Білім • 08 Қараша, 2022

Көкшедегі білімнің қара шаңырағы

236 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Қасиетті де киелі Көкше жерін­дегі бүгінде білімнің қара шаңы­рағы атанып, алпыстың асқарына шыққан Шоқан Уә­ли­ханов атындағы Көкшетау уни­верситеті замана талабына сай мамандар даярлауда.

Көкшедегі білімнің қара шаңырағы

Тарихқа үңілетін болсақ, Көкшетау педагогикалық институты сонау 1962 жылы 25 шілдеде, Қазақ КСР Министрлер кеңесінің №563 қаулысы бойынша ашылған. Облыста жаңа кеңшарлар ұйымдастырылып жатқан кез болатын. Білім ошақтары көбейе түсті, соған орай мұғалімдерге деген сұраныс та өсті. Көкшетауда мұға­лім­дер даярлайтын жоғары оқу орны­ның ашылуы өңірдің мәдени және қоғам­дық өңіріндегі маңызды оқиға болды. Алғашқы оқу жылы 1962 жыл­дың 10 қыркүйегінен басталып, үш мамандық бойынша студенттер қабылдады. Аймақта педагог кадрлармен қатар, өнеркәсіп пен құрылысқа да мамандар даярлау басталды. Жоға­ры білім жүйесіндегі жаңғырудың нәтижесінде 1996 жылдың 23 мамырында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің №143 бұйрығымен Ш.Уәлиханов атын­да­ғы Көкшетау педагогикалық инс­ти­туты, С.Сәдуақасов атында­ғы ауыл шаруашылығы институты, Қара­ған­ды политехникалық институтының фи­лиалы бірігіп, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті болып қайта құрылды.

Бүгінде бакалавриаттың 58 маман­дығы, магистратураның 40 және PhD-докторантураның 10 мамандығы, сондай-ақ 10 салада 28 бағыт бойын­ша оқыту жүзеге асырылуда. Университеттің 20 кафедрасында білікті де жоғары санатты 400-ге жуық оқытушы-профессор еңбек етеді. Олардың ішінде 20 ғылым докторы, 20 профессор, 90 ғылым кандидаты, 214 магистр, 23 PhD докторы өскелең ұрпаққа терең білім береді. 37 оқытушы Қазақстан Республикасы «Жоғары оқу орнының үздік оқыту­шысы» мемлекеттік грантының иеге­рі және 18 оқытушы әлемнің жетек­ші университеттерінде ғылыми-педа­го­гикалық тағылымдамадан өтіп, «Бола­шақ» бағдарламасының стипендиаттары атанып отыр. Бұл – өңірлік оқу орындары үшін өте жақсы көрсеткіш.

Өзіндік сара жолы қалыптасқан аталған университеттің болашаққа ба­ғытталған мақсаттары айқын, әлеуеті жоғары. Заман талабына сай бар­лық тиісті құрал-жабдықтармен қам­тылған университет заманауи құн­дылықтарын ескере отырып, білім беру­дің озық үлгісін қалыптастырып та үлгерді. 2000 жылдан бастап жоғары оқу орны оқу-әдістемелік жұмыс тиім­ділігін бағалаудың рейтингілік жүйесіне көшіп, 2003 жылы кредиттік оқыту түрін, 2004 жылдан бері сапа менеджменті жүйесін енгізген. Сондай-ақ республикадағы оқу орындары арасында алғашқылардың бірі болып үш деңгейлі оқыту жүйесін енгізіп, 1998 жылы университетте алғаш магистратура ашылды.

Жоғары білім беретін зиялы орда­ның бір басым бағыты – алыс-жақын елдермен қарым-қатынас орнату. Халықаралық ынтымақтастық саласында жүзден аса серіктестік, ғылыми орталық бар. Университет жыл сайын халықаралық ынтымақтастық байланыстарын барынша арттырып, жаңа мазмұнмен толықтырып отырады.

Ендігі кезекті алған белестеріміз бен бірқатар тиімді көрсеткішімізге арнасақ. 2013 жылы мемлекеттік аккредиттеуден, ұлттық институционалдық және мамандандырылған аккредиттеуден өтсе, бүгінде 60 бакалавриат пен магистратураның білім беру бағ­­дарламасы бес жыл мерзімге сәй­кестігін алып, дәлелдеп отыр. 2010 жылы қыркүйек айында аталған оқу орны Ұлы Хартия келісіміне (Болон декларациясы) қол қойды. Ал Еуропалық және Еуразиялық университеттер қауымдастығына мүше болып енуі – университеттің халықаралық тұрғыдан танылуының куәсі. Осыдан алты жыл бұрын, республикалық «Президент және халық» қоғамдық-саяси газетінің «Уақыт таңдауы – Выбор времени» агенттігімен бірлес­кен жобасы бойынша өткізілген жыл таңдауларын анықтайтын дәстүрлі байқауда «Жылдың үздік жоғары оқу орны» атағына ие болдық. Қазіргі таңда Көкшетау мемлекеттік университеті 12 патенттің иегері болса, университет оқытушылары 300-ден аса патенттің авторлары. Іске асырылып жатқан еуропалық жобалар саны бойынша университетіміз Қазақстан жоғары оқу орындарының арасында 4-орынды иеленіп отыр. 2009-2016 жылдар аралығында Темпус IV 6 жобасы және жоғары білім әлеуетін арттыруға бағытталған «Эразмус плюс КА 2» 4-жобасын ұтып алды. Темпус 2012 I-WEB жобасы аясында «Су сапасы» ғылыми-зерттеу зертханасы да ашылды. Он жылдан асты, еуропалық білім беру жобаларын үйлестіру үшін «Еуразия» еуропалық бағдарламалар бөлімі құрылды. 2018 жылы іске асырылып жатқан жобалар санының артуына байланысты халықаралық жобаларды басқару орталығы құрылды.

Ғылым және жоғары білім министр­лігі қойып отырған талапқа сәйкес қазір мақсат-мүддеміз бен миссия­мыз да өзгеріп, жаңа арнаға бұрылды. Аймақта оқу орнының мәртебесін көтеру, осы елге маман даярлайтын болғандықтан, соған бейімделіп, үлес қосу басты міндет екені анық. Өңір мен еліміздің сұранысына сәй­кес кадрларды сапалы даярлауды қамта­масыз ету үшін пәнаралық және құзыреттілікке негізделген білім беру бағдарламаларын жетілдіру бойынша тұрақты жұмыстар да жүргізіліп жатыр. Өткен жылдың қорытындысы бойын­ша «Атамекен» рейтингісіне уни­верси­тетіміздің 33 білім беру бағдар­ламасы қатысты, оның ішінде 19-ы еңбек нарығының сұранысына сай алғашқы ондыққа кірді. Сондай-ақ университетте дәріс, практикалық са­бақтар, өндірістік практиканы өткі­зу үшін оқу үдерісіне өндірістік қыз­меткерлерді тарту бо­йынша белсенді жұмыс жүргізіліп, 81 жұмыс беруші тартылды.

Университет түлектері Ұлттық біліктілік тестілеуінің қорытынды­сы бойынша жоғары көрсеткіштер көрсетіп, Қазақстанның жоғары оқу орындары арасында 4-орынға ие болып отыр. Бұл – біздің педагогика­лық ұжымның шеберлігін көрсетіп отырғанының айқын көрінісі. Бүгінде Ualikhanov University QS EECA рей­тингісінің топ 300 қатарына енгені ұстаздар қауымын қатты қуантады.

Жылдың тағы бір жетістігі – Қазақстанның жоғары оқу орындары арасындағы «Ualikhanov University – парасатты университет» атты жоба бойынша республикалық байқаудың жеңімпазы атануы. Биылғы жоғары оқу орнына түсуге арналған мемлекеттік гранттар конкурсының қорытындысы бойынша 2 180 талапкер біздің оқу орнын таңдады.

Қазір министрлік студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету бағы­тын­да жекеменшік инвесторларға да, оқу орындары үшін де тиімді қайтарымы бар шарттарды дайындап жатқан көрінеді. Бұған дейінгі жатақхана салу ережелерінде бизнес-инвесторлар үшін, экономикалық ахуалға байланысты белгілі кедергілер, қиындықтар болғаны рас. Қазіргі кезеңде өзімізде де 1 500 адамдық 5 жатақхананың болуына қарамастан, бұл біздің сұранысымызды толық қанағаттандырмай отыр. Осыған байланысты барлық қажетті құжаттар, сараптамаларды дайындадық. Мүдделі құрылыс компаниялары инвесторлармен келіссөз жүргізіп жатырмыз, келер жылы қос кезеңмен 250 орындық екі жатақхана салу жоспарымызда бар.

Кез келген мемлекеттің, жалпы қоғам үрдісінің байлығы, оның негізгі капиталы адам екені белгілі. Адам мен қоғамды ажырата алмайсың, екеуі де бір бұлақтың көзінен арна алады. Мемлекет адамдардың кәсіби біліктілігіне, құндылықтарына сүйе­неді. Ал осы рухани, ізгілікті құнды­лықтарды жас ұрпақ бойына қалай сіңіреміз, қаншалықты бүгінгі талап – әділетті де жаңа қоғам келбетіне лайықтай аламыз? Осы орайда мемлекет тарапынан жастарға деген қолдаудың маңызы зор. Мемлекеттік грант сандарының көбеюі, барлық білім-ғылым белдеуі бойынша шәкірт­ақылардың өсуі, әсіресе педагогикалық мамандықтарға деген көзқарастың бағыты, ақылы жүйеде оқитын студенттерге деген несиелік жеңілдіктер, «Жас ғалым» жобасы, жергілікті атқа­ру орындарының жәрдемі – бәрі де жас адамның тәрбие көзі. Осы жерде Ақмола облысының әкімі Ер­мек Маржықпаевтың айтарлықтай көме­гін айтып өткім келеді. Жыл сайын педагогикалық және медициналық ма­ман­дықтарға арнайы гранттар мен шә­кіртақы бөлінеді, қазірдің өзінде олар­дың саны 558 студентті құрап отыр.

