Қазақстанда косметологиядағы ең көп таралған препараттардың кейбірі медицинада тиімді қолданыла бастаған. Маңдайдағы, қас пен көз айналасындағы және еріндегі әжімдерді кетіру үшін кеңінен пайдаланылатын жалпыға танымал ботуликсин дистония, мигрень, гипергидроз, вегетативті бұзылулар және церебралдық сал ауруы сияқты ауруларды емдеуде тиімділігін байқатып отыр.
Сал ауруына шалдыққан баланың анасы Индира Нұрғалиеваның айтуынша, диспорт егілгеннен кейін жеткіншектің денсаулық жағдайы қалпына келе бастаған көрінеді.
– Егіздердің үлкені бір екпеден кейін 3-4 қадам жасай бастады. Қол-аяғының сіңірлері созылып, жалпы жағдайының жақсарғанын байқадық. Біз осы жылдың қыркүйегінде екінші екпені алдық. Қазір баламның жағдайы өте жақсы деуге болады. Өздігінен 1-1,5 метрге дейін жүре алады. Ботоксқа пайдаланылатын препаратқа қатысты бастапқыда сенімсіздік болған. Дегенмен нәтижесін көрген соң бойымыздағы қорқыныш сейіліп сала берді. Қазір балапанымыздың денсаулығын қалыпты ұстап, бұлшықеттерінің жиырылуын болдырмау үшін косметологиялық екпеге деген сеніміміз нығая түсті, – дейді ана.
Медицина өкілдерінің сөзіне сүйенсек, препарат адамның қол-аяғындағы бұлшықеттердің патологиялық тонусын төмендетіп, оңалту емшаралары мен бала күтімін жеңілдетеді. Терапияны неғұрлым ерте бастасаңыз, оңалту оңайырақ болатынын айтады мамандар.
– Біз бұл препаратты ай сайын бірнеше емделушіге саламыз. Барынша жақсы нәтиже көріп отырмыз. Емделіп жатқандар мезгіл сайын келіп салдыруы керек. Себебі арада ұзақ уақыт өтсе, тиімділігі төмендейді. Кейбіреулер үшін ботуликсиннің әсері 3-4 айға немесе одан да көп уақытқа жетуі мүмкін. Мұның бәрі адам ағзасына тікелей байланысты. Ал теріс әсері әзірше байқалмайды, – дейді өңірдің бас штаттан тыс балалар невропатологі, облыстық балалар ауруханасының неврология бөлімінің меңгерушісі Арман Иманов.
Бұл ретте науқас балалар препаратты МӘМС есебінен облыстық балалар ауруханасынан ала алатынын айта кеткен жөн.
Павлодар облысы