Бұл туралы ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов өңірдің тергеу және анықтау бөлімшелерінің жеке құрамымен, сондай-ақ қылмыстық теріс қылықтарды сотқа дейінгі тергеу бойынша өкілеттіктері бар қызметкерлермен кездесуде атап өтті.
– Қазақстанда қолға алынған барлық дерлік қанатқақты жобалар Павлодар өңірінен басталатыны шын. Бір кездері бұл жерде ақпараттарды есепке алудың электрондық журналын және өтініштер мен ақпараттарды есепке алу кітабын енгізу сияқты ауқымды жобалар сәтті сыналды. Олардың негізінде жаңа Қылмыстық процессуалдық кодекс қабылданғаннан кейін бүкіл ел бойынша іске асырылатын «Сотқа дейінгі тергеулердің бірыңғай тізілімі», «Әмбебап полицей», «Электрондық қылмыстық іс», «Қылмыстық процестің үш буынды моделі» құрылды. Қазіргі уақытта «Полиция жұмысының сервистік моделін» құру бойынша да жаңа жоба қолға алынған. Сондай-ақ мұнда бейне форматта тергеудің жаңа түрінің элементтері пайда болып, сынақтан өтуде. Біз сіздерден оқиға орнын бекітудің 3D моделін енгізу бойынша идеялар алдық, – деді ол.
Айта кетейік, бұл жаңашылдықтың елде баламасы жоқ. Қазірдің өзінде қолданыстағы Қылмыстық процессуалдық кодекс шеңберінде тиісті түрде ведомстволық бақылауды қамтамасыз ете отырып, қысқа мерзімде іс жүргізу шешімдерін қабылдау мүмкіндігі бар. Шешімдердің 40 пайыздан астамы 10 тәулікке дейін (3 тәулікке дейін – 20 пайыз және 10 тәулікке дейін – 20 пайыз) қабылданады деп болжануда. Осылайша, құқық қорғау қызметкерлері «тергеуге дейінгі тексеру» кезеңін енгізбестен нақты қылмыстарды тергеуге күш-жігерін жұмылдырады.
Жергілікті полицейлер уақытты ысырап етпеу үшін қылмыстық істер бойынша жауап алудың бейнетүсірілімін жүргізуді және бейнетаспаның соңында қысқаша хаттамалар жасауды ұсынған. Бұл жұмысты жеңілдетіп қана қоймай, қағазбастылықтан арылуға мүмкіндік береді. Әрі басып шығарылатын хаттамалардың көлемін азайтады. Бейнетергеу электрондық қылмыстық істің базасына жүктеліп, сол форматта прокурорларға жіберіледі. Санжар Әділовтің айтуынша, ұзақ бейнелерді жүктеу кезінде проблемалар туындамауы үшін кейбір техникалық мәселелерді пысықтау қажет.
«Министрлікте талдау жүргізілді. Он күн ішінде тергеліп жатқан қылмыстық істердің 17 пайызы бойынша, үш күн мерзімде істердің бес пайызы бойынша іс жүргізу шешімдерін қабылдайды. Бұл ретте тергеліп жатқан қылмыстық істердің 40 пайызында қылмыс оқиғасы, қылмыс құрамы жоқ. Бұл сотқа дейінгі тергеу шеңберінде тіркелген өтініштер. Олар бойынша қысқа мерзімде қажетті тергеу әрекеттерін жүргізуге және тоқтату туралы іс жүргізу шешімін қабылдауға болады», дейді тергеу департаментінің бастығы.
«Бұл өз кезегінде сыбайлас жемқорлыққа жол бермейді», деп санайды мамандар. Бүгінде Павлодар облысында тың жобаны іске қосу үшін қолайлы жағдайлардың барлығы бар. Себебі жеке құрамның жұмысы өзге аймақтардан ерекшеленеді.
Кездесу барысында Санжар Әділов өңірдегі көзге түскен тергеушілерді, анықтаушылар мен криминалистерді министрлік тарапынан марапаттады. Полиция департаментінің сотқа дейінгі тергеп-тексеру және анықтау жөніндегі қызметкерлерінің қызметінің оң нәтижелері мен жоғары көрсеткіштерін атап өтті.
ІІМ Тергеу департаментінің бастығы бұған қоса Павлодар қаласындағы курсанттармен кездесіп, оқиға болған жерді тексеру бойынша тәжірибелік сабақ өткізді. Қылмыстың жекелеген түрлеріне тоқтала отырып, азаматтарды қылмыстық жауапкершілікке тартудың жалпы шарттары туралы айтты.
– Тергеу әрекеттерін жүргізу дағдыларын игеру – оқу процесінің ажырамас бөлігі. Бұл үлкен абырой мен сенім, өйткені сіздер оқу орталығының қабырғасында азаматтардың заңды құқықтарын қорғауға байланысты мамандыққа саналы түрде қадам жасайсыздар. Бүгінгі таңда ішкі істер органдарына жоғары білімді және кәсіби кадрлар қажет. Қазақстандық полицияның болашағы оқу орындарының қабырғасында алатын білім мен моральдық-психологиялық дайындыққа байланысты екенін есте ұстаған жөн, – деп атап өтті ол. Маман өзі тергеп-тексерген қылмыстық істерден мысалдар келтіріп, оқиға орындарын қарау кезіндегі көңіл бөлінуге тиіс жағдайлар туралы айтып, курсанттардың сұрақтарына жауап берді.
Павлодар облысы