Қоғам • 10 Қараша, 2022

Тоғызқұмалақ турнирі

460 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеше облыс орталығындағы «Шахмат үйінде» өңірлік «Saryarqa samaly» газетінің жүлдесі үшін тоғызқұмалақтан XIV республикалық турнир жалауын көтерді. Еліміздің 10 аймағынан жиналған 300-ден астам ойыншы екі күн бойы өзара мықтыларды анықтайды.

Тоғызқұмалақ турнирі

Суретті түсірген Есенжол Исабек

Дода осымен 14-інші мәрте өтуде. 300-ден астам ойыншы жеңістен дәмелі болып келіп отыр. Биыл турнир жылдағыдай жас ерекшеліктері бо­йынша 5 топқа жіктеліп, ер және қыз балалар арасында өтуде. Респуб­ликаның 10 облысынан қатысушылар келіп, жарыстың көрігін қыздыруда. Солардың арасында Батыс Қазақстан, Қос­танай, Жетісу, Абай, Ұлытау, Шы­ғыс Қазақстан, Ақтөбе, Ақмола, Қара­ғанды облыстарынан және өзіміз­дің Павлодар өңірінің аудан-қала­ларынан спортшылар бақ сынауда.

– Шынын айтайық, газетіміздің дәстүрлі турниріне деген қызығу­шылық жоғары деңгейде. Биылғы жарысқа 8 спорт шебері, 30 спорт ше­бер­лігіне кандидат, одан бөлек, әртүр­лі санаттағы спортшылар қатысып, ақыл-ой жылдамдығымен жарысуда. Жыл сайын кемі 300-400 спортшы турнирге қатысады. Бәсекені өткізудегі негізгі мақсатымыз – тоғызқұмалақтың бұқа­ра арасында кеңінен танылып, онымен шұғылданушылар санын еселеу. 2008 жылдан бері үзбей жалғасқан турнир өзінің көздеген межесін бағындырып келе жатыр, – дейді «Saryarqa samaly» газетінің бас редакторы Нұрбол Жа­йық­баев.

Жарыс рапид түрі бойынша, 9, 11, 13, 15, 16 жас және одан жоғары жас­тағы спортшылар арасында жалғасуда. Биылғы додаға Батыс Қазақстан облысынан сол өңірдегі тоғызқұмалақ федерациясының президенті Данияр Орынбасаров 6 шәкіртін ертіп ке­ліпті. Бапкер Керекуге бірінші рет ке­ліп отырғандарын жеткізді. Ал Ақ­су қаласының команда жетекшісі Гүл­жан Сапарова 18 баланы үкілеп қосқанын баяндады. «Жыл сайын өтетін бұл турнирдің бірде-бір ойы­нын қалдырған емеспіз. Осы тур­нирге 18 бала дайындап алып кел­­дім. Олардың ішінде 3 спортшы – республикалық, халықаралық деңгейде өткен турнирлердің жеңім­пазы. Тәлімгерлеріме үлкен үміт артып отырмын», дейді ол.

Павлодар облыстық тоғызқұмалақ федерациясының вице-президенті Арыстан Қапаев бүгінде өңірде 2 мың адам ұлттық спортпен тұрақты айналысатынын айтады. Аймағымызда 2 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 20-дан астам спорт шебері және көп­те­ген спорт шеберлігіне кандидаттар бар. Жуықта Ринат Керейбаев ел чемпионатын ұтып, енді алда өтетін әлем біріншілігіне дайындалуда. Ал Жанат Қаймолдин мен Жәмила Баялдашева - халықаралық турнирлердің жүлдегері. Аяжан Егімбай есімді бойжеткен жас­тар арасындағы біріншіліктерде ал­дыңғы орындардан көрінуде. Аймақ тоғыз­құмалақшылары республикалық рей­тингте үздік үштіктен түсіп көр­меген.

Жарыстың бас төрешісі Шәріп Қаш­кеновтің айтуынша, «Шахмат үйінің» сыйымдылығы мұндай шама­дағы ойыншыларды бірден қабыл­дауға қауқарсыз. Жыл сайын дәл осы турнирге қатысушылар көп жинала­тындығы себепті, орын жеткізе алмай қысылып қаламыз, дейді. Сондықтан тоғызқұмалақшыларға арналған спорт сарайы алдағы уақытта кеңейтілсе немесе жаңадан салынып берілсе деген тілегін жеткізді.

 

ПАВЛОДАР