Айтулы шаралардың бірі, 30 жылға жақын университетте қазақтың тұң­ғыш ғалымы және ұлы ағартушысы Шо­қан Уәлихановтың құрметіне дәстүр­ге айналған «Шо­қан оқулары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибе­лік кон­ференция­сы өтеді. Халықаралық ғылыми-тәжірибелік жиынға әлемнің көптеген мемлекетінен және де еліміздің барлық өңірінен білікті ғалымдар мен профессорлар, докторанттар мен магистранттар қатысады. Ғылымның сан-саласы қамтылған бұл конференцияда заманауи басым бағыттарға сәйкес теориялық және әдістемелік мәселелер жан-жақты тал­қы­ланып, баяндамалар сарапқа салынады. Сонымен қатар университет магистранттары мен докторанттары Ресей, Польша, Латвия, Германия сынды және тағы басқа көптеген елде шетелдік тағылымдамадан өтеді.

Қазіргі кезеңде тәрбие, тағылым, рухани сана, мемлекетшілдік, отан­сүйгіштік, елге қызмет сияқты қасиет­тер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, Әділетті Қазақ­станға арналуы керек. Осы орайда бұрынғы даңғазалық, көрсеткіштік, жалаң ұраншылдықтан арылып, бүгінгі талапқа, жастар менталитетіне, заман ағымына бейімделуіміз қажет. Бұл, әрине, ізденісті, шығармашылықты, бейімділікті қажет етеді. Біздің университет студенттермен жұмыс іс­теу­­дің жаңа түрлерін іздеуде. Бұл ба­­ғыт­тағы өткен жылдың мақта­ны­шы – Қазақстанның басқа да жо­ға­ры оқу орындары қолдаған Сы­бай­лас жемқорлыққа қарсы іс-қи­мыл республикалық агенттігінің қолда­уы­мен Қазақстанда алғаш рет өткен «AntiParaCraft» квест-ойы­ны­ның жаңа жобасы. Биыл «AntiParaCraft» квест-ойынының 2 мау­сымы өтті. Сондай-ақ Парасаттылық мектебі ашылып, комплаенс-офицер лауазымы енгізілді. Бұл тәсіл өз нәтижелерін берді. Оқу ордасының студенттері Алтынбек Арапов пен Шыңғыс Балтабаев «Жас­тар сыбайлас жемқорлыққа қарсы» атты халықаралық бейнероликтер бай­қауының жеңімпаздары да атанып үлгерді. Университетте дарынды және әлеуметтік жағдайлары төмен жастарға да қолдау көрсетіледі. Айтар болсақ, 49 түлекке 5 631 350 теңге көлемінде әлеуметтік көмек көрсетілді. Білім ордасында 5 Алтын белгі иесі және Президенттік олимпиаданың 2 же­ңімпазы тегін білім алады, сондай-ақ халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпаздарына 10 білім гранты бөлініп отыр. Көкше жері сұлу табиғатымен ғана емес, белгілі тұлғаларымен де танымал екені белгілі. Солардың бірегейлері – белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері Кәкім­бек Салықов пен Еркін Әуелбеков. Осы орайда биылғы оқу жылынан бастап, оқуы үздік, әлеуметтік мұқтаждығы бар екі студентке ғылыми кеңестің шешімімен арнайы ай сайын 100 мың теңге көлемінде шәкіртақы та­ғайындадық. Қоғамдық көпшілік те, ардагерлер де, ұстаздар қауымы да бірауыздан құптады.

«Терең білім – тәуелсіздігіміздің тірегі, ақыл-ой азаматтығымыздың алдаспаны» демекші, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде студенттердің сапалы білім алып, еңбек нарығында бәсекеге қабі­летті маман ретінде қалыптасуы ғалымдарымыздың, ұжымның еселі де еңселі еңбегінің жемісі екені даусыз. Келешекте де отандық жоғары оқу орындарының үздік көшінде болып, қоғам өмірінің барлық саласында университеттің озық дәстүрін, ғылыми әлеуетін одан әрі жалғастыра беретініне сенімім мол. Білім мен ғылымның күн сайын алға жылжып, инновацияның дамыған заманында жас ұрпаққа лайықты білім беріп, білікті маман тәрбиелеу оқу ордасының еншісінде.

Мақсатымыз нақты, межеміз анық. Енді күш-жігерімізді білім сала­сын­дағы ауқымды міндеттерді шешуге жұ­мыл­дырсақ, көздеген биіктерге жете­тініміз айқын.

а

 

Марат СЫРЛЫБАЕВ,

Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің ректоры

 

КӨКШЕТАУ

Соңғы жаңалықтар