Ұлттық спорт • 10 Қараша, 2022

Көкпар – тектілігіміздің сипаты

472 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қазіргі көкпарларда бұрынғыдай шын тартыстың болмай­тындығы, шабандоздардың алдын ала келісіп алатыны сол үшін де доданың тез тарқап кететіндігі жиі сөз болады. Көкпарда бай-бағландардың ықпалы үлкен екендігі де алға тартылады. Әрине, нағыз шабандозды анықтап беретін бірегей сынақ –дәстүрлі көкпар екені сөзсіз. Осы орайда кезекті көкпар маусымының қарсаңында қалың жұртшылыққа ой салар деген ниетпен атақты шабандоз, Түркістан облысы, Мақтаарал ауданының құрметті азаматы әрі аудандық көкпар федерациясының төрағасы Әлиакбар Үсіпбеков ағамызды әңгімеге тарқан едік.

Көкпар – тектілігіміздің сипаты

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Менің ұстазым – ауыл ақсақалдары

Биыл міне, 64-ке шықтым. Өкінерім жоқ. Мақтанарым көп. Менің темір тақым Әлиакбар бо­лып қалыптасқаным – ұстаз­дарымның арқасы. Олар – ауыл­дың көнекөз, дуалы ауыз Амангелді, Бақы, Керімқұл, Жандар, Байзақ, Бекзат, Қо­жымбет, Көбей, Сапарбек, Қалау ата­ларым. Әрине, арасында әкем Бекжан да бар. Солардың тәр­биесін көріп өстім. Соңымнан ерген шәкірттерімнің де қарасы қалың – Бақыт, Нақып, Темірхан, Мұхтархан, Мақсат, Тайыр, Ес­кендір. Немере інілерім – Бақ­тияр, Дәурен, Жәнібек, Асқар, Жантай. Ұлым – Бекболат.

Жұрт бізді: «Жеті қарақшы» деп атап кеткен. Қарақшылық қылған түгіміз жоқ. Мақсатымыз – осы өнерге адал болу. Ауылдың, қала берді елдің намысын жырту. Ұлттық өнерді өскелең ұрпақтың бойына сіңіру.

Аталарымнан басқа Төлеш, Сатан, Берікбай, Байзақ, Әб­самат, Базар, Қасамбай, Жек­сем­бай, Қалыбай секілді аға­ла­рымның тәрбиесін көр­дім. Адам­гершілікті, ағайынгер­ші­лікті бағалауды үйрендім. Ағайынды рен­жітіп алудан оңай нәрсе жоқ екенін түсіндім. Бір күні көк­пардан келіп, демалып жатсам, жеңешең келіп оятады:

– Директор қайынаға келіп тұр.

– Қай директор?

– Мектеп директоры.

– Үйге кірсін

– Кірмеймін, дейді.

Апұл-ғұпыл киініп, аң-таң болып, сыртқы шықтым. Есік алдында жиденің томарына аяғын тіреп тұр екен.

– Көке, ассалаумағалейкүм! Қалайсыз?

– Уәлейкүмсалам...

– Көке, тыныштық па? Үйге кірсеңізші.

– Жоқ, кірмеймін... Әй, Әлиак­бар, сен маған мынаны айтшы. Тек ашығын айт. Менің ағайын­дықтан мінім бар ма? Туыс­қан­дықтан мінім бар ма?

– Жоқ, көке. Ол не дегеніңіз? Қайдағы мін?

– Олай болса, кеше біздің атқа неге мінбедің?

– Ой, көке, менің сізге деген құрметім ерекше ғой. Айыпқа бұйырмаңыз. Реті келмеді. Бас­қа кісілерге бұрынырақ уәде беріп қойған едім. Бірақ сө­зі­ңіз орынды. Енді алдағы көк­парларға атыңызды өзім апарып, өзім шауып, үйіңізге өзім әкеп тұратын боламын. Сіз үйде жеңешемнің қасында шай ішіп отыра беріңіз. Ал қазір, ішке кіріңіз. Дәм та­ты­ңыз, – деп, уәде беріп, дас­тарқанға шақырдым. Содан кейін әр көкпарда бірінші кезекте ауылдағы ағайынның атын мінетін болдым.

