Өзінің бала күнгі досы Құмармен кездескенде Ләйлә оған деген сезімін жасыра алмайды. Бірақ тәні салауатты Құмардың алдында өзінің өспей қалған бойынан, ұзын қолдарынан қысылады. «Мені сағындың ғой, иә, Құмар?» деп еркелейді. Құмар да бүкіл шарапатын Ләйләға төгеді. Ләйлә тағдырына куә болып отырып санаңның бір сәтке де мүлгіп кетуі мүмкін емес. Ләйлә мен Құмардың ойыны әрбіріміздің ішімізде үнсіз бұғып жатқан әлдебір құдіретті қайта тірілткендей, мүлгіп жатқан сезімдерге жан бітіргендей болды. Кенет, тәлкек еткен тағдырды қайта алдыңа тартады. Спектакль музыкасы, ондағы трагедия, ондағы адамдардың көңіл ауаны, ой ағыны, қимыл-қозғалысы қандай үйлесім тапқан десеңізші.
Апасының: «Қонақтар келгенде сен осы сықылықтап күле бермеші, сосын басыңа бантик тағып ал, бала қалпыңнан арылма, сен есейген жоқсың, сен әлі баласың», деп шетқақпай жасағанына көнбей, мұң-сырын жарық айға айтады. Оның жалғыз мұңдасы – ай. Одан кейінгі бар үміті – Құмар.
Спектакльдің қоюшы режиссері Абзалбек Асхатұлы жаңашыл көзқарасымен, режиссерлік шешімнің ерекше терең, мағыналы болуымен көрерменді таңғалдырды.
Премьераға Ләйләнің прототипі, Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейнені» жазуына түрткі болған Еңлік те келді.
«Полигонның кесірінен мүгедек болып қалған жандардың суреттері қойылған фотокөрмеден алғаш рет Еңліктің суретін көрдім. Бала бейнеде өспей қалған жасөспірім періште қыздың суреті маған үлкен әңгіме жаздырды. Ол спектакльге айналды, ол кинофильмге айналды, ол қуыршақ театрында да қойылды. Еліміз тәуелсіздік алмағанда мұндай жабық тақырыптарды жаза алмаған болар едім. Тәуелсіздіктің арқасында ашық жазып, жұртқа жеткізе алдық. Мен өзім Еңлікті бүгін бірінші рет өмірде көріп тұрмын, айналайын ғұмыр жасың ұзақ болсын, періште қыз», деді Роза Мұқанова.
Қойылымды тамашалаған Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі де шығармашылық топқа ерекше алғысын жеткізді.
«Тебіреніске толы керемет қойылымды көрдік. Біз қасіретімізді қасиетімізбен жеңген халықпыз. Осындай керемет шығарма үшін Роза апайға алғыс айтамын. Осы туындыны орындаған «Қанаттылар» инклюзивті театрының өнерпаздарына ризашылығымды білдіремін. Біз сіздермен мақтанамыз, сіздердің шын мәнінде қанаттарыңыз бар. Осындай тазалықтарыңызбен, шынайы өнерлеріңізбен қалықтай беріңіздер», деді министр.
Басты рөлдегі Ләйлә бейнесін спорттық биден халықаралық жарыстардың чемпионы, ендігі кезекте ғажап актрисалық қабілетімен танылған Малика Мұхтарова сомдаса, Құмар бейнесіндегі дебюттік рөлін жас актер Әлихан Нұрланұлы үлкен абыроймен алып шықты.