Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»
Менің ұстазым – ауыл ақсақалдары
Биыл міне, 64-ке шықтым. Өкінерім жоқ. Мақтанарым көп. Менің темір тақым Әлиакбар болып қалыптасқаным – ұстаздарымның арқасы. Олар – ауылдың көнекөз, дуалы ауыз Амангелді, Бақы, Керімқұл, Жандар, Байзақ, Бекзат, Қожымбет, Көбей, Сапарбек, Қалау аталарым. Әрине, арасында әкем Бекжан да бар. Солардың тәрбиесін көріп өстім. Соңымнан ерген шәкірттерімнің де қарасы қалың – Бақыт, Нақып, Темірхан, Мұхтархан, Мақсат, Тайыр, Ескендір. Немере інілерім – Бақтияр, Дәурен, Жәнібек, Асқар, Жантай. Ұлым – Бекболат.
Жұрт бізді: «Жеті қарақшы» деп атап кеткен. Қарақшылық қылған түгіміз жоқ. Мақсатымыз – осы өнерге адал болу. Ауылдың, қала берді елдің намысын жырту. Ұлттық өнерді өскелең ұрпақтың бойына сіңіру.
Аталарымнан басқа Төлеш, Сатан, Берікбай, Байзақ, Әбсамат, Базар, Қасамбай, Жексембай, Қалыбай секілді ағаларымның тәрбиесін көрдім. Адамгершілікті, ағайынгершілікті бағалауды үйрендім. Ағайынды ренжітіп алудан оңай нәрсе жоқ екенін түсіндім. Бір күні көкпардан келіп, демалып жатсам, жеңешең келіп оятады:
– Директор қайынаға келіп тұр.
– Қай директор?
– Мектеп директоры.
– Үйге кірсін
– Кірмеймін, дейді.
Апұл-ғұпыл киініп, аң-таң болып, сыртқы шықтым. Есік алдында жиденің томарына аяғын тіреп тұр екен.
– Көке, ассалаумағалейкүм! Қалайсыз?
– Уәлейкүмсалам...
– Көке, тыныштық па? Үйге кірсеңізші.
– Жоқ, кірмеймін... Әй, Әлиакбар, сен маған мынаны айтшы. Тек ашығын айт. Менің ағайындықтан мінім бар ма? Туысқандықтан мінім бар ма?
– Жоқ, көке. Ол не дегеніңіз? Қайдағы мін?
– Олай болса, кеше біздің атқа неге мінбедің?
– Ой, көке, менің сізге деген құрметім ерекше ғой. Айыпқа бұйырмаңыз. Реті келмеді. Басқа кісілерге бұрынырақ уәде беріп қойған едім. Бірақ сөзіңіз орынды. Енді алдағы көкпарларға атыңызды өзім апарып, өзім шауып, үйіңізге өзім әкеп тұратын боламын. Сіз үйде жеңешемнің қасында шай ішіп отыра беріңіз. Ал қазір, ішке кіріңіз. Дәм татыңыз, – деп, уәде беріп, дастарқанға шақырдым. Содан кейін әр көкпарда бірінші кезекте ауылдағы ағайынның атын мінетін болдым.
Бастау
Мен көкпарды 16 жасымда ауылдың бата көкпарынан бастаған адаммын. Мектепте оқитын кезім. Есімде, Мақталы дейтін ауылда өткен көкпарлардың бірінде серкені мәреге бір-екі метр жетпей түсіріп алдым. Сонда Төлеш көкем тойбасшыға барып: «Ошантай ақсақал, болдырыңыз. Жаңадан көрініп келе жатқан жас пері еді. Меселі қайтпасын, тауы шағылмасын», деп, айтып жүріп болдыртты. Мұны қалай ұмытайын!? Міне, сөйтіп, намысқа тырысып, шауып жүрдік. Салым салсақ, жүрегіміз жарыла қуанамыз. Салым ол кезде – бет сүртер бір шаршы немесе бір жұп кебіс қой. Бірақ маңыздысы ол емес, маңыздысы – намыс еді. Үлкендердің сенімін ақтау, оларды ұятқа қалдырмау.
Мектепті бітірген соң, үлкен көкпарға белсене қатыса бастадым. Ең бірінші аламан көкпар есімде. 1975 жылы Өзбекстанның Фариш деген ауданының Кәттәқорған деген жерінде үлкен көкпар болды. Сол тойда Жасұзақ шабандоз бір салым салды, мен екі салым салдым. Біріншісін өз атыммен, екіншісін бір тәжіктің атымен. Ең алғашқы салымдарым: бір ешкі мен тігін машинасы. Сонда әнтек қуанып, үйге келіп, әкем мен анамды қуантқаным бар. Бірақ әкем мені мақтамайтын: «Сені мен емес, ел мақтасын!», дейтін. Қайта: «Ана жерде неге айырылып қалдың, мына жерде тағы айырылып қалдың, қызталақ. Атты бекерге зорықтырып жүрсің», деп намысымды қайрайтын. Қазір ойлап отырсам, соның барлығы тәрбие екен.
Әке сұсы
1977 жылы алғи Өмірзақ деген кісі үлкен көкпар берді. Сол көкпардың додасында қарсы келген ат, кеудесімен соғып, аяғымды қайырып жіберді. Тізем шығып кетті. Додадан шығып, әупірімдеп аттан түстім. Үлкендер сүйемелдеп, машинаға апарып отырғызды. Бір уақытта әкем келді. Қасында тама көбек Таңат деген ақсақал бар. Аттан түсті. Түсі суық.
– Неге отырсың?
– Көке, жаңа додада бір ат аяғымды қайырып кетті. Тізем шығып кетті-ау деймін. Қатты ауырып жатыр, – деп, ісе бастаған тіземді көрсеттім. Әкем тіземді ұстап, сипалап көрді де, жау алмайтынын білді ме, қалай:
– Шаппасаң шаппа, мына Таңат атаңның көкжалына мін! Көкпарды аттың үстінде тамашала. Отырма бұлай! – деді.
– Көке, ауырады ғой...
– Е, аяғыңның... Мін, деген соң мін!
Көкпардың ақыры болып қалған. Баруы бір тай, қайтуы түйе. Ішімнен әкемнің мұншалықты қаталдығына ызаланып, оны түсінбей, тістеніп, атқа міндім де, арғы мәреге қарай аяңдадым. Бір кезде арғы мәреден бір жігіт, додадан еңкейіп, көкпарды көтере-мөтере шықта да тура маған қарай айдаса бола ма?! Өзі келіп ұрынды! «Іздегенге сұраған» дегендей, аяғымның ауырғаны жайына қалды. Жата-жармасып, көкпарды құшақтап, жұлып алдым да, шыққан аяғымның тақымына басып, атты қамшылап, бергі мәреге тарттым. Айтбозым Құдайберген көкпарға жабысып алған. Ажырамайды. Тастай алмаймын ғой жаңағы. Микрофонда алғи Айнабек: «Таста! Таста! Қалаған жеріңе таста!», деп айқайлайды екен. Мен оны естімеймін. Мәрені қанша айналғаным есімде жоқ. Ақырғы салым, жұрттар жабылып жатыр. Әйтеуір, Алланың қолдауымен, бір уақытта дәл мәренің үстіне келіп, көкпарды тастадым. Сол көкпарда әкемнің маған ерекше риза болып, көңілі толып, мейіріммен қарағаны әлі көз алдымда. Ал аяқ не болды десейші?! Аяқ бүгіліп қалған. Жазылмайды. Ісіп кеткен. Ет қызумен білмегем. Негізі сынғаннан шыққан жаман ғой. Жаныңды көзіңе көрсетеді. Ойбайлап кетесің. Содан аттан әзер дегенде түстім.
Аңыз көкпар
Талай үлкен көкпарларға – екі күндік, үш күндік тойларға қатысып, бұйырғанын салып жүрдік. 1991 жылы ерте көктемде мына Арнасайға жақын маңда Кемал қажы екі күндік дәу көкпар берді. Үш жүздің басы қосылды. Қара құрым халық. Ат санында есеп жоқ. Сол көкпардың алдында ғана жеңешең екеуміз бір тойға барып келгенбіз. Шаршаумын, ұйқы қанбаған. Маза жоқ. Қабақ қатулы. Бірінші күні үш-ақ рет салдым. Дәу көкпарда үш-төрт рет салғанды місе тұтпайтын кезіміз ғой. Көңілім түсіп, қапа болдым. Содан кешке бір топ көкпаршылар Арнасайға келін болып түскен Гүлмира деген немере қарындасымның үйіне сау етіп, кіріп бардық. Қасымда Темірхан, Мұхтархан секілді інілерім әрі шәкірттерім.
– Әй, көке, бүгін салмасаңыз, ертең саласыз. Ештеңе етпейді. Ілінбей кететіндер де бар ғой, – деп мені жұбатып жатыр. Мен:
– Бүгін ешқандай салым салғаным жоқ, – деп тамаққа да зауқым болмай, ешкіммен сөйлескім де келмей, басқа бөлмеге барып, жатып қалдым.
Бәрін айт та бірін айт, сол көкпардан көңілім сәл де болса жайланып қайттым. Ертеңіне 12 рет салыппын...
Көкпарға қиянат жасалмасын!
Көкпардың қазандық енгізілген түріне мүлдем қарсымын. Бұл тарихта болмаған нәрсе. Әйтпесе, шалдардан еститін едік қой. Шабандоздар мен аттарға қарсы жасалған бұдан өткен қиянат бола ма?! Қарап тұрсаң, сол қазандыққа соғылып, барлығы құлап жатады: ат та, адам да. Сол бізге керек пе? Сол бізге қызық па? Қызығатын түгі жоқ. Бұл аттың да, адамның да соры. Ренжитіндер ренжи берсін. Жаңашылдықты да, жаңа ережені де абайлап, жөнімен енгізу қажет. Оны ел қолдауы керек. Ал шеңберді, яғни командалық көкпарды қолдаймын. Оған кезінде өзім де қатыстым. Қазір, құдайға шүкір, елімізде мұндай көкпардың ережесі бекітілген. Бұл дұрыс қадам. Өйткені көкпар – нағыз спорт. Намысты қозғайтын, дәстүрді жаңғыртатын ұлттық спорт. Оны заман ағымына сай, жақсы жағына қарай дамытып, түрлендіріп отыру заңды. Ал енді қазандық дегенге енді қайтып оралмаймыз деген үміттемін.
Экспресс-көкпар қашан тоқтайды?
Қазір көкпарлардың уақыты ұзаққа созылмайтын болып барады. Бір сызықтың бойымен барып-келіп, салып жатады. Біреуі еңкейіп алса, қалғандары арғы мәрені іздеп кете барады. Оу, сонда тартыс қайда қалды?! Бұрынғыдай бір орында сіресіп, жанартау секілді түтіні шығып жататын көкпарлар қазір кемде-кем. Жұртқа соны көрудің өзі не тұрады?! Біздің федерацияда Бәкір деген азамат жұмыс істейді. Оның өткізетін көкпарына кейбір «Менмін» дейтін шабандоздар қатыспайды. Неге? Өйткені ол өз көкпарында айналдырмайды, байлатпайды, жетектетпейді. Аттардың саны 100 болса да, 1000 болса да, осы талап сақталады. Осы үшін қаншама ұрыс-жанжал туындаса да, көкпарды таза, әділ өткізуге күш салып келеді. Мен мұны қолдаймын. Қазір осы дәстүрді шамамыз келгенше өз күшімізбен жаңғыртып жатқан жайымыз бар.
Әңгімелескен
Жаппаберген АЙБОТА