Медицина • 10 Қараша, 2022

Тұмаудың алдын алуды құнттаған жөн

390 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Күн суытқалы бері адамда әлсіздік пен дене қызуының көтерілуі, жалпы тұмаурату жиілейтінін жақсы білеміз. Бұл ретте Орталық коммуникациялар қызметі алаңында тұмаудың алдын алу шаралары туралы жан-жақты мағлұмат берілді.

Тұмаудың алдын алуды құнттаған жөн

Бүгінде республика бойынша 1 806 710 адам немесе халықтың 9,5%-ы тұмауға қар­­сы екпе салдырды. Оның ішінде 97,3%-ы – жергілікті бюд­жет қаражатынан, 1,6%-ы – жұмыс берушілер есебінен жә­не 1,1%-ы – ақылы негізде. Вак­цина ал­ғандардың арасында 14 жас­қа дейінгі балалар – 392 076 (21,2%), ересектер – 1 423 287 (78,8%). Вак­циналаудан кейінгі асқы­нулар тіркелмеген.

Брифингте ДСМ Санитар­лық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің Жұқпалы аурулар­ды эпидемиологиялық қада­ғалау басқармасының басшысы Роза Қожапова ағымдағы эпидемиялық маусымда Қазақ­станда тұмау вирусының екі штамының – А (H3N2) және В айналымы анықталғанын және олардың вакцина құрамына енгізілгенін хабарлады.

Оның айтуынша, елімізде ЖРВИ мен тұмау ауруларының мониторингі жыл сайын 1 қа­заннан 30 сәуірге дейін жү­зеге асырылса, биылғы эпиде­миялық маусым бастал­ғаннан бері ЖРВИ-дің 764 247 жағдайы тіркелген. Тұмаудың зертханалық расталған 521 жағ­дайы тіркелді. Тұмаумен ауыр­ғандардың ең көп саны Қы­зылорда облысында тіркелді – 128 жағдай. Жетісу облысында – 84, Ақтөбе облысында – 69, Алматыда – 60, Қарағанды облысында – 41, Астанада – 38, Ақмола облысында – 26, Қостанай облысында – 15, Жамбыл облысында – 19, Маңғыстау облысында – 13, Павлодар мен Атырауда – 7 жағдай, Батыс Қазақстанда – 6, Солтүстік Қазақстанда – 4, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында 2 жағдай, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында – 179, жүкті әйелдер арасында – 106.

Сондай-ақ спикер Қазақстанда тұмаудан басқа вирустар да таралып жатқанын атап өтті.

– Тұмаудан басқа инфек­ция­ларға 1 202 сынама зерттел­ді, оның ішінде 254 сынама (21,1%) оң нәтиже берді. Ри­новирустың – 93, РС виру­сы­ның – 77, парагриптің – 31, ко­ро­навирустың – 20, адено­ви­рус­тың – 17, бока­вирустың – 10, метап­невмо­вирустың 6 жағ­­дайы тіркелді, – деді эпи­де­миологиялық қадағалау бас­қармасының басшысы.

Аурудың алдын алудың ең тиімді әдісі вакциналау екенін атап өткен Р.Қожапова биыл бюджет қаражатына Ресей өндірген «ГРИППОЛ+» вакцинасының 2,3 млн дозасы сатып алынғанын және бұл ДДҰ ұсынысына сәйкес халықтың 12%-ын қамтуға мүмкіндік беретінін айтты.

– Халықтың ең осал топтары мемлекеттік бюджет есебінен вакцина алады. Олар – медицина қызметкерлері; медициналық ұйымдарда диспансерлік есепте тұрған балалар, жетім балалар мен ата-анасының қамқор­лығынсыз қалған балалар, балалар үйлеріне арналған білім беру ұйымдарының балалары, эпидемиялық көрсеткіш бойынша нұсқау алған азаматтар, – деді Р.Қожапова.

Оның айтуынша, тұмау кенеттен басталып, температураның күрт көтерілуімен бірге жүреді. Яғни дененің айқын интоксикациясы, сондай-ақ қалтырау, адинамия, бұлшық ет және бас ауруы, бүкіл денеде ауырсыну, төс сүйегінің артындағы ауырсынумен құрғақ жөтел пайда болады. Аурудың алдын алу үшін адамдар көп жиналатын жерлерге баруды шектеу, үй-жайларды үнемі желдету, антисептиктерді қолдана отырып дезинфекциялық режімді күшейту, науқас адамдармен байланысын шектеу, оларды оқшаулауды қамтамасыз ету сынды қарапайым алдын алу шараларын сақтау ұсынылды. Бүгінде науқастардың 80 пайы­зы балалар екенін ескерсек, тұмау мен ЖРВИ белгілері пайда болған кезде балаларды үйде қалдырып, мектепке дейінгі ұйымдар мен мектептерге жібермеу керек.

– Пандемия кезеңінде бар­лық білім беру ұйымында бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің талаптарына сәйкес онлайн режімде оқыту мүмкіндігі қарастырылғандықтан, бір ин­кубациялық кезеңде бір сынып­тағы балалардың 20-30 пайызы ЖРВИ-мен ауырған жағдайда кабинеттік оқыту жүйесіне көшіп, балаларды басқа сыныптарға кіргізбеу ұсынылады. Егер сыныпта бір инкубациялық кезеңде 30 пайыз немесе одан артық бала ауырса, оқыту онлайн форматқа ауыстырылады, – деді спикер.

Вирустармен сырқаттанған­дардың ішінде 60 жастан асқандар және жүкті әйелдер қауіпті топқа жатады. Бұл жөнінде «Астана медицина университеті» КеАҚ клиникалық жұмыс жөніндегі проректоры Бақыт Көшерова айтып берді.

– Ауру орташа ауыр өткен жағдайда интоксикация белгілері артады. Температура 38 градус­тан жоғары, әлсіздік, бұлшық ет ауруы, құрғақ жөтел, тыныс алудың қиындау белгілері пайда болады. Бұл жағдайда медициналық көмекке жүгіну керек. Өздігінен қабылдауға болатын дәрі – қызуды түсіретін перепараттар. Қалған емді дәрігер дайындауға тиіс, – деді Б.Көшерова.