Сұхбат • 10 Қараша, 2022

«Бентлидің осал тұсын таптық» - Жәнібек Әлімханұлының менеджері алдағы жекпе-жек туралы айтты

6685 рет көрсетілді

Санаулы күннен кейін Жәнібек Әлімханұлы (12-0, 8 КО) алғаш рет чемпиондық белдігін қорғайды. Оның бұл жолғы қарсыласы – британиялық Дэнзел Бентли (17-1-1, 14 КО). Отандасымыздың жекпе-жек алдындағы жай-күйін, әзірлігін білу үшін Жәнібек Әлімханұлының менеджері Берік Сұлтанмен әңгімелескен едік.

- Жәнібек Әлімханұлының кездесу алдындағы көңіл-күйі, дайындығы қалай?

Біздің команда үшін бұл өте маңызды жекпе-жек. Себебі чемпиондық белбеуімізді алғаш рет қорғайын деп жатырмыз. Бұл тек команда үшін ғана емес, қазақ елі үшін де маңызды жекпе-жек. Өйткені Жәнібек қазақ даласына WBO тұжырымының әлем чемпионы титулын алып келген, осы тұжырымда чемпион болған тұңғыш қазақ. Тарих жасаған спортшы. Сол үшін де бұл шоуды жанкүйерлер тағатсыздана күтіп отыр. Елдің сенімін арқалаған бізге қазір бір сәтке де босаңсуға болмайды. Көңіл күй де дайындық та тамаша! Дайындық әдеттегідей Лос-Анджелес қаласында өтті. Екі ай бойы шыңдалдық. Үш боксшымен тоқсан раундқа жуық спарринг жасалды. Бұйыртса, бұл жекпе-жек Жәнібекке оңай болады деп ойлаймын. 

- Қарсыластың қарым-қабілеті жайлы не айта аласыздар? Оның әдіс-тәсілдерін, осал тұстарын зерттеп үлгердіңіздер ме?

Қарсылас осал емес. WBO-ның рейтінгінде тұрған боксшы. Ол рейтингке кез келген былғары қолғап шебері кіре алмайды. Ол - өз елінің үздігі. Рингте еркін қимылдайтын, соққысы ауыр, тәжірибелі қарсылас. Дегенмен кім болса да, қандай болса да Жәнібекті уайымдата алмайды. Себебі «QAZAQ STYLE» осыған дейін екі бірдей әлемнің экс чемпионын нокаутпен ұтқан. Бентлиден де мықты қарсыластармен, яғни чемпиондармен жұдырықтасуға дайынбыз. Оларды жекпе-жекке шақырып та жүрміз. Бентлиді жеңуге бізде бірнеше айла-тәсіл дайын. Осал тұстарын тауып, жаттығу лагерінде дайындалдық. Бұйырса, көресіздер! 

ы

Жәнібек Әлімханұлы командасымен Лас-Вегасқа келді

- Қазан айында Жәнібек «Рингте жарқыраймын» деді. Көрермендерге көзілдірік тағып келуге кеңес берген. Оның бұл сөзінен өзіне деген зор сенім байқалады. Бірақ бұл - қарсыласты менсінбеу емес пе? 

Сенімді сөйлеу, ірі сөйлеу – Жәнібектің стилі. Бұған қазір жанкүйерлер де үйренді. Жәнібек құр сөйлеп қана қоймай, сөзін іспен дәлелдеп қойған боксшы. Әлем чемпионы. Кәсіпқой бокста қазір момын боксшылар шетте қалады. Қазір үнемі назарда болуың керек. Ал қарсылас менсінбеу деген бізде мүлде жоқ. Қарсылас менсінбесек екі ай бойы қан мен тер төгіп жаттықпас едік. Тоқсан раунд спарринг жасап шаршамас едік. Күніне екі мезгіл жаттығу жасап әуре болмас едік. Қазақ «елемеген бұтақ көз шығарады» дейді. Қарсыластың қауіпті екенін білген соң осылай жаттығып жатырмыз. Менсінбесек осылай жасаймыз ба? Ал қарапайымдылыққа келсек, Жәнібектен асқан қарапайым спортшыны мен әлі кездестірмеппін. Жәнібек бойында тәкаппарлығы жоқ, кішіпейіл, әдепті және өте қарапайым боксшы. Ал ірі сөйлеуді мақтанумен, сенімді болуды тәкаппарлықпен шатастырмау керек. Екеуі екі бөлек дүние. Мұны Жәнібек өзі де жанкүйерлеріне айтқан болатын. Жәнібек -  батыр. Батыр деген қарсыласына сызылып сөйлеп, мейірлене қарамайды. Батырдың қарсыласы жауы тәрізді. Жауын тұқырту үшін, қорқыту үшін, жеңу үшін жауынгер барын салады. Бокс – жекпе-жек. Сен ұрмасаң, сені ұрады. Сені жылы сөйледі деп жәй ұрмайды. Қарсыласың сені құлатуға, абыройыңды түсіруге барын салады. Ал ондай адамға қалай мейірлене сөйлейсің? Бокс қатал спорт. Бұл спортта жеңу мен жеңілістен бөлек, өлім де бар. Мүгедек болу қауіпі де бар. Боксшыны биші, әншілермен шатастырмау керек!

- Рахмет! Жеңісті сәттеріңіз көп болсын!

Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар