«ҚазМұнайГаз» АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев атап өткендей, жоба қазақстандық экономиканы әртараптандыруға және шикізатты экспорттауды азайтып, өзімізде қайта өңдеуге бағытталған.
Сәл тарихқа үңілсек, 2007 жылы желтоқсанда «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағы құрылды. Көмірсутек шикізатының басым бөлігі өндірілетін өңірдегі бұл технопарк елімізді шикізат тәуелділігінен арылтудың, әсіресе химия өнеркәсібін өркендететін бәсекеге қабілетті өнім шығарудың маңызын айқындап берді.
КРІ – «Самұрық-Қазына» АҚ мен «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының еншілес кәсіпорны. Арнайы экономикалық аймақта орналасқан газ-химия кешенінің құрылысын бастау 2017 жылдың желтоқсанында «Елді жаңа индустрияландыру: Қазақстан барысының серпіні» атауымен өткен жалпыұлттық телекөпірде жария етілді. Әлемде полимер өндірісіне лицензия беретін Lummus Technology Inc компаниясымен (АҚШ) келісімшартқа қол қойылып, кешенге CATOFIN технологиясына негізделген пропанды дегидрлеу (PDH), Novolen технологиясының полимерлеу (PP) қондырғылары орнатылды. Мұндай қондырғылар әлемнің бес еліндегі осындай өндірісте қолданылады.
Кешен құрылысының бас мердігері – қытайлық CNCEC (China National Chemical Engineering Co) компаниясы. Бұл компания әлемдегі 80-нен астам елде тәжірибе жинаған.
Жобаны іске асыру үшін жалпы ауданы 165 гектар жер бөлінген. Бұған қоса көлік байланысына арналған темір жол, станса, сұйытылған пропанды құю эстакадасы, автомобиль кіретін жол бар. Ал 71,29 гектарда сумен қамту, электрмен қамту және газбен қамту желілері орналасқан. Құрылыс жұмыстарына қазақстандық 43 компания қатысып, 4 мыңнан астам жұмыс орны ашылды.
Осы жобаға Германия, Франция, АҚШ, Қытай, Ресей, Оңтүстік Корея мен Жапониядан қондырғылар жеткізілді. Технологиялық қондырғылардың 77 пайызы Еуропа мен АҚШ-тан, Жапониядан тасымалданды. Оның ішінде Siemens компаниясының газ турбиналары, MAN, Mitsubishi компаниялары шығарған компрессорлар, Zeeco-ның пеші бар. Мәселен, су жолымен Оңтүстік Кореядан 17 технологиялық жабдық әкелінген. Оның ішінде төрт пропан сақтайтын резервуар бар. Оның әрқайсысының салмағы – 532,7 тонна. Ал үш жоғары қысымды ыдыстың әрбіреуінің салмағы 115 тоннаға жетеді. Сондай-ақ 177,5 тонналық екі жылу алмастырғыш, пропанды дегидрлеуге арналған сегіз реактор да әкелінген. Мұндай реактордың әрқайсысының салмағы 145 тоннадан кем емес. Жалпы салмағы 80 тонна болатын реакторларға арналған аксессуарлардың 8 жиынтығы (кактустар) да сапалы өнім шығару үшін орнатылды. Міне, осыдан-ақ аталған кешеннің технологиялық әлеуеті орасан екені аңғарылады. Кешенге барлығы 9 495 технологиялық қондырғы мен жабдық жеткізілді. Мәселен, қондырғылар мен жабдықтардың кейбірі 2020 жылдың наурызынан биылғы сәуірге дейін 700-ге жуық автокөлікпен тасымалданған.
Құрылыс алаңында 165 531 текше метр бетон, 68 402 текше метр оттан қорғау жабындысы, 29 001 тонна металл құрастырмалары, 705 106 дюйм құбыр желісі салынған. Ең бастысы – технологиялық қондырғыларды орнату. Оның саны – 1 032 бірлік. Сондай-ақ 306 шақырым электр мен жылыту желісі, 928,4 шақырым электр кәбілі, 1 324,4 шақырым КИПиА кәбілі, телекоммуникация үшін 465,5 шақырым кәбіл тартылған.
– Орталық Азияда бұл кешеннің ешқандай баламасы жоқ. Мұнда әлемдегі полипропилен өнімінің 1 пайызы шығарылатын болады. Жаңа өнім бірінші кезекте отандық тұтынушыларға жіберіледі. Сондай-ақ Қытай, Түркия, Еуропа, ТМД елдеріндегі тұтынушылар сұранысына сәйкес экспортқа жөнелтіледі. Кешен технологиясының барлық экологиялық талапқа сәйкестігі сараптаулар арқылы нақтыланды. Барлық зиянды қоспадан тазартылған пропан алдымен пропиленге, кейін өндірістік тізбек бойынша полипропиленге айналады. Бұл процестер кезінде күкіртсутек, күкіртті ангидрид және хош иісті көмірсутек тәрізді зиянды заттар пайда болмайды, – дейді Данияр Тиесов.
