Қоғам • 08 Қараша, 2022

Мемлекет жергілікті кәсіпкерлерге қолдау көрсетеді

175 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы отандық бизнеске атсалысып жүрген кәсіпкерлерге мемлекет жан-жақты қолдау көрсететінін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мемлекет жергілікті кәсіпкерлерге қолдау көрсетеді

«Егемен елімізді өркендету – бәріміздің ортақ мақсатымыз. Бұл жұмысқа түрлі сала мамандары, соның ішінде іскер азаматтар да атсалысып жүр. Бизнес өкілдері мемлекетті дамыту ісінде өте маңызды рөл атқарады. Мен кәсіпкерлермен кездескенде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі туралы жиі айтамын. Мұның айрықша мән-маңызы бар», деді Президент.

Бұдан соң, ол отандық бизнеске атсалысып жүрген кәсіпкерлерге мемлекет жан-жақты қолдау көрсететінін атап өтті.

«Атырау өңірінде ел өміріне белсене араласып жүрген меценат азаматтарымыз баршылық. Осы орайда, жергілікті кәсіпкерлерге және өңір тұрғындарына шынайы ризашылығымды білдіргім келеді. Атыраулықтар елордамыздың 20 жылдығына тамаша тарту жасағанын бүкіл ел біледі. Есілдің үстіне салынған бекіре балығы тәрізді көпір – Астананың көркін аша түскен бірегей нысанның бірі.

Сол сияқты Түркістандағы «Ұлы дала елі» орталығы – Атырау жұртының сыйы. Мұны мемлекет те, халқымыз да жоғары бағалайды. Әрине, басқа аймақтар да ортақ іске өз үлесін қосып келеді. Осындай жанашырлық пен ынтымақтың арқасында елдігіміз нығаяды», деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ ол келешекте аймақтардан осындай сыйлықтар талап етілмейтінін, әрбір облыс өз күшімен, Үкіметтің көмегімен, инвесторлардың қолдауымен өз жұмыстарын өздері атқаруы керегін айтты.