Президент • 08 Қараша, 2022

Қ.Тоқаев Атыраудағы электр желісін түгелдей жаңғыртуды тапсырды

264 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Атырау облысындағы өзекті мәселе – электр желісінің тозуы. Оның 40 пайызға жуығы ескірген. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өңір жұртшылығымен кездесуінде айтты, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың ресми парақшасына сілтеме жасап. 

Қ.Тоқаев Атыраудағы электр желісін түгелдей жаңғыртуды тапсырды

«Биыл 15 елді-мекеннің электр желісі жөнделіп жатыр. Дегенмен, бұл жеткіліксіз. Соңғы жылдары аймақта электр қуаты жүйесі дұрыс істемейтін болды. Өңірдегі энергия тапшылығы – шамамен 200 мегаватт. Облыста өзінің электр станциясын пайдаланып отырған кәсіпорындар бар. Бірақ, олардың мүмкіндігі шексіз емес», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент өнеркәсіп орындары дамып, халық саны көбейген сайын қуат көзіне деген сұраныс артатынын айтты. Сондай-ақ, Атырау облысының электр энергиясы жүйесіне түгел жаңғырту жұмыстарын жүргізу керектігін айтты.

«Мен былтыр батыс аймағын еліміздің негізгі энергетика жүйесіне қосу туралы тапсырма бердім. Үкімет осы мәселені пысықтап, нақты шешім қабылдасын. Сондай-ақ электр желілерін жөндеу жұмыстарын республикалық бюджеттен қаржыландыру мүмкіндігін қарастыру қажет», деді Мемлекет басшысы.

Бұдан бөлек, Президент «Атырау Жарық» компаниясының жұмысына қатысты сын-ескертулер бар екенін айтты. Егер компания өз міндеттемесін орындамаса, ондай келісімді бұзу керек деп түйіндеді.