АЭС-ті негізінен дамыған елдер пайдаланады. Әсіресе Францияның электр энергиясын өндірудегі АЭС үлесі – 69 пайыз. Бұл – ең жоғары көрсеткіш. Өзге елдердің де көрсеткіші төмен емес, Бельгияда – 50,8, Швецияда – 30,8, Швейцарияда – 28,8, Оңтүстік Кореяда – 28, АҚШ-та – 19,6, Ұлыбританияда – 14,8, Канадада – 14,3 пайыз. Дәл қазір АҚШ 92 реакторды пайдаланып отырса, Канада – 19, Қытай – 55, Франция – 56, Жапония 21 реактор бар.
Жалпы алғанда, атом энергиясын өндіру 2020 жылы пандемияға байланысты қысқа мерзімді құлдыраудан өтіп, қайтадан қарқын алды, 100 ТВт/сағ артып, 2021 жылы 2 653 ТВт сағат болды. 2020 жылғы пандемия кезіндегі құлдырауды есепке алмағанда, 2012 жылдан бері атом энергиясын өндірудің серпінді өсуі байқалады. Сарапшылардың айтуынша, келешекте атом энергетикасы қарқынды дамиды және электрмен қамтуда басты рөлге ие бола бастайды.
Қазір әлемнің 18 елінде жалпы қуаттылығы 57,6 ГВт болатын 56 реактордың құрылысы жүргізіліп жатыр. Беларусь, БАӘ, Бангладеш және Түркия алғашқы АЭС-терін салуда. Тағы 5 ел – Эстония, Польша, Мысыр, Сауд Арабиясы және Өзбекстан алғашқы АЭС құрылысына қажетті инфрақұрылымды дайындау кезеңінде. Чехия, Болгария, Франция, Мажарстан, Аргентина және Бразилия қосымша реакторлар салу бойынша жоспарлары бар екенін жария еткен.
«Жалпы, ядролық технологиялардың белсенді дамуы байқалады. Бұл декарбонизацияның жаһандық бағытымен, сондай-ақ энергия тасымалдаушылардың тапшылығымен және Глазгодағы COP26 шеңберінде парниктік газдар шығарындыларын азайту жөніндегі елдердің міндеттемелерінің артуымен байланысты. 2008-2009 жылдардағы жаһандық қаржы дағдарысы және 2011 жылғы Фукусимадағы ядролық апат кезіндегі құлдыраудан ядролық генерация белсенді түрде қалпына келуде. МАГАТЭ Орталық және Шығыс Азия өңіріндегі атом генерациясы ауқымының кеңеюін күтеді. Бұл өсімнің басты драйвері Қытайда қала береді. Алғашқы энергетикалық реактор Қытайда 1991 жылы салынды. 30 жыл ішінде ҚХР-да АЭС саны 55-ке жетті және тағы 15-і салынып жатыр», деп жазады Ranking сарапшылары.
Қазақстанда да АЭС салуға қатысты дайындық қызу жүріп жатыр. Қазір біз әлемдік тәжірибені зерделеу кезеңіндеміз. Биыл маусымда еліміздің делегациясы Оңтүстік Кореяға барып, мемлекеттік органдармен, ұйымдармен кездесті және салынып жатқан АЭС территорияларында болды. «Қазақстан атом электр станциясы» ЖШС мен Korea Hydro & Nuclear Power арасында ынтымақтастық және өзара түсіністік туралы меморандумға қол да қойылды. Бұдан бөлек, қазақстандық мамандар Франция, Түркия, Мажарстан елдеріне де сапар шекті. Бәрінің де мақсаты бір – АЭС-ті қалай салу керектігін танып, білу, тәжірибе жинау. Ал анықтап айтқанда, сапар барысында мына мәселелерге баса назар аударылды: реактордың технологиялық және жобалық шешімдері, инвестицияны қайтару және қаржы тарту механизмі, қадағалаушылық базаны дамыту және қажетті кадрларды дайындау.
Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
Қазір Қазақстанда АЭС салуға 5 елдің – Қытай, Корея, Ресей, АҚШ, Францияның іргелі компаниялары қызығушылық танытып отыр. Олар қуаттылығы мен салыну технологиясы әртүрлі 13 нұсқа ұсынған. Солардың ішінен іріктей келе, қысқа тізімге 4 жоба кіргізілген: Оңтүстік Корея (KHNP), Қытай (CNNC), Ресей («Росатом») және Франция (EDF). Қазір бұл төрт компанияға техникалық-коммерциялық ұсыныстың өзектілігі, ұсынылып отырған жобаның алдын ала құнын білу бойынша қосымша сұраным жіберілген. Әлеуетті кандидат компанияға технологиялардың қауіпсіздігі және сенімділігі тұрғысынан аса жоғары талап қойылмақ. Алдын ала ақпаратқа сүйенсек, елімізде жалпы қуаттылығы 2,8 ГВт болатын екі реактор салынуы мүмкін.
Былтырдан бері электр энергиясының тапшылығы туралы жиі айтыла бастады. Қазір Қазақстанда электр энергиясы тұрғысынан профицит бар. Яғни энергия артылып қалып жатыр. Алайда бұл уақытша. Профицит үлесі біртіндеп төмендей бермек. Өйткені электр стансаларындағы жабдықтар түгел тозған, саладағы маман тапшылығы да шаруаға қолбайлау. Оның үстіне көмірсутегі есебінен энергия өндіру экологияға зиян. Қоршаған ортаны бүлдіріп отырған елге инвесторлар да қаржы салуға ықыласты емес. Ал АЭС табиғатқа залал келтірмейді. Алдын ала есептеу бойынша, АЭС жылына орта есеппен 8 млн тонна көмірқышқыл газының жалпы көлемін азайтуға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек АЭС-тің салынуына байланысты аралас салаларда мыңдаған азамат жұмыс табады. АЭС-і бар елде ғылыми зерттеулер кеңінен дамып, ядролық медицина мен биофизиканың жолы ашылады.