациональная көшесі бойындағы 40-шы үйде тұрыпты. Әскерге әйелі Дәмеш шығарып салған. Ол 10-шы гвардиялық армияның құра­мындағы 30-шы гвардиялық атқыштар дивизия­сы­ның 94-ші гвардиялық атқыш­тар полкында соғысқа араласады. Стар­шина шенін алып, бөлімше коман­дир­лігіне тағайындалады. БК(б)П мүшелі­гіне қабылданады. Сыбыз­ғышы-снайпер жау­ын­герлік Қызыл Ту, Қызыл Жұлдыз ордендерімен, “Ерлігі үшін” медалімен наградталған. Ажалға араша жоқ: 1944 жылғы 17 наурызда таңертеңгі сағат жеті жарымда бір күн бұрын алған ауыр жарақаттан (ішінен оқ тесіп өткен) көз жұмады. Әуелде денесі бұрынғы Калинин облысының Идрицк ауданындағы Рахново деревнясынан оң­түс­тікке қарай бір шақырым жердегі бауыр­ластар зиратына қойылса, 1955 жы­лы Псков облысы Себеж ауданының Боя­нировск селолық кеңесіне қарасты Жег­лово деревнясының солтүстік-шығы­сын­дағы бейітке қайта жерленеді. Тағзым етер туысы табылса, марқұмның бақилық орны белгілі. Қази Нұрмағам­бетов, Құр­манай Арапаев, Тұрғын Асқаров, Жанаяқ Бөле­баев, Сұлтанбек Матрайымов, Тұр­­дыхан Саматов, т.б. белгісіз қазақ жауын­герлеріне де топырақ осы арадан бұйырыпты... Ғажап домбырашы, дирижер және композитор Ғабділман Матовты өзінің “Күй мерекесі” атты мақаласында Ахмет Жұбанов былай суреттейді: “...сахнаға қолына домбыра ұстаған қағілез жас жігіт шыға келді. Ол үстіне жеңі шынтағынан жоғары түрілген жейде киіп алыпты. Көзі жанып тұр. Соқыр Есжанның, Мүсірәлі­нің күйлерін және Құрманғазының “Пар­сы маршын” шабыттана тартып шық­ты. Қолдан соғылған көне домбыра­дан күйлер үсті-үстіне лекіте төгілді. Домбырашының оң қолы әртүрлі және ойнақы қимылдар жасады, әсіресе күйлердегі триольдер ер­ек­ше күшті және екпінді естілді. Талантты музыканттың саусағынан нағыз әуен құйы­лып жатты” (“Коммунизм таңы” газеті, 1954 жыл, 4 желтоқсан). Бұл да – 1934 жыл­ғы айтулы слеттің айшық­ты сәттерінің бірі. Міне, майданға бармас бұрын Балқаш пен Қарағандының өндіріс орындарында өнерпаздардың басын қосып, үлкен оркестр ұйымдастыруға кіріскен Ғабділман Матовтың да асқақ армандары жүзеге аспады. Батысқа сапар шеккен ол 1942 жылдың қыркүйегінде Харьков қаласының маңындағы шайқаста бар болғаны 24 жасында қаһармандықпен қаза тапты... Майдангер-жазушы Әзілхан Нұр­шайықов қаруластарын еске алған сұхбат­тарының бірінде: “Бір қаруын – винтов­ка, екінші қаруын домбыра етіп, жанынан тастамайтын, бригаданың көркемөнер­паздар үйірмесін басқарған Смағұл Кө­шекбаев деген жақсы азаматымыз бар еді. Ол да қазақ күйлерін төкті-ай ке­ліп…”, – дейді (“Алаш айнасы” газеті, 2010 жыл, 8 мамыр). Қаламгердің сөз етіп отырғаны – Атырау облысындағы Теңіз ауданының тумасы, күйші-композитор Смағұл Кө­шекбаев. Ол Құрманғазының күйлері мен Мұхиттың әндерін шебер орындайтын. Бірқатар ән-романстардың авторы. 1936 жылдан бастап Жамбыл атындағы мем­лекеттік филармонияда қызмет істесе, 1939 жылы Шымкент қор­ғасын зауы­тында, ал 1941 жылы Ащысай полиметалл комби­натында халық аспаптар оркестрін құрды. Соның ізінше әскерге шақырылды. Майдан тақырыбына арнап “Қызыл сұңқар”, “Қызыл тон” (сөздері Хамит Ерғалиевтікі), “Айша” (мәтіні Қайнекей Жармағамбетовтікі) атты әндер жазды. Ерен ерлігі үшін Қызыл Жұлдыз, жауын­герлік Қызыл Ту, ІІ-дәрежелі Отан соғысы ордендерімен наградталды. “Ерлікпен қан майданда қаза болсам, Аманат намысым мен арым саған, сәулем-ау!” – деп әндетіп жүрген асыл азамат 1945 жылы, ұлы Жеңістің қарсаңында 40-тан енді аса берген шағында қапияда ажал құшты... Құрманғазы оркестріне 1938 жылдан бастап дирижерлік еткен дарынды ком­позитор Мәлік Жаппасбаев та майдан­ға алынып, 1944 жылы 30 жасында жарық жалғанмен қоштасқан... Осылайша Ұлы Отан соғысы қазақтың атақты өнер ұжымының қатарын біршама селдіретіп, сиретіп кетті. Бірақ мылтықты майдан мәңгілік музаны жеңе алған жоқ. Амантай ШӘРІП, “Астана ақшамы” газетінің бас редакторы. (жалғасы)