Ғылым • 11 Қараша, 2022

Жол құрылысындағы ғылымның рөлі

492 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жолдардың құрылысы мен жөндеу жұмыстары құны­ның 0,5 пайызын ғылымды дамытуға бағыттау керек. Са­ла мамандары осындай пі­кір­ді алға тартып отыр. Бұл туралы Алматыда авто­мобиль жолдарын күтіп ұс­тау мен жөндеу барысында инновациялық технологияларды енгізу және қолдану мәселелері бойынша жол саласының мамандарына арналған екінші салалық семинарда айтылды.

Жол құрылысындағы ғылымның рөлі

Қазақстан жол ғылыми-зерт­теу институтының президенті Арман Әлібаева Мемлекет бас­шысы халыққа арнаған Жол­дауында Индустрия және инфра­құрылымдық даму министрлігіне еліміздегі автомобиль жолда­рының сапасын арттыру бойынша ауқымды міндеттер жүктегенін атап өтті. Осыған байланысты жол саласында қызмет етіп жүрген отандық ғалымдарға жаңа технологияларды әзірлеу, сонымен бірге инновациялық материалдарды, автожолдар мен көпірлерді жөндеу, олардың құрылысы және жобалау әдістерін трансферттеу, сынақтан өткізу және жүйелеу жөніндегі жұмысты күшейту тапсырылды.

– Жолдардың сапасы көбінесе құрылыс материалдарына байланысты болады. Сондықтан Қазақстан жол ғылыми-зерт­теу инс­титуты жаңа технология­лар мен жол-құрылыс материал­дарының бірыңғай базасын әзірлеуде. Оған карьерлер­ден алынған сынамаларды зерт­ханалық зерттеу және тәжі­рибелік учаскелерде жаңа технологияларды сынамалау нәти­желерін енгізу жоспарланып отыр. Карьерлердің географиялық ақпараттық жүйе картасы, олардың қорларының сапалық және сандық көрсет­кіштері бар жол-құрылыс мате­риалдарының тізілімі, сон­дай-ақ оларды елдің белгілі бір климаттық аймақтарында қолдану жөніндегі ұсыныстары бар жаңа технология­лар рейтингі қалыптастырылатын болады, – дейді А.Әлібаева.

Сондай-ақ ол жолдардың құры­лысы және жөндеу жұмыс­тары бойынша жобалық-сме­талық құ­жаттама әзірлеу кезінде жобалау ұйымдары тек бірыңғай базаға енгізілген жол-құрылыс материалдары мен технологияларын ғана пайдалануға міндетті екенін айтты.

– Қазір жобаларға ғылыми сараптама жүргізуге және жол саласы ғылымын дамытуға құрылыс-монтаждау жұмыстарының құ­нынан 0,5 пайыз бөлу мәселесі зерделенуде. Осылайша, жобалар мен құрылыс нысандарында жаңа технологиялардың қолданылуы бақылауда болады, – деді ол.

Тақырыптық семинар барысында асфальтты, цементбетон жабындарын жөндеу, қалпына келтіру және қайта өңдеудің жаңа технологиялары мен әдістері­нің кең ауқымы қамтылды. Спи­­ке­рлер автомобиль жолдарын күтіп ұстау және жөндеу са­ласындағы инновациялық әзір­ле­мелер және оларды тәжірибе барысында қолдану туралы айтып берді. Қатысушылардың назарына плиталардың шөгуі мен сынықтарды жөндеу, жабынның деформациялық тігістерді герметизациялауды қалпына келтіру, жол таңбаларының сақталуын қамтамасыз ету, сондай-ақ көк­тай­ғақ туралы алдын ала хабарлау жүйесі, икемді бетон төсеніштерін қолдана отырып, жолдар мен көпірлердің беткейлерін нығайту техникасы ұсынылды.

Мұндай форматтағы семинарларды Қазақстанның барлық өңірінде өткізу жоспарланып отыр.