Қоғам • 11 Қараша, 2022

Екі айда – екі үшем

1715 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл Атырауда өмірге келген екі үшем тіркеліп отыр. Алғашқы үшем қыркүйекте, екіншісі қарашада жарық дүние есігін ашты.

Екі айда – екі үшем

Облыстық перинаталдық ор­та­­­лықта 6 қыркүйекте Аянгүл Сә­би­това үш ұлды өмірге әкелді. Сә­билердің екеуінің салмағы 1800, ал үшін­шісінің салмағы 2200 гр бол­ған. Әкесі мен шешесі жаңа туған сәбилерге Ахмад, Батырхан, Исмаил есімін берген.

– Бұрын менің де, әйелім Аян­гүл­дің де отбасында үшем өмір­ге келмеген. Біз үшем дүниеге ке­ле­тінін алғаш естігенде, әрине, қуа­нышымызда шек болмады. Бұл – құдіреті күшті Алланың бізге берген үлкен сыйы, – дейді үш ұлдың әкесі Есет Құмар.

Енді міне, 8 қарашада Атырау қалалық перзентханасында тағы бір үшем өмірге келді. Енді Мұрат Сұл­тановтың отбасы екі қыз, бір ұлмен толығып отыр. Екі қыздың салмағы – 1750, 1630, ұлдың салмағы – 1960 гр.

– Біздің әулетте үшем де, егіз де болған. Менің атам Берішқали жүргізуші, әжем Нұрсұлу зауытта аспаз болып жұмыс істеген. Әкем – отбасындағы үлкен бала. Әжем Нұр­сұлу төрт баладан соң 54 жыл бұрын үшемді – екі ұл, бір қызды босанған екен. Үшемнің сыңары болған ағайымның бірінің қызында егіз бар. Енді міне, дәл сондай қуанышқа біз де кенеліп отырмыз. Әйелім Альбина екеуміз 2020 жылы отбасын құрған едік, – дейді үшемнің әкесі Мұрат Сұлтанов.

Оның да, әйелінің де маман­дығы – педагог. Өзі 2020 жылы Х.Дос­­мұхамедов атындағы Аты­рау университетін алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі маманды­ғымен бітірген. Алматы қаласындағы жоғары оқу орнын бітірген әйелі – денешынықтыру пәнінің мұғалімі. Қазір Мұрат Сұлтанов Атырау қала­сындағы №38 мектеп-лицейде, әйелі Альбина №33 орта мектепте таң­даған мамандығымен жұмыс іс­тейді.

 

Атырау облысы