Үкімет • 10 Қараша, 2022

Үкімет «АрселорМиттал Теміртауға» жаңа талап қойды

184 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан Премьер-министрі Әлихан Смайылов Сенаттың жалпы отырысында «АрселорМиттал Теміртауға» қатысты қабылданған шаралар туралы айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Үкімет «АрселорМиттал Теміртауға» жаңа талап қойды

Жиын барысында депутат Сергей Ершов өндірістік кәсіпорындардағы өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселесін көтерді.

«Республикалық бюджет жобасында өндірістік кәсіпорындардың өнеркәсіптік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі шараларды таппадық. Мемлекет басшысы бұл мәселеге ерекше назар аударады. Ал «АрселорМиттал Теміртау» шахтасында орын алған соңғы апаттар қауіпті өндірістік объектілерде қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша шұғыл қатаң шаралар қабылдауды талап етті», деді Сергей Ершов.

Осыған байланысты депутат Үкімет өнеркәсіптік қауіпсіздікке қойылатын талаптарды қатаңдату бойынша заңнамалық және ұйымдастырушылық тәртіпте қандай шаралар қабылдайтынын сұрады.

«Биыл біз ТЖМ материалдық-техникалық жарақтандыруын 78 млрд теңге көлемінде қолдап отырмыз, алдағы 3 жылға да тиісті қаражат бөлінді. Қауіпті өнеркәсіптік объектілерде өнеркәсіптік қауіпсіздік және технологиялық тәртіп талаптарының сақталуын қадағалау жүзеге асырылады», деп жауап берді Премьер-Министр Әлихан Смайылов.

Премьердің айтуынша, Үкімет заңнаманы жетілдіру шеңберінде жаңа нормаларды әзірлеп жатыр.

«Жаңа нормалар өндіріс иелері мен басшыларының жауапкершілігін арттыруға, мемлекет тарапынан бақылау шараларын күшейтуге, осындай қауіпті өндірістерді материалдық-техникалық қайта жарақтандыруды қаржыландыру көлемін осы компаниялардың жиынтық табысының кемінде 1% көлемінде заңнамалық бекітуге бағытталған. Сондай-ақ жаңа технологияларды ескере отырып, өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын қайта қарау, өзектендіру және өнеркәсіптік қауіпсіздікке қатысты басқа да мәселелер қамтылады», деп қосты Әлихан Смайылов.

Бұдан басқа, ӘҚБтК, Қылмыстық және кәсіпкерлік кодекстерге және «Азаматтық қорғау туралы» Заңға өзгерістер енгізу жоспарлануда.

Премьер-Министр қолданыстағы заңнамада апаттылық пен жарақаттануды азайту үшін техникалық қайта жарақтандырудың жиынтық жоспарын қалыптастыру көзделгенін атап өтті. Биыл 2,5 мыңнан астам техникалық құрылғыларды ауыстыру және 100-ден астам технологиялық желілерді жаңғырту көзделген.

«Қарағанды облысындағы «АрселлорМиттал Теміртау» шахталарында болған апатқа келетін болсақ, аталған компания үшін көмір өндіру жөніндегі жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартты жақында қайта қарау барысында біз жыл сайын кемінде 150 млрд теңге көлемінде көмір өндірісін жаңғыртуға инвестициялар бөлу, сондай-ақ көмір қабаттарын газсыздандыруға 37 млрд теңге бөлу қажеттілігі бөлігінде алғаш рет қосымша талаптар қойдық. Бұрын мұндай міндеттер болған жоқ. Бірақ біз басқа жер қойнауын пайдаланушыларға қатысты осындай қосымша талаптар мен міндеттемелерді күшейтуді жоспарлап отырмыз», деп қосты Әлихан Смайылов.