29 Мамыр, 2014

Экономикалық одақ: бүгіні мен ертеңі

478 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Integration_in_EuroasiaЕуразияшылық идеясы 1994 жылы Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев тарапынан М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде болашағы зор үлкен мәселе ретінде жария етілгені белгілі. Әр ел өзінің тәуелсіздігін барынша алып қалуға ұмтылып жатқан сол кезде Елбасының мұндай ұсынысына күдікпен қараушылардың болғанын да несіне жасырайық. Алайда араға жылдар салып, бір одақтың қажет екенін барлығы да түсінді. Бұрынғы кеңестік кейбір елдер Еуропалық одаққа барып қосылса, екіншілері әлі өз бағытын таңдай алмай дағдарып тұрып қалды. Ал Қазақстан Беларусь және Ресеймен бірге Кеден одағын құрды. Басты мақсат – өзара саудадағы кедергілерді болдырмау, тауарларға, қызмет көрсетулерге, капиталға  және жұмыс күшіне ортақ нарық жасау, сондай-ақ, келісілген валюта саясатын жүргізу. Әрине, мұның барлығы да үшінші интеграциялық үдеріс болып табылатын Біртұтас экономикалық кеңістік аясында жүзеге асуы тиіс. Алда Еуразиялық экономикалық одақ күтіп тұр. Қазақта «Алыстағы ағайыннан жақындағы көршің артық» деген сөз бар. Егер осы тәмсілге салар болсақ, елімізге технологиялар мен инновацияларды әкеле алатын ел болса, олар Ресей мен Беларусь деп қабылданып отыр. Негізінен, діні мен ділі бір саналатын Өзбекстан және Орталық Азияның өзге де елдерімен одақ құру дұрыс бағыт болар еді. Алайда, Өзбекстан президенті Ислам Каримов атап кеткендей, әзірге аймақтағы елдердің экономикалары әртүрлі деңгейде, сондықтан да интеграциялауды айту әлі ертерек. Оның үстіне қаржылық мүмкіндіктері мол Ресей мен Қытай аймақтың экономикасына ерекше ықпал етіп келеді. Олар үшін бұл аймақта күшті одақтың пайда болуы тиімсіз. Мәселен, Қытай Қазақстан экономикасына 30 миллиард доллар инвестиция салатын болып шешсе, Өзбекстанға құйылатын қаржы көзі 15 миллиард доллар. Ала тақиялы көршіміз үшін бұл өте үлкен қаржы көзі. Қырғызстан мен Тәжікстан экономикасына Ресейдің қаржы құятынын ескер­сек, орталықазиялық одақ туралы сөз қозғаудың өзі артық. Оның үстіне, өңірге Еуропалық одақ пен АҚШ өзінің ықпалын жүр­гізуге ынталы. Оны өздері де жа­сырмайды. Соңғы кезде эконо­микалық өсімге бет алған Түркия да түркілік туысқандарын бауырына басқысы келеді. Бұл жерде Үндістан, Пәкістан және Иран сияқты елдердің өз тауарла­рын өткізетін рынок іздестіріп отыр­­­­ғандығы өз алдына бөлек әңгіме. Міне, осындай жағдайда Қа­зақстанның Еуразиялық эко­номикалық одақты таңдауы дұрыс емес дей алмайсыз. Әрине, еліміз үшін интегра­­­ция­лық үде­рістердегі маңызды мақ­сат­тардың бірі Бір­тұтас экономикалық кеңіс­­тік шеңберінде ірі жоғары техно­­­логиялық өндірістерді, өнер­­кәсіп­­тік, агроөнеркәсіптік және инфрақұрылымдық жобаларды құру. Бұл ретте Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев Жоғары Еуразиялық экономикалық ке­ңестің саммитінде бірлескен кәсіпорындар құрудың тиімді­лігіне ерекше ден қойған-ды. «Соңғы уақытта Қазақстан мен Беларусьтің Ресейге экспорты, Ресейдің бізге экспортына қарағанда бірнеше есеге аз. Бұл – саудадағы тепе-теңсіздік (дисбаланс). Сондықтан аталған  бағытта жұмыс істеп, бірлескен кәсіпорындар құру керек», деген еді сонда Қазақстан басшысы. Өкініштісі сол, Кеден одағына мүше қалған екі ел әлі де өз технологияларын Қазақстанға әкелуге асығар емес. Мәселен, Қазақстанда ресейлік капиталдың қатысуымен 5 мыңнан аса кәсіпорын болса, солардың ірілері («РусАл», «Газпром», «Лукойл», «ИнтерРАО ЕЭС» және басқалары) негізінен шикізатты өндіру мен өңдеу жұмыстарын ғана жалғастырып келеді. Ал ресейлік «АвтоВАЗ» отандық кәсіпорындармен бір­лесіп, құны 500 миллион доллар­лық жоба бойынша елімізде «Лада» автокөліктерін шығара бас­тайды. Бұған дейін Ресейде шығарылуы тоқтатылған «Нива» автокөлігін құрастырғанымыз әлі есімізде. Оған қанша қаржы кетті, ол өзін ақтай алды ма, жоқ па, өкінішке қарай оны сұрап жатқан ешкім жоқ. Соған қарағанда, бұл технологиясы ескірген автокөліктерді шығаруды елімізге итере салумен бірдей емес пе? Біз Беларусьпен бірлескен кәсіпорын құрып, Семейде трактор құрастырып келеміз. Ол да  өзінің өндірістік қуа­тына толық жетті дей алмаймыз. Осы елмен ауыл шаруа­шы­лығында бірлескен кәсіп­орын­дар құру туралы ұсыныстар айтыл­ғанымен, оның жүзеге аса қояры күмән туғызады. Оның үстіне қазақстандық сауда орындарында ресейлік және беларусьтік өнімдердің қаптап кеткенін күн­делікті көріп жүрміз. Тіпті, кейбір ауылшаруашылық тауарлары (денсаулыққа зиянды деп танылған тауық еттері мен сүт өнімдері) сапасыз әрі тұтынушыларға қауіпті деп табылып, сөрелерден алынып тасталуда. Есесіне КО-ға кіргеннен бергі уақытта Қазақстанда тұтыну тауарларына деген баға 40 пайызға артса, қазақстандық тауарлардың Ресей нарығына өте алмайтыны туралы жиі айтылып қалып жүр. Белгілі сарапшы Досым Сәтпаев еліміздің КО-дағы үлесі 2012 жылы 17 пайыз екенін, ал ол көрсет­кіш 2011 жылы 20 пайыз деңгейін­де болғанын айта келіп, Ресей мен Беларуське тек шикізат са­тып отырғанымызды сынға алған-ды. Кемшіліктерді қанша тізбе­лесек те, елімізді дағдарудан алып шығатын тек интеграция болмақ. Посткеңестік кеңістіктегі елдердің интеграциясы туралы сөзінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев былай дейді: «Бұл қуатты бірлестік болады. Үш елдің ІЖӨ-сі 2 триллион доллар, өнеркәсіп әлеуеті 600 миллиард долларға бағаланса, ауыл шаруашылығы өнімін шығару көлемі – 112 миллиард доллар. ХХІ ғасырда Еуразиялық одақ жаһандық даму трендінің көрінісі айқын болмағанымен, жаһандық күштің жемісті орталығы ретін­де құрылды». Шынында да, инте­грацияның алғашқы сатысы болып табылатын Кеден одағы құрылғаннан кейін үш елдің (Қазақстан, Беларусь және Ресей) өзара экспорты 29 пайызға артса, 2011 жылы ол 33 пайызға өсіпті. Және де 2012 жылы оның 8,7 пайызға артқанын тағы байқап отырмыз. Ресейдің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Михаил Бочарниковтің айтуынша, Еуразиялық экономикалық комиссияның мәліметтері соңғы үш жылда Қазақстанның өз тауарларын Ресей рыногына шығаруы 10 пайызға, ал Белоруссия 20 пайызға арттырғанын көрсеткен. Жалпы, қазір Беларусь үшін де Кеден одағы барлық жағы­нан тиімді. Өйткені,  бұл ел құрыл­тайшысы Қазақстан мен Ресей болып табылатын Еуразиялық банк арқылы кейбір жобаларына тиімді несиелендіруге қол жеткізсе, екінші жағынан, өз тауарларын осы елдерге барынша кедергісіз өткізуге  мүмкіндік алып отыр. Сондай-ақ, Беларусь мұнай және мұнай өнімдері рыногын реттеу мәселесі бойынша Ресеймен өзара тиімді келісім жасап алуға әрекеттенуде. Бұл ретте Беларусь президенті Александр Лукашенко Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында ТМД шеңберінде бос әңгімеге жол берілгендігін тілге тиек ете келіп, «сондықтан да, шартқа белгіленген уақытта қол қойылуы тиістігін» ерекше айтқаны есімізде. Ресей тарабы Кеден одағы аясында Қазақстанмен және Беларусьпен өзара тиімді жұмыс істеуге әзір екенін байқатып келеді. «Астанада кездескенде келіскеніміздей, әртүрлі алып қоюлар мен қайсыбір жеңілдіктерді беруді болдырмау үшін жұмыс істеуіміз керек. Бірдей жағдай туғызуымыз орынды. Бұл – үлкен жұмыс, біз түсінеміз, бірақ бұл жол екіжақты қозғалысты болғаны жөн, бұл барлығын қанағаттандыратын келісім болуы тиіс», деп атап кеткен-ді Ресей президенті Владимир Путин. Ал енді Кеден одағына мүше елдердің экономикаларына көз жүгіртіп көрсек. Кейбір мәлі­мет­терге сүйенсек, 2014-2018 жылдары әлемдік экономиканың баяу дамуы орын алып, шамамен 3,8-4,3 пайыздық қарқынмен өсуі бол­жанып отыр. Оның бедерінде Қазақ­стан 2014-2018 жылдары 6,0-7,1 пайыздық деңгейді көрсетеді деп күтілуде. Германия сыртқы сая­сат қоғамы жанындағы Бертольд Бейтс атындағы қордың жетекшісі Эвальд Бельке Қазақстан Прези­­дентінің «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір бола­шақ» атты Қазақстан халқына Жолдауы ел дамуының бағытын нақты айқындағанымен бөлісіп, ТМД-ның ешбір елінде мұндай ұзақ мерзімді, бастамашыл әрі ең жоғары нақтылықты даму жос­пары жоқтығы тұрғысындағы ойын жеткізген. Мұны Қазақ­стан­ның болашағына үлкен сенім біл­діргендіктің белгісі деп қабылдауға болар. 2014 жылы Беларусь экономикасы біртіндеп қалпына келе бастаған сыңайлы. Ал 2015 жылы елдің кірісі 4 миллиард долларды құрайды деген болжам бар. Оның үстіне Ресей 2 миллиард доллар кредит берсе, екінші жағынан ресейлік мұнайдан шығарылатын мұнай өнімдері экспортына салынатын алымды алып тастауға уәде беріп отыр. Тиісінше, Ресейдегі жағдай әзірше көңіл көншітерлік деңгейде емес. Осы елдің билігі экономика өсімі 2014-2030 жылдары 2,5 пайыз деңгейінде болады деп болжауда. Бұл 2030 жыл­ға қарай Ресейдің әлемдік ІЖӨ-дегі үлесі 3,4 пайызға төмендейтіндігін білдіреді. HSBC банкі Ресей экономикасының 2015 жылы 2 пайыздан аспайтынын алға тартады. Мұнай бағасының төмендеуіне байланысты бюджеттік шығындарды қысқартуға тура келмек. Мұндай жағдайда капитал сыртқа қашып, ағымдағы операцияларды жабу үшін рубльге жүк түсіп, оның құны біртіндеп болса да кеми береді деген күдік те жоқ емес. Қоғам болған соң интеграция­ны сынға алмай қоймайтындар баршылық. «Стратегия» әлеумет­тік және саяси зерттеу­лер орта­лы­ғының президенті Гүлми­ра Иле­уова өткен жылы Қазақ­­стан­ның Кеден одағына кіру­ін сынайтын күштердің бар еке­нін айт­қан-ды. Жалпы оның мә­лім­деуінше, Қазақстанның инте­гра­­циялық бастамасын, соның ішін­де КО-ға кіруін тұрғындардың 72 пайызы қолдайды. Тіпті, АҚШ Мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия елдері бойынша көмекшісі Роберт Блейк интеграция туралы оң пікір білдіргені бар. Ол өз сөзінде былай дейді: «Түркиядан Каспий теңізі арқылы Орталық және Оңтүстік Азияға дейін созылған динамикалық дамудағы аймақта тығыз ынтымақтастық пен интеграция өркендеу мен тұрақтылыққа алып келеді». Интеграцияның жемісті екені Кеден одағындағы сауда айналымының 30 пайызға өскендігінен көрінсе керек. Былтыр Қазақстан мен Беларусь Ресейдің сыртқы сауда теңгерімінде ЕО мен Қытайдан кейінгі үшінші орынға тұрақтағандығы ерекше аталды. Қорыта айтқанда, Кеден одағы әзірше елімізге күткендегідей нәтиже бере қоймаса да Біртұтас эконо­микалық кеңістік аясында олқы­лықтардың орны біртіндеп толуы тиіс. Қазіргі таңда бұл бағытта заңнамалық тетіктер қабыл­данып, бірқатар жұмыстар атқа­рылуда. Ең бастысы – мүше ел­дер эко­номикаларының бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін өзара сенім аса қажет. Одақта ортақ құн­­­дылықтар болмаса, онда елдер тұрғындары арасындағы көз­қарас қайшылығы орын аларын айналамыздағы жағдайлар көрсетіп отыр. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».