Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыповтың жетекшілігімен өткен палатаның кешегі жалпы отырысында депутаттар назарына мүлікті жария етуге байланысты рақымшылық жасау, сақтандыру мен исламдық қаржыландыру, денешынықтыру, сонымен қатар, мұнай және мұнай өнімдерін жеткізудің заңдық құжаттары ұсынылды.
Алдымен палата Мәжіліс депутаты Ә.Рахымжановты Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің құрамына сайлау мәселесін шешіп алды. Содан соң бастамашысы Д.Назарбаева мен Н.Кузьмин болып табылатын «Қайырымдылық, демеушілік және меценаттық қызмет туралы» және оған ілеспе заң жобаларына қорытынды әзірлеу мерзімін белгіледі. Қорытынды әзірлеу үшін «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта құру және даму банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді (Сот төрелігінің секторын институттық нығайту жобасы) ратификациялау туралы» заң жобасына да нақты мерзім белгіленді. Және де Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Гүлжан Қарақұсованың ұсынысымен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инвестициялық ахуалды жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы күн тәртібіне енгізіліп, қорытынды әзірленетін болып шешілді.
Бұдан кейін депутаттар «Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар тұлғаларға олардың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау туралы» заң жобасын бірінші оқылымда талқыға салды. Ол бойынша Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов баяндама жасады. Оның мәлімдеуінше, аталған заңдық құжатты Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әзірлеген. Вице-премьер жария ету нысандарына ақша, бағалы қағаздар мен заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесі жататындығын ерекше атап кетті. Бұл тізімге тиісті нормалар мен қағидаттарға сай құрылыстар (ғимараттар) енгізілсе, олар орналасқан жер учаскелері жария ету субъектілерінің меншігінде болуы тиіс. Және де заңдық құжатта тиесілі емес тұлғаға ресімделген құрылыстар (ғимараттар) мен Қазақстан Республикасының шегiнен тыс орналасқан жылжымайтын мүліктер де енгізіліпті.
Сөз орайы келгенде, жария етуге жекелеген қылмыстарды жасау нәтижесінде табылған мүлік жатқызылмайтынын айта кету керек. Оған жеке адамға қарсы, адамның және азаматтың конституциялық және өзге құқықтары мен бостандықтарына, конституциялық құрылыс негiздерi мен мемлекет қауiпсiздiгiне, сондай-ақ, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар мен қылмыстарды, мемлекеттiк қызмет мүдделерiне қарсы өзге де қылмыстарды жасау нәтижесінде алған мүліктер кіріп отыр. Жария етілген ақша мен мүлік салық салу мақсатында табыс ретінде танылмайды және олардан жеке табыс салығы алынбайды.
Жария етудің ұсынылып отырған рәсімі бойынша ақша екiншi деңгейлi банктерде ашылған арнайы жинақ шоттарында есептелуі қажеттігін алға тартқан Б.Сұлтанов ақшаны бес жыл ішінде банктердің есепшоттарында ұсталатын ақшаға нарық мөлшерлемелері бойынша сыйлықақы есептелетінін де ескерте кетті. Ал ақшаны иесі белгіленген мерзімінен бұрын пайдаланғысы келсе, оны мемлекеттік бағалы қағаздарды, екiншi деңгейлі банктердiң, ұлттық басқарушы холдингтер мен компаниялардың, даму институттарының облигациялары мен «Халықтық IPO» бағдарламасының шеңберінде шығарылатын акцияларды, сондай-ақ, Қазақстан қор биржасында орналастыратын өзге де бағалы қағаздарды сатып алу жолымен инвестиция жасауларына болады немесе объектілерді сатып ала алады. Егер олай істегісі келмеген жағдайда сол ақшаның 10 пайызын бюджетке төлемақы ретінде төлеп, өз ырқына қарай жаратады.
Мүлiктi жария ету әкімдіктер жанындағы комиссияларға жария ету субъектілері жөніндегі өтініштер мен тиісті құжаттарды табыс ету жолымен жүргізіледі. Ал еліміз аумағының шегiнен тыс жерлердегi мүлiкті жария ету үшін 10 пайыз мөлшерінде алым төлеу қажет. Егер иесі бес жылдық мерзімі өткенге дейін арнайы шоттан жария етілген ақшаны алса, екінші деңгейлі банктер жария ету субъектісі ақшасынан 10 пайыз алым ұстап қалады. Жалпы, заң жобасы бойынша мүлiктi жария ету мерзiмi 2014 жылдың 1 қыркүйегі мен 2015 жылдың 31 желтоқсаны аралығы деп белгіленіп отыр. Талқылана келіп, екі заң жобасы да бірінші оқылымда қолдау тапты.
Кешегі отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру және исламдық қаржыландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы да (бірінші оқылым) мақұлданғанын айта кету керек. Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов заң жобасы қаржы секторын дағдарыстан кейінгі кезеңде дамыту тұжырымдамасын орындау үшін әзірленгендігін атап кетті. Сондай-ақ, күн тәртібінде қаралған «Денешынықтыру және спорт туралы» заң жобасы мен оған ілеспе заң жобасы да бірінші оқылымда мақұлданды. Заң жобасының мақсаты денешынықтыру мен спорт саласындағы заңнаманы жетілдіру, денешынықтыру мен спорттың тұрлаулы жүйесін құру. Заң жобасы спортшыларға еліміздің Мемлекеттік әнұранын білуді міндеттейтін, спорт түрлері бойынша спорттық іс-шараларды спортшылармен қамтамасыз етуге, даярлауға және қатысуға байланысты қызмет көрсетуге, оның ішінде мемлекеттік кәсіпорындарда мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы қолданбай спорттық іс-шараларды ұйымдастыруға және өткізуге рұқсат ететін нормалармен толықтырылыпты.
Сонымен бірге, талқылау барысында «2010 жылғы 9 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасына мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы да қолдау тапты. Хаттаманың мақсаты Қазақстан Республикасының 2012-2013 жылдардағы Ресей Федерациясына мұнайды қарсы жеткізу жөніндегі міндеттемелерін орындауды аяқтау, Павлодар мұнай-химия зауытын ресейлік мұнаймен қамтамасыз ету, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының ішкі нарығын тұтынуды жабуға қажетті көлемдерде Ресейде өндірілген жоғары октанды бензиндермен және авиакеросинмен үздіксіз қамтамасыз ету болып табылады.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».