Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
Анемия – бүкіл әлемде денсаулық сақтаудың маңызды мәселесі. Бұл, әсіресе сегіз жасқа дейінгі балалар мен жүкті әйелдерде жиі кездеседі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлемде бес жасқа дейінгі балалардың 42%-ы және жүкті әйелдердің 40%-ы анемиямен ауырады деп есептейді.
Дәрігерлердің айтуынша, анемияға қыз-келіншектер мен кішкентай сәбилер көп ұшырайды. Гемоглобин мөлшері әйелдерде 120 г/л, ерлерде 130 г/л болуы керек. Егер гемоглобин мөлшері 90-110 аралығында болса, жеңіл сатыдағы, 70-90 мөлшері – орташа, ал 70-тен төмен болса, анемияның ең ауыр сатысы болып есептеледі.
«Баланың білегі ауырса, ананың жүрегі ауырады», дегендей Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы Көктал ауылының тұрғыны Динара Рауанқызы 7 жастағы қызы Гүлбанудың үш жылдан бері анемиямен ауырып жүргенін және оған ауа райының ауысуы негізгі себеп болғанын айтады.
– Қызымның жағдайы қалыпты болғанымен дәрігерлердің бақылауындамыз. Қызым Алматы қаласында 2015 жылы дүниеге келді. Алатау ауданындағы пәтерде тұрдық. Жолдасымның туған жері Көктал ауылына үш жыл бұрын көктемде көшіп келдік. Содан күз айында қызымда қан аздық ауруы пайда болды. Туғанда және Алматыда тұрғанда мұндай болмаған еді, яғни жүре пайда болды. Ауылда шаң-тозаң, мал бар дегендей. Содан былтыр қызымды Алматыға апарып, дәрігерлерге қараттым. Қазіргі кезде гемоглобин мөлшері – 88. Дәрі ішпесе азайып қалады. Ауыз қуысы ойылып, ай сайын қан тапсырып тұрамыз. Тек дәрінің күшімен жүрміз. Иә, көбінің айтуы бойынша қан аздық ауаның ауысуынан болып отыр. Алдағы уақытта қалаға көшудің жолын қарастырып жатырмыз», дейді Динара.
GlobalMed компаниясының директоры, С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің Апаттар медицинасы және жедел медициналық жәрдем кафедрасының оқытушысы, терапевт-дәрігер Нұрила Бердуша ресейлік және еуропалық дәрігер ғалымдардың кейінгі 10 жылдағы зерттеулеріне сүйеніп, қан аздыққа ауа райының ауысуының айтарлықтай әсері болмайтынын айтты. Бірақ ғалымдар экологиясы лас және өндіріс орындары көп аймақтарда қатерлі ісіктердің көбеюі мен анемияның дамитынын байқаған. Сондықтан бұл мәселе әлі де зерттеуді талап етеді.
Гемоглобин оттегінің берілуі үшін қажет, ал егер денеде эритроциттер тым аз, қалыптан тыс немесе гемоглобин жеткіліксіз болса, онда қанның тіндерді оттегімен қамтамасыз ету қабілеті төмендейді. Бұл, әсіресе шаршау, әлсіздік, бас айналу және ентігу сияқты белгілерге әкеледі. Физиологиялық қажеттіліктерді қанағаттандыру үшін қажетті гемоглобиннің оңтайлы концентрациясы жасына, жынысына, тұру биіктігіне, темекі шегу әдеттеріне және жүктіліктің болуына байланысты өзгеретіні айтылады. Сондай-ақ дәрігер Н.Бердуша демографиялық жағдай, тамақтану режімінің бұзылуы, құрамында темір бар тағамдарды аз пайдалану, дәрумен жеткіліксіздігі және әлеуметтік жағдай да қан аздыққа әкеліп соқтыруы, бұған қоса созылмалы қан кетулер, оның ішінде қызыл иектен, мұрыннан, асқазан-ішек жолдарынан, жатырдан қан кету және сіңіру бұзылыстары, энтерит асқазанға жасалған операциялар да өзінің үлкен әсерін тигізуі мүмкін екенін айтады.
«Халық арасында темір жетіспеушіліктен болатын анемия ең жиі кездеседі. Егер созылмалы анемия болса, онда қанның талдауын жасаған соң науқастың жасына, дене салмағына, қандағы темірдің мөлшеріне байланысты құрамында темір элементі бар препараттарды бір айдан бірнеше айға дейін тағайындаймыз. Егер қан кетуден кейін пайда болған анемия болса, тез арада жоғалтқан қан көлемін есептей отырып эритроциттік массаны көктамыр арқылы ағзаға енгіземіз. Егер қан жүйесінің қатерлі ауруы болса, онда химиотерапия жүргізіледі және сүйек кемігін туыстарынан ауыстырып салуға болады. Ал апластикалық анемия деген сүйек кемігінде эритроциттер мен қанның басқа да қан элементтерінің түзілісі бұзылады, сүйек кемігіндегі қан түзілетін орындар май тіндерімен алмасады. Нәтижесінде, панцитомпения байқалады, яғни қанда эритроциттер, лейкоциттер және тромбоциттер болмайды. Бұл ауру туғаннан немесе уақыт өте келе жүре пайда болуы мүмкін. Апластикалық анемия қан жасау жүйесінің қатерлі ауруына жатады. Ең көп кездесетін түрлері жүре біткен апластикалық қан аздық адамдарда 80% жағдайда кездеседі», дейді дәрігер.
Жалпы, дәрігерлер үш ай сайын гемоглобин мөлшерін анықтауға кеңес береді. Ағзаңызда гемоглобин мөлшері жеткілікті ме? Темір тапшылығына қарсы қандай тағам тұтынасыз? Темір біз күнделікті өмірде пайдаланылатын тағамдардың құрамында кездеседі. Бірақ бұл туралы көпшілігіміз білмеуіміз мүмкін. Мысалы, бауырдың құрамында 19 мг темір болса, какаода 12,5 мг, жұмыртқаның сарысында 7,2 мг, жүректе 6,2 мг және де қара нанда 4,7 мг, шабдалы мен миндаль жаңғақтарында және ет өнімдерінде 3,8 мг-ға дейін темір кездеседі. Одан басқа құс еттерінде, ірімшікте, қаймақта және құрамында ақуыз бар тағамдарды көп пайдаланған дұрыс.
Әлемдік статистикаға сәйкес, 1,6 миллиардтан аса адам анемияның әртүрлі түрлерінен зардап шексе, олардың шамамен 90%-ы темір тапшылығы анемиясы жағдайынан болады екен. Жалпы, анемияның 100-ге жуық түрі белгілі болса, олардың пайда болу себептері де әртүрлі болмақ.