KPI басқарма төрағасының мәліметіне сүйенсек, бұл – еліміздегі SAP, MES, LIMS, IBM Maxima компанияларының автоматтандыру әрі цифрландыру жүйесі жоғары деңгейде енгізілген кешен. Осының нәтижесінде көп жұмысшы күші қажет емес. Мұнда алғаш рет габариті 0,1 мм дейінгі дәлдікпен 1 млн нүктеге лазерлік сканерлеу жүргізілді. Кешеннің әрбір бөлігін сканерлеу процесінде жұмыстардың жобалық, техникалық құжаттамаға сәйкестігін қадағалау үшін 3D-моделімен салыстырылды. Қазақстандық 631-ге жуық маман жұмыс істейтін кешенде Түркіменстан, Әзербайжан мен Өзбекстанда өндірілетін полипропиленнен көп өнім шығарылады. Нақтылай айтқанда, алғашқыда тұтынушыға полипропиленнің 11 түрі ұсынылады, кейін ассортиментті 64-ке дейін көбейту жоспарланып отыр.
Полипропилен өнімін шығаруға қажетті шикізат – пропан. «Теңізшевройл» (ТШО) ЖШС ұзақмерзімді келісімшартқа сәйкес жылына 550 мың тонна пропанды тұрақты жеткізуді өз міндетіне алып отыр. ТШО игеріп жатқан ең ірі «Теңіз» кен орнынан жеткізілетін пропан үшін арнайы эстакада, сақтау паркі салынды. Мұнда Оңтүстік Кореяда жасалған үлкен төрт резервуар бар. Оның әрқайсысының ұзындығы 42 метр, сыйымдылығы 2 638 текше метрді құрайды. Кешен аумағындағы паркке пропан темір жол арқылы вагон-цистерналармен жеткізіледі. Арнайы эстакадада америкалық EMCO WHEATON компаниясының саңылаусыз пропан құю жабдығы орнатылыпты. Ал эстакадаға жеткізілген шикізат италиялық SIAD компаниясының компрессорлары арқылы кешен қондырғысына айдалады. Эстакадада тәулігіне шамамен 2 300 тоннаны құрайтын 72 вагон-цистернаға пропан құйылады.
– Полипропилен – химия өнеркәсібі үшін ең қажетті өнім. Оны түрлі мақсатқа, әсіресе буып-тиюге арналған пленкаларды, құбырлар мен күнделікті тұрмыста тұтынатын заттарды, тоқыма емес бұйымдарды, автокөлікке қажетті бөлшектер мен басқаларын жасауға шикізат ретінде қолданады. Бұған қоса, полипропиленнен түрлі қауіпті химиялық заттарды тасымалдауға, сақтауға пайдаланылатын пакеттерді, үрленетін бөтелкелерді, бөшкелер мен канистраларды, сондай-ақ құбырлар, қақпақтар, шампунь, косметика, тазалағыш өнімдердің бөтелкелерін, ламинатталған, көпқабатты пленкаларды, түрлі қаптама материалдарын, мұздатылған тағам мен ыстық азық-түлік үшін қолданылатын сөмкелерді жасауға болады, – дейді бас инженер Денис Козырев.
Басқарма төрағасының орынбасары Елдос Орынбаевтың айтуынша, «Цифрлы KPI» бағдарламасымен орнатылған заманауи технологиялар кәсіпорынның толықтай цифрланған кешенге айналуына жол ашты. Мәселен, 42 мың шаршы метрлік қоймада болашақта жүргізілетін операциялар, сақтау, автокөлікке тиеу сияқты жұмыстар адамның қатысуынсыз арнайы роботтехниканың көмегімен жүргізіледі. Қойманың өнімді сақтауға арналған ең ауқымды көлемі – 24 640 тонна. Мамандандырылған ақпараттық технологиялық шешімдер мен корпоративті жүйелер дайын өнімді соңғы тұтынушыға жеткізуге дейінгі барлық мәліметті жоғары дәлдікпен жүргізеді.
Бас инженер Денис Козыревтің түсіндіруінше, жобаны жүзеге асыруға Siemens, MAN, SGS, Air Liquide, Mitsubishi сияқты әлемдік көшбасшы компаниялар қатысты. Қондырғылар мен жабдықтарды дайындаушы зауыттардың шеф инженерлері жоғары технологиялық жабдықтарды іске қосу, кешен операторларын жаңа жабдықтармен жұмыс істеуге оқыту үшін Атырауға келді. Қазір отандық мамандар өндірілетін полипропилен еліміздің ішкі нарығында да сатылғалы отырғанын атап өтті. Бұл өндірілетін өнімнің оннан бір бөлігін ғана құрауы мүмкін. Ал өнімнің 90 пайызы Түркия, Қытай, Еуропа, ТМД елдеріне халықаралық трейдер арқылы offtake-сату кестесімен эспортталмақ.
– Ең бастысы – өндірістің қауіпсіздігі. Кешен құрылысын жобалау және салу экология саласындағы әлемдік стандарттарға сәйкес жүргізілді. «Теңіз» мұнай кен орнынан пропан зиянды заттардан тазартылып жеткізіледі. Сол себепті зиянды газдар іс жүзінде жоқ. Ал пайдаланылған судың 82 пайызы технологиялық процеске қайтарылады, – дейді Денис Козырев.
Атырау облысы