Аймақтар • 09 Қараша, 2022

Әлеуметтік қорғау күшейеді

141 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кеше Көкшетауда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова болып, көпба­лалы аналармен, мү­ге­дектігі бар адамдар­мен, зейнеткерлермен және үкі­меттік емес ұйым­дар­дың өкілдерімен кездесті.

Әлеуметтік қорғау күшейеді

Ел ішінде көкейкесті сауалдарына жан жұбатар жауап таппай жүрген жандар аз емес. Оның көпшілігі әлеуметтік-тұрмыстық жайға байланысты. Министрмен кездесу барысында көптеген сауалдың туындауы да сондықтан. Қолға алынып жатқан бірқатар шарадан құлағдар болғаннан кейін көпшіліктің кеудесінде үміт оты лаулаға­нын да айта кетелік. Ми­нистр көпбалалы отбасылар­ды әлеуметтік жағынан қол­дау, әлеуметтік қызмет көр­сету жүйесін жаңғыртып, жетіл­­діру және зейнетақымен қам­сыз­дандыру шараларын жан-жақ­ты таратып, түсінікті етіп ай­тып берді. Халықты әлеумет­тік қолдауды жақсартуға бағыт­тал­ған әлеуметтік кодекстің жобасы әзірленгеніне де тоқталды.

– Кодекстің жобасын әзірлеу бары­сында ұзын-ырғасы 1 мың­нан аса ұсыныс түсті. 50-ден аса заң мен 200 заңға тәуелді актілер таразы басына тартылып, жан-жақты зерделенді. 80-нен аса заңға өзгерістер енгізілмек. Сондай-ақ 10 заң өзінің күшін жояды. Мемлекет тарапынан көмекті қамтамасыз ете отырып, аталған кодекс азаматтарды өмір бойы сүйемелдейтін болады. Бұл орайда халықтың жекелеген осал санаттарын қолдау тәсілінен отбасын нығайту және дамыту үшін базалық жағдайлар жасауға көшу жүзеге асырылмақ, – деді министр.

Жұртшылықпен жүзде­су барысында министр әлеу­мет­тік кодексті жүзеге асыру құрал­дарының құрамдас бір бөлігі осы жылдың 1 қыркүйегінен бастап қанатқақ­ты режімде іске қосылған Отбасының цифрлық картасы екеніне тоқталды. Жаңа жобаның жанашырлығы аз емес. Мәселен, мемлекеттік ор­гандарға азаматтардың жүгінуін күтпестен проактивті форматта көмек көрсетуге жол ашпақ. Жоба қолға алынғаннан бері 36 мың адамға мемлекеттік кө­р­сетілетін қызметтерді көр­сету үшін СМС-хабарламалар жолданған. Бұл ретте өтінішсіз жәрдемақы немесе төлем алу мүмкіндігін 7 мыңнан аса адам пайдаланды. Жаңа жобаның тиімді екені алғашқы қадамнан-ақ байқалып отыр. Жиынға қатысқан жұртшылық та оның ең алдымен өздері үшін барынша қолайлы екенін ұғынып, көңілдері тоғайып қалды.

Ең алдымен халықтың әлеу­мет­тік-тұрмыстық жағда­йын жақсартуға бағытталған  сан салалы шаралардың түпкі негізі – әділетті орнықтыру. Министр Мемлекет басшысының тапсырмаларымен Әлеуметтік кодекс жобасын іске асыру шеңберінде бір жарым жасқа дейінгі бала күтімі бойынша мемлекеттік жәр­демақы мен мемлекеттік әлеу­меттік сақтандыру қорының әлеу­меттік төлемді төлеу мер­зімін ұзарту, марапатталған ана­ларға берілетін жәрдемақы мөлшерін ұлғайту жолымен балалы отбасыларды қолдау шараларын күшейту көзделгенін айтып өтті. Бұл жаңалықты жиынға қатысып отырған көпбалалы аналар қуана қабылдады. Қым­батшылық қос бүйірден қысып тұрған кезде елдің қамын жеген қамқор қадамның белгісі. 2024 жылдың 1 қаңтарынан бас­тап балалардың 18 жасқа толғанға дейінгі ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын арнайы жинақтау шоттарына аудару көзделген. Бұл да, шын мәнінде, әділдіктің салтанат құруы.

Әлеуметтік қызмет көрсе­ту жү­йе­сін уақыт талабына сай жаң­ғырту қызметтердің қолжетімділігін кеңейту есебі­нен жүзеге асырылмақ. Бұдан басқа да арнаулы әлеу­меттік қызмет алу­шылард­ың от­басы­ның жұмыс­сыз мүшелерін әлеуметтік қызметтерге тарту жоспарлануда.

– Әлеуметтік кодекс жобасында жалпы тарифтердің ор­ны­на арнайы әлеуметтік қыз­­меттерді жан басына шақ­қандағы қаржыландыру қағи­даты енгізу көзделіп отыр. Қызметтердің сапасын арттыру, мүгедектің тобын белгілеу, медициналық әлеуметтік сараптаманы сырттай жүргізуді енгізу және Әлеуметтік қызметтер порталын дамыту жөніндегі жұмыс жалғасады, – деді министр.

Көпшілікті қызықтырған мәселенің бірі – зейнетақымен қамтамасыз ету. Министрдің айтуына қарағанда, келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап базалық зейнетақының ең төменгі және ең жоғары мөлшерлемелерін кезең-кезеңімен арттыру басталады. Бұл орайда жылдық өсім шамамен 13 пайызды құрай­тынын айта кеткен жөн. Соны­мен қатар ынтымақты зейнет­ақы­ны есептеу үшін ең жоғары та­быс мөлшері 46-дан 55 айлық есеп­тік көрсеткішке дейін ұл­ғай­тыл­мақ. Қолға алынып жат­қан жаңа іс-шаралар пакеті 2025 жылға қарай жиынтық зейнет­ақыны орта есеппен 27 пайызға арттыруға мүмкіндік береді.

Жұртшылықпен жүздесуден кейін министр БАҚ өкілдерімен кездесіп, ресми сапары жайында, алдағы уақытта атқарылатын қыруар жұмыстың мән-маз­мұнын қаузап сұхбат өткізді.

Министр жұмыс сапары барысында өңірдегі белсенді жастар мен еріктілермен де кездесу өткізді. Жас мамандарды жұмыспен қамту жайын және қолдаудың кейбір түрлері туралы тарқатып айтып түсіндірді. Мәселен, белсенді жастарға еңбек министрлігі жұмыс күші­нің кәсіби дағдыларын күшей­ту заңнамалық бекітумен рет­теу, жұмыспен қамту орталық­тарын алдағы уақытта мансап ор­та­лықтарына айналдыр­уды, сондай-ақ барлық қызметті ауқым­­ды цифрландыруды көз­дей­­тін жұмыспен қамту саласын­дағы жаңа саясат әзірлен­гені жөнін­де тереңірек тоқтал­ды. Оның ай­туынша, алдағы уақыт­та жас­тарды жұмыс­пен қамту мәсе­ле­сіне айрықша назар аударылмақ.

– Әр жыл сайын «Жастар прак­тикасы», «Алғашқы жұмыс ор­ны», «Дипломмен – ауылға!» тә­різді жобаларды іске асыру шең­берінде осы өңірдің 3,8 мың ада­мын нәтижелі жұмыспен қамту жос­парлануда, – деді министр.

Ойға алған шаруа оңынан оңғарылса, жастар нәтижелі жұмысқа орналасып, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсар­тып, ел ішіндегі жұмыссыз­дықтың қатары сейіле түсер еді. Министрдің айтуына қарағанда, бизнестің ұлттық жобалары мен жеке бас­тамалары шеңберінде құрылатын барлық жұмыс орындары электрондық еңбек биржасында орналастырмақ. Бұл жай жұмыс іздеген адамның да, жұмысшы іздеген жұмыс берушінің де бірегей алаңына айналмақ. Шын мәнінде тиімді тәсіл. Айталық қазір электрон­дық еңбек биржасында 110 мың­нан аса бос жұмыс орны туралы ақпарат тұр. Сондай-ақ жұмыс іздеушілерден 138 мыңнан аса түйіндеме ұсынылған. Демек алдағы уақытта бұрынғыдай жұмыс іздеушілер табаны­нан тау­сылып бос жұмыс орнын іздемейтін болады. Электронды еңбек биржасы арқылы онлайн курстардан өтіп, жаңа кәсіби дағдыларды да үйренуге болады екен. Сайып келгенде бұл да зор мүмкіндік.

Кездесу барысында министр өңірдің белсенді жастары қойған барлық сұраққа тұшымды жауап берді. Түстен кейін министр облыс орталығындағы сауықтыру орталығында және кәсіби-техникалық білім беретін оқу орындарында болды.

 

Көкшетау