28 Мамыр, 2014

Экономикалық одақ Кеден одағының жұмысын жандандыра түседі

317 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

28-05-14-tamojnia-1

АСТАНА. 28 мамыр. Ықпалдастық үдерістерін күшейту іскерлік белсенділікті жүргізуге арналған шарттарды қарқынды түрде дамыта түседі. Бұл туралы BNews.kz тілшісіне берген сұхбатында «KAZNEX INVEST» экспорт және инвестициялар ұлттық агенттігі басқарма төрағасының орынбасары Мейіржан Майкенов мәлімдеді. «Кеден одағы ықпалдастық үдерісінің бірінші кезеңі болды. Ол біздің бизнес үшін басымдықтар береді. Соңғы 5 жылдың ішінде Кеден одағы аясындағы тауар айналымы 88 пайызға артып, бүгінгі таңда ол 24,3 млрд. АҚШ долларына жетті. Бұл ретте одақ шеңберіндегі тауар айналымы 18,5 пайызға ұлғайғанын да атап өткен ләзім. Нақтырақ айтқанда, тауар айналымы құрылымының басым бөлігін импорт құрайды. Ол 18,4 млрд. АҚШ доллары шамалас. Оның 70 пайызға жуығы отандық өнеркәсіптік кешен үшін тарихи тұрғыдан алғанда да қажетті тауарлар, яғни шикізат, аралық тауарлар, өндіріске қажетті құралдар болып табылады. Кеден одағы құрылмай тұрып та жағдай осындай болатын, себебі Ресей Қазақстанның негізгі сауда серіктесі», - дейді М.Майкенов. Оның пікірінше, Кеден одағынан Қазақстанға импортталатын тауарлардың үштен бір бөлігі тұтынушылар тауарлары. Олар отандық өнімге деген бәскелестік орта қалыптастырады. Ал бұл тауарлардың жартысына жуығы – ЖЖМ мен жеңіл автокөліктер. «Экспорт мәселесіне келсек, сапа құрылымының өзгеріске ұшырағанын ерекше атап өткім келеді. Қазақстан шикізатқа қарағанда қайта өңделген және дайын тауарларды көбірек сыртқа шығарып жатыр. Бүгінгі күні олардың үлесі сәйкесінше 40 және  60 пайызды құрайды. Бизнесті жүргізуге қолайлы жағдайларды жасау және Кеден одағы аясында өзара сауданы ырықтандыру дағдарыс кезеңінде дайын тауарларды жеткізу көлемін бір деңгейде ұстап қана қоймай, оны арттыруға да мүмкіндік берді. Оның ішінде, шағын және орта бизнес кәсіпорындары өнімдері де бар», - деді агенттік төрағасының орынбасары. Мейіржан Майкенов. Келесі кезекте ол дайын өнімдер экспортының 33 пайызы Ресей мен Беларуське тиесілі екенін айтты. Бұған қоса, кейбір тауарлар бойынша экспорт көлемі артып келеді. «Нақты мысал ретінде Ресейге жеткізілетін кондитер өнімдерінің 7 есе артқанын айтуға болады. Экспортты ұлғайтудың арқасында кәмпиттер мен шоколад өндірушілері өндірістерді жаңғыртып, бәсекеге қабілеттіліктерін арттыра түсті. Сыртқа шығарылатын трансформаторлар 4 еседей, цемент пен күріш кһлемі 5 есеге өскен. Экспорт көлемін арттыруға кедендік рәсімдердің алып тасталуы, техникалық регламенттер мен сертификаттардың үйлесімде болуы жағдай жасап отыр. Біз Еуразиялық экономикалық одақтан да осындай интеграциялық нәтижені күтіп отырмыз. Ықпалдасу үдерістерін күшейту іскерлік белсенділікті жүргізуге арналған шарттарды қарқынды түрде дамыта түспек және бұл бизнестің мемлекет сыртында да дамуына әсер етпей қоймайтыны сөзсіз», - деп қорытты М.Майкенов. Мұрат Айтқожа. Дереккөз: BNews.kz. Рәсім: atnews.org.