Бастау

Мен көкпарды 16 жасымда ауылдың бата көкпарынан бастаған адаммын. Мектепте оқитын кезім. Есімде, Мақ­талы дейтін ауылда өткен көкпар­лардың бірінде серкені мәреге бір-екі метр жетпей түсіріп ал­дым. Сонда Төлеш көкем той­басшыға барып: «Ошантай ақ­сақал, болдырыңыз. Жаңадан кө­рініп келе жатқан жас пері еді. Меселі қайтпасын, тауы ша­ғылмасын», деп, айтып жүріп болдыртты. Мұны қалай ұмытайын!? Міне, сөйтіп, намысқа тырысып, шауып жүрдік. Салым салсақ, жүрегіміз жарыла қуанамыз. Салым ол кезде – бет сүртер бір шаршы немесе бір жұп кебіс қой. Бірақ маңыздысы ол емес, маңыздысы – намыс еді. Үлкендердің сенімін ақтау, оларды ұятқа қалдырмау.

Мектепті бітірген соң, үлкен көкпарға белсене қатыса бастадым. Ең бірінші аламан көк­пар есімде. 1975 жылы Өзбек­станның Фариш деген ауда­нының Кәттәқорған деген же­рінде үлкен көкпар болды. Сол тойда Жасұзақ шабандоз бір салым салды, мен екі салым салдым. Біріншісін өз атыммен, екіншісін бір тәжіктің атымен. Ең алғашқы салымдарым: бір ешкі мен тігін машинасы. Сонда әнтек қуанып, үйге келіп, әкем мен анамды қуант­қаным бар. Бірақ әкем мені мақ­тамайтын: «Сені мен емес, ел мақтасын!», дейтін. Қайта: «Ана жерде неге айырылып қалдың, мына жерде тағы айырылып қалдың, қызталақ. Атты бекерге зо­рықтырып жүрсің», деп намысымды қайрайтын. Қазір ойлап отырсам, соның барлығы тәрбие екен.

Әке сұсы

1977 жылы алғи Өмірзақ деген кісі үлкен көкпар берді. Сол көк­пардың додасында қарсы келген ат, кеудесімен соғып, ая­ғымды қайырып жіберді. Тізем шығып кетті. Додадан шығып, әу­пірімдеп аттан түстім. Үлкен­дер сүйемелдеп, машинаға апарып отырғызды. Бір уақытта әкем келді. Қасында тама көбек Таңат деген ақсақал бар. Аттан түсті. Түсі суық.

– Неге отырсың?

– Көке, жаңа додада бір ат аяғымды қайырып кетті. Тізем шығып кетті-ау деймін. Қатты ауы­рып жатыр, – деп, ісе бастаған тіземді көрсеттім. Әкем тіземді ұстап, сипалап көрді де, жау алмайтынын білді ме, қалай:

– Шаппасаң шаппа, мына Таңат атаңның көкжалына мін! Көкпарды аттың үстінде тамашала. Отырма бұлай! – деді.

– Көке, ауырады ғой...

– Е, аяғыңның... Мін, деген соң мін!

Көкпардың ақыры болып қалған. Баруы бір тай, қай­туы түйе. Ішімнен әкемнің мұнша­лықты қаталдығына ызаланып, оны түсінбей, тістеніп, атқа мін­дім де, арғы мәреге қарай аяң­дадым. Бір кезде арғы мәреден бір жігіт, додадан еңкейіп, көкпарды кө­тере-мөтере шықта да тура ма­ған қарай айдаса бола ма?! Өзі келіп ұрынды! «Іздегенге сұ­ра­ған» дегендей, аяғымның ауырғаны жайына қалды. Жата-жар­масып, көкпарды құшақтап, жұлып алдым да, шыққан аяғым­ның тақымына басып, атты қам­шылап, бергі мәреге тарттым. Айтбозым Құдайберген көкпарға жабысып алған. Ажырамайды. Тастай алмаймын ғой жаңағы. Микрофонда алғи Айнабек: «Таста! Таста! Қалаған жеріңе тас­та!», деп айқайлайды екен. Мен оны естімеймін. Мәрені қанша айналғаным есімде жоқ. Ақырғы салым, жұрттар жабылып жатыр. Әйтеуір, Алланың қолдауымен, бір уақытта дәл мәренің үстіне келіп, көкпарды тастадым. Сол көкпарда әкемнің маған ерекше риза болып, көңілі толып, мейіріммен қарағаны әлі көз алдымда. Ал аяқ не болды десейші?! Аяқ бүгіліп қалған. Жазылмайды. Ісіп кеткен. Ет қызумен білмегем. Негізі сынғаннан шыққан жаман ғой. Жаныңды көзіңе көрсетеді. Ойбайлап кетесің. Содан аттан әзер дегенде түстім.

