Медицина • 10 Қараша, 2022

Шалғайдағы ағайынға шарапаты тиген

214 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ауыл-аймақтағы меди­циналық инфра­құры­лымның ахуалы алаң­дарлық күйде екені көпке аян. Бүгінде елімізде 650 елді мекен емдеу меке­месіне жарымай отыр.

Шалғайдағы ағайынға шарапаты тиген

Осындай жағдайда еліміздің тұс-тұсын аралап, шалғайдағы ағайынға шарапатын тигізіп жүрген «Медициналық по­йыз­дарға» халық риясыз риза­шылығын білдіріп жатыр. Биыл алты айда бұл шипалы пойыз­дар 80 649 азаматқа тегін меди­циналық көмек көрсетті.

Мәресіне жеткен жобаны «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры Денсаулық сақтау министрлігінің қатысуы­мен, «Қазақстан Темір Жолы» ҰК АҚ» жанындағы «Әлеуметтік жобалар қоры» корпоративтік қорымен бірлесіп іске асырды. Бұл жобаның басты мақсаты – сапалы медициналық қызметке қол жеткізе алмай отырған, шалғайда жатқан стансалар мен оларға жақын орналасқан елді мекендердің тұрғындарын тегін медициналық тексеруден өткізу.

Биыл Қазақстанның тұс-тұ­сын­дағы бекеттерде азаматтар­ға заманауи диаг­нос­тикалық жабдықтар орнатылған «Сала­матты Қазақстан» және «Жәрдем» медициналық пойыз­дарының мамандары көмек көрсетті. Медициналық по­йыздар бүкіл Қазақстанды аралап шықты. «Жәрдем» – Қызылорда, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Түркістан, Жамбыл облыстарына, «Саламатты Қа­зақстан» Алматы, Жетісу, Абай, Шы­ғыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақ­стан, Ақмола, Қостанай және Қарағанды мен Ұлытау облыстарына барды. Алты айда пойыз мамандары 147 бекет­тің тұрғындарын демалыссыз қабылдады.

Жұмыс барысында барлығы Қазақ­станның 80 649 тұрғынына емдеу-кон­сультациялық қызмет көрсетіліп, оның ішінде 21 867 бала қаралды. 5 097 ша­ғын хирургиялық операция жасалып, 26 587 адамға стоматологиялық көмек көрсетілді. «Жәрдем» медициналық пойыз мамандары 59 баланы сүндеттеді. Меди­циналық пойыздарда бар­лығы 389 388 дәрігерлік қабылдау болды. Жолдың жалпы ұзындығы – 22 009 шақырым.

епм

Салыстыра кетсек, панде­мияға дейінгі 2019 жылы жобаға қатысқан мамандар 273 елді мекенді аралап, 63 мыңнан аса тұрғынға медициналық көмек көрсетті. Ал дәрігерлерге қаралу­дың жалпы саны 209 249-ды құрады.

«Жалпы, «Samruk-Kazyna Trust» қорының 2022 жылға арналған қайырым­дылық бюджеті 10 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде 9 айда 7,1 млрд теңге иге­рілді. Бұл ретте ел бойынша 44 жо­ба іске асырылуда, оның 30-ы биыл Қам­қоршылық кеңестің мақұлдауына ие болды. Сол жобалардың бірі – «Ме­дициналық пойыздар». Біздің қор­дан 760 млн теңгеге жуық қаржы жұмса­лып, шалғайда орналасқан елді мекен тұрғындарына тегін медициналық көмек көрсетілді. Біз үшін бұл жобаның маңызы зор. Өйткені осы арқылы халық денсаулығын жақсартуға, алыс аудандар мен ауыл тұрғындарына қажет қызмет түрлерін қолжетімді етуге мүмкіндік туды. Мен пойыз ұжымдарына, ондағы дәрігерлерге алғысымды білдіргім келіп отыр. Ақжолтай құрамның арқасында көптеген ел тұрғындары тегін әрі сапалы медициналық көмек алып, өмір сүру сапасы жоғарылауда», деді «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бас директоры Альфия Адиева.

Дәрігерлердің айтуынша, тұрғын­дарды тексеру кезінде қант диабеті, глау­кома, липома, артроз, созылмалы хо­ле­­цистит, созылмалы панкреатит, аллер­гиялық дерматит аурулары кеңінен тарал­ғаны байқалған. Онкологиялық аурулардан бөлек, тағы жиі кездесетін дерттің бірі – инсульт. Тұрғындардың арасында невропатолог, хирург, көз, құлақ және мұрын дәрігерлеріне сұраныс көп болды.

«Елді аралап жүрген кезде әртүрлі жағдайға тап боламыз. Көбіне алыс жат­қан елді мекендерде дертті дер кезін­де анықтайтын арнайы медициналық құрылғылар болмай жатады, сондай-ақ маман тапшылығы да бар. Мысалы, Батыс Қазақстанда болғанымызда 76 адамнан туберкулез дерті анықталды. Сондай-ақ №10 разъезде қиын жағдайға түскен сәбиге көмек көрсетілді. Ауыр дәрежедегі күйік диагнозымен (тері трансплантациясы) түскен бір жарым жастағы балаға көрсетілген стационарлық емдеуден кейін пойыз дәрігерлері күрделі таңу жүр­гізді. Одан бөлек, Бегімбет стан­сасы­ның 90 жастағы тұрғыны Шай­кен Бақыт­жанованың үйіне барып, екінші рет тексеру жүргіздік. 2019 жылғы сапар кезінде ем-дом жүргізгенбіз. Биыл келгенімізді естіп, қызы хабарласып, анасының денсаулығын тексеріп беруді сұрады. Біз өз кезегімізде анализ алып, науқастың жүрегін тексердік. Риза болған кейуананың ақ батасын да алдық», деді «Жәрдем» пойызының бас дәрігері Айнұр Егінбаева.

Еліміздің солтүстік, шығыс, орталық өңірлерін аралаған «Саламатты Қазақ­стан» дәрігерлері де жұмыс барысын­да әртүрлі оқиғаларға тап болған. Мә­се­лен, Павлодар облысы Маралды стан­сасының тұрғынында өте сирек кезде­сетін диагноз – декстрокардия бар екенін пойыз мамандары анықтаған. Бұл дегеніміз – науқастың жүрегі оң жағында орналасқан. Әрине, мұндай жағдайда ем тағайындалмайды, бірақ бұл ақпаратты 47 жастағы тұрғын медициналық пойызда тексеру кезінде алғаш рет білген. Сондай-ақ Солтүстік Қазақстанда 22 жастағы қызда эхинококкоз дерті анықталып, мамандар науқасты операция жасатуға жіберген.

Медициналық пойыздар маманда­рының көмегін алған азаматтың бірі – Гүзәл Мұхамед. Өзі Шымкент қаласының тумасы болғанымен, дәрігерлер қабыл­дауына Атырауда келген.

«Мен жазда қыдырып, Атыраудағы Мұқыр стансасына бардым. Сол жақтағы таныстарымнан «Жәрдем» пойызының келгенін естідім. Кенеттен ішім ауырып, қатты мазамды алды. Содан бірден по­йыз маман­дарына бардым. Пойызда УДЗ-ға түсіп, анализ тапсырдым. Жедел түрде хирург «соқырішек» диагнозын қойып, облыс­тық емханаға пойыз мамандары алып барды. Ол жерде де менің диагнозым­ды растап, бірден операция жасады. Дәрігерлерге, ұйымдастырушыларға алғысым шексіз», деп өз ризашылығын білдірді ол.

Жоба алғаш рет 2010 жылы іске қосылып, 2019 жылға дейін жыл са­йын іске асырылып келді де, коронавирус індеті кезінде үзіліс алды. Осы кезең ішінде «Денсаулық», «Жәрдем» және «Саламатты Қазақстан» атты үш консультациялық-диагностикалық пойыз Қазақстанның шалғайда орналасқан 1 870 елді мекенін аралап, 569 530 тұрғын тексеруден өтті. 17 078 шағын хирургиялық операция жасалып, 148 546 адамға стоматологиялық көмек көрсетілді.

р