Экология • 08 Қараша, 2022

Каспий жағалауында 100-ден астам өлі итбалық табылды

560 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Каспий теңізінің жағалауындағы Баутино ауылы мен Форт-Шевченко қаласы аралығындағы аумақта 100-ден астам өлі Каспий итбалығы табылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Каспий жағалауында 100-ден астам өлі итбалық табылды

Каспий эндемигінің жаппай қырылғаны туралы хабарлама Каспий итбалығын зерттеу және оңалту орталығына 7 қараша күні сағат 19.30-да келіп түсті. Мамандар оқиға орнына барды.

Қазір жағалау сызығын зерттеу жалғасуда. Облыс әкімдігі мен Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Балық шаруашылығы комитеті өлі итбалықтарды жинау үшін қызметкерлер мен көліктер бөлді.

«8 қарашадағы жай-күй бойынша бір-бірінен шалғай жерлерде орналасқан 101 өлі итбалықтың өлі денесі табылды. Итбалықтардың неліктен қырылып қалғанын анықтау үшін тін үлгілерінің зертханалық сараптамадан өту мүмкіндігі анықталуда. Өйткені табылған жануарлардың денелері ыдырауға ұшыраған»,  деп түсіндірді Каспий итбалығын зерттеу және оңалту орталығының директоры Әділхан Товасаров.

Қазір Орталық мамандары балық шаруашылығы комитетімен бірлесіп Каспий теңізінің басқа да аймақтарында барлау жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Зертханалық зерттеулер үшін өлі итбалықтар табылған жерден су мен топырақ үлгілері алынады.