Аңыз көкпар

Талай үлкен көкпарларға – екі күндік, үш күндік тойларға қа­тысып, бұйырғанын салып жүрдік. 1991 жылы ерте көктемде мына Арнасайға жақын маңда Кемал қажы екі күндік дәу көкпар берді. Үш жүздің басы қосылды. Қара құрым халық. Ат санында есеп жоқ. Сол көкпардың алдында ғана жеңешең екеуміз бір тойға барып келгенбіз. Шаршаумын, ұйқы қанбаған. Маза жоқ. Қабақ қатулы. Бірінші күні үш-ақ рет салдым. Дәу көкпарда үш-төрт рет салғанды місе тұтпайтын ке­зіміз ғой. Көңілім түсіп, қапа болдым. Содан кешке бір топ көк­паршылар Арнасайға келін бо­лып түскен Гүлмира деген немере қарындасымның үйіне сау етіп, кіріп бардық. Қасымда Темір­хан, Мұхтархан секілді іні­лерім әрі шәкірттерім.

– Әй, көке, бүгін салмасаңыз, ертең саласыз. Ештеңе етпейді. Ілін­бей кететіндер де бар ғой, – деп мені жұбатып жатыр. Мен:

– Бүгін ешқандай салым салғаным жоқ, – деп тамаққа да зауқым болмай, ешкіммен сөй­лес­кім де келмей, басқа бөлмеге барып, жатып қалдым.

Бәрін айт та бірін айт, сол көкпардан көңілім сәл де болса жайланып қайттым. Ертеңіне 12 рет салыппын...

Көкпарға қиянат жасалмасын!

Көкпардың қазандық енгі­зілген түріне мүлдем қарсымын. Бұл тарихта болмаған нәрсе. Әйт­песе, шалдардан еститін едік қой. Шабандоздар мен аттарға қарсы жасалған бұдан өткен қиянат бола ма?! Қарап тұрсаң, сол қазандыққа соғылып, барлығы құлап жатады: ат та, адам да. Сол бізге керек пе? Сол бізге қы­­зық па? Қызығатын түгі жоқ. Бұл аттың да, адамның да соры. Ренжитіндер ренжи бер­сін. Жаңашылдықты да, жаңа ережені де абайлап, жө­ні­мен енгізу қажет. Оны ел қол­дауы керек. Ал шеңберді, яғни командалық көкпарды қол­даймын. Оған кезінде өзім де қатыстым. Қазір, құдайға шүкір, елімізде мұндай көкпардың ере­жесі бекітілген. Бұл дұрыс қадам. Өйткені көкпар – нағыз спорт. Намысты қозғайтын, дәс­­түрді жаңғыртатын ұлттық спорт. Оны заман ағымына сай, жақ­­сы жағына қарай дамытып, түрлендіріп отыру заңды. Ал енді қазандық дегенге енді қайтып оралмаймыз деген үміттемін.

Экспресс-көкпар қашан тоқтайды?

Қазір көкпарлардың уақыты ұзаққа созылмайтын болып барады. Бір сызықтың бойымен барып-келіп, салып жатады. Біреуі еңкейіп алса, қалғандары арғы мәрені іздеп кете барады. Оу, сонда тартыс қайда қал­ды?! Бұрынғыдай бір орында сіресіп, жанартау секілді тү­тіні шығып жататын көкпарлар қазір кемде-кем. Жұртқа соны кө­рудің өзі не тұрады?! Біздің феде­рацияда Бәкір деген азамат жұмыс істейді. Оның өт­кізетін көкпарына кейбір «Менмін» дейтін шабандоздар қа­тыспайды. Неге? Өйткені ол өз көкпарында ай­налдырмайды, байлатпайды, жетектетпейді. Аттардың саны 100 болса да, 1000 болса да, осы талап сақ­та­лады. Осы үшін қаншама ұрыс-жанжал туындаса да, көк­парды таза, әділ өткізуге күш салып келеді. Мен мұны қолдаймын. Қазір осы дәс­түр­ді шамамыз келгенше өз кү­ші­мізбен жаңғыртып жатқан жайы­мыз бар.

 

Әңгімелескен

Жаппаберген АЙБОТА