Ақсудағы креативті жастар орталығының жетекшісі Нариман Өскенбаев эскизді таңдау үшін «Young patriot» деп аталатын арнайы байқау ұйымдастырылғанын айтады. Келіп түскен жұмыстардың ішінде 17 жастағы Аружан Абжатованың суреті үздік деп танылған. «Жастардан мурал» деп аталатын жоба жоғарыда айтқанымыздай Қарулы Күштердің мерейтойына арналды.
– Байқау туралы ақпаратты оқығанымда оның идеясы көңіліме бірден ұялады. Ең әуелі халқымыздың жауынгерлік рухын бір суретте қалай біріктірсе болады дегенге бас қатырдым. Ойыма жоңғар шапқыншылығындағы қазақтың бас қолбасшысы Бөгенбай батыр орала берді. Одан соң есімі тірісінде аңызға айналған атақты панфиловшы, полковник Бауыржан Момышұлының ерлік істерін бүгінгі жас ұрпақ білуге тиіс деп шештім. Ал муралдағы үшінші бейне – заманауи қазақ әскерінің сарбазын табу қиын болмады, – дейді жас кескіндемеші.
Аружан биыл облыс орталығындағы Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектепті тәмамдапты. Болашақ мамандығын сәулет саласымен байланыстырмақ ойы бар. Қазіргі күні Түркияның Анкара қаласында білімін жалғастырып жатыр.
Бұл кескіндеме «My Style» аэрографиялық студиясы салған Ақсу қаласындағы үшінші мурал болып саналады. Студия басшысы Антон Толчин тоғыз қабатты үйдің сыртқы қабырғасына мұндай кең ауқымдағы суретті түсіру тәжірибеде бірінші рет болды дейді. Қазақ батырларын заманауи үлгіде бейнелеу үшін қызметкерлер 60 килограмм бояу жұмсапты. Автокөтергіштің көмегімен мурал 18 сағат ішінде салынып шықты.
Павлодар облысы,
Ақсу